«Қай мектеп қаншадан жинап жатыр?»
Осы сұрақ бұл күндері қала мектептерін бітіріп, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған біраз түлектің ата-анасын мазалап жүр деуге болады. Бұл сөзімізге әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан түрлі пікір дәлел бола алады. Тіпті, кей жерлерде бұл дау ушыға түскендей. Мәселе сол баяғы, «кім береді, кім бермейдіге» келіп тіреліп жатыр. Әрине, қандай ата-ана болсын, баласының өз қатарынан қалмағанын қалайды. Десек те, барлығының бірдей әлеуметтік мүмкіндігі көтере ме? Мүмкіндік демекші, ата-аналардың әлеуметтік желідегі пікірлерінен байқағанымыз – биыл әрбір түлек үшін әке-шешесі кем дегенде 100-150 мың теңгенің айналасында шығындалатын сияқты. Бес саусақ бірдей емес. Сондықтан жаппай ақша жинау науқанында мұндай соманы кейбір ата-ананың қалтасы көтермеуі мүмкін. Көпшілігі амалсыз «баланың көңілі үшін» деген намыспен несиеге ұрынады. Оның арты отбасылық жанжалдарға да ұласып жатады. Осы сөзімізді ұзақ жыл ұстаздық етіп, оның ішінде бірнеше жыл мектеп директоры болған Сәлима Оразованың пікірі дәлелдей түскендей болды. «Зейнетке шыққанға дейінгі соңғы жылдарда мектеп директоры болдым. Сонда байқағаным – жылда осындай уақытта түлектердің ата-аналары арасында түрлі түсініспеушілік пен араздық басталады. Оның бірден-бір себебі – ақша жинау мәселесі. Екі жақтың тартысы айналып келіп, мектеп басшылығына тіреледі. Біз не істей аламыз? Лажы болса, көл-көсір шығынға жол бермеуін сұраймыз. Бірақ бізді тыңдаған ата-ана көрген жоқпын. Кейбір жағдайы жоқ отбасыдан шыққан балалардың ата-анасы да амалсыз қаржы ұйымдарынан жоғары пайызбен несие алғанын, соның кесірінен отбасылық жанжал туып, арты ажырасуға дейін ұласқанына куә болғаным бар», – дейді зейнеткер ұстаз Сәлима Оразова.Алдын ала тапсырыс алып қойған тойханалар бар
Біз қалалық Білім басқармасына «биыл мектеп бітіруші түлектер арасында түрлі іс-шараға ақша жинау мәселесіне қатысты қандай да бір алдын алу шаралары жасалып жатыр ма?» деген сауал жолдаған едік. Біздің сауалға шаһардың біліміне жауапты мекеме «ондай жағдайға үзілді-кесілді жол бермейміз» деп отыр. «Алматы қаласы Білім басқармасы барлық білім беру ұйымында заңсыз қаражат жинауға тұрақты түрде тыйым салынған. Бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктейтін тиісті бұйрықтар шығарылып, ресми түрде хабарландырылған. Білім беру ұйымдарында алдын алу жұмыстары күшейтілді. Оқу жылының аяқталуы қарсаңында әлеуметтік желілерде мектептердегі бопсалау, оның ішінде бітіру кештері туралы хабарламалар түскен жағдайда және ақпарат расталған жағдайда басшыларды қызметінен босатуға дейін қажетті шаралар қабылданатын болады» деп жауап берді мегаполистегі мектептердің мәселесіне тікелей жауапты басқарма өкілдері. Білім басқармасы «барлығын қадағалап, алдын алып отырмыз» десе, қаладағы кейбір тойхана иелері мектеп бітіру кештеріне осы бастан тапсырыс алып қойғанын айтады. «Иә, бізде маусымның 16-17-і, екі күнге мектеппен қоштасу кештеріне тапсырыс бар. Ата-аналар келіп, тапсырыс беріп кетті. Тіпті, алдын ала «кепілдік» ретінде құнының бір бөлігін төлеп те қойды. Онымен қоса, сол күні арнайы бірнеше лимузин көліктерімен келетіндіктен, тойхана алды бос болып тұруын ескертіп кетті»,– дейді тойхананың атауы мен өз есімін айтпауды өтінген мейрамхана әкімшісі. «Өкінішке қарай, осы нәрсе бізде стереотип ретінде қалыптасып қалған сияқты. «Жамандықтың да бір жақсылығы бар» демекші, өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдардағы карантин шектеулері мұндай артық әрекеттерсіз-ақ көп нәрсені жасауға болатынын көрсетіп берді. Осыдан қоғам сабақ алуы керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Жалпы індет, одан бөлек, түрлі экономикалық қиындықты есепке алсақ, дәл қазір біздің елде халықтың әлеуметтік жағдайы мұндай даңғазалықты көтере алмайды дер едім», – дейді әлеуметтанушы Әсел Сәрсенова. Оқу жылы аяқталуға әлі де бір айдан аса уақыт бар. Әлеуметтанушы айтқандай, шынында мектеп бітіру кеші стереотиптік әдетке айналғаны ма? Рас болса, одан арылудың тағы қандай жолы бар?! Барлық міндетті Білім және ғылым министрлігі немесе жауапты басқа да ұйымдарға артып қоймай, қоғам болып күресуді талап етуіміз керек секілді. Ғалымдардың тәжірибесіне сенсек, кез келген қажет емес әдеттен арылтудың ең нәтижелі жолы саналы түрде бас тартуға күш салу. Себебі пандемияға дейін жылда маусымның 15-20-сы аралығында Алматы көшелерінде мектеп бітірушілер мінген түрлі лимузин шеруі өткенін талай рет көргенбіз. Сол кезде де қалалық Білім басқармасы, қала берді министрлікке дейін мұндай ысырап пен даңғазалыққа жол бермейміз деп уәде еткен. Бірақ тоқтаған «шеру», ойланған ата-ана болған жоқ.Алматы