Елімізде соңғы екі жылдағы COVID-19 індеті кезінде адамдар көп нәрседен тыйылды. Түрлі карантин шектеуі тұрғындардың жайбарақат өмірдегі кейбір аста-төк әрекеттеріне тоқтау салды десек те болады. Алайда «ескі әуенге» басатындар қайтадан бой көрсете бастады. Яғни, мектеп бітіру кеші үшін ақша жинау тағы басталды. Әсіресе, Алматы сияқты ірі қалада мектеп бітіру кештері тура бір бәсекенің көрігін қыздыратын алаңға айналып барады. Алматы қалалық Білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы оқу жылында мегаполистегі мектептерді барлығы 12 853 түлек бітіргелі отыр. Оның ішінде мемлекеттік мектептерді 11 593 түлек бітірсе, жекеменшік білім ошақтарынан 1 260 ұл-қыз түлеп ұшпақ.
«Қай мектеп қаншадан жинап жатыр?»
Осы сұрақ бұл күндері қала мектептерін бітіріп, үлкен өмірге жолдама алғалы отырған біраз түлектің ата-анасын мазалап жүр деуге болады. Бұл сөзімізге әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан түрлі пікір дәлел бола алады. Тіпті, кей жерлерде бұл дау ушыға түскендей. Мәселе сол баяғы, «кім береді, кім бермейдіге» келіп тіреліп жатыр. Әрине, қандай ата-ана болсын, баласының өз қатарынан қалмағанын қалайды. Десек те, барлығының бірдей әлеуметтік мүмкіндігі көтере ме? Мүмкіндік демекші, ата-аналардың әлеуметтік желідегі пікірлерінен байқағанымыз – биыл әрбір түлек үшін әке-шешесі кем дегенде 100-150 мың теңгенің айналасында шығындалатын сияқты. Бес саусақ бірдей емес. Сондықтан жаппай ақша жинау науқанында мұндай соманы кейбір ата-ананың қалтасы көтермеуі мүмкін. Көпшілігі амалсыз «баланың көңілі үшін» деген намыспен несиеге ұрынады. Оның арты отбасылық жанжалдарға да ұласып жатады. Осы сөзімізді ұзақ жыл ұстаздық етіп, оның ішінде бірнеше жыл мектеп директоры болған Сәлима Оразованың пікірі дәлелдей түскендей болды. «Зейнетке шыққанға дейінгі соңғы жылдарда мектеп директоры болдым. Сонда байқағаным – жылда осындай уақытта түлектердің ата-аналары арасында түрлі түсініспеушілік пен араздық басталады. Оның бірден-бір себебі – ақша жинау мәселесі. Екі жақтың тартысы айналып келіп, мектеп басшылығына тіреледі. Біз не істей аламыз? Лажы болса, көл-көсір шығынға жол бермеуін сұраймыз. Бірақ бізді тыңдаған ата-ана көрген жоқпын. Кейбір жағдайы жоқ отбасыдан шыққан балалардың ата-анасы да амалсыз қаржы ұйымдарынан жоғары пайызбен несие алғанын, соның кесірінен отбасылық жанжал туып, арты ажырасуға дейін ұласқанына куә болғаным бар», – дейді зейнеткер ұстаз Сәлима Оразова.Алдын ала тапсырыс алып қойған тойханалар бар
Біз қалалық Білім басқармасына «биыл мектеп бітіруші түлектер арасында түрлі іс-шараға ақша жинау мәселесіне қатысты қандай да бір алдын алу шаралары жасалып жатыр ма?» деген сауал жолдаған едік. Біздің сауалға шаһардың біліміне жауапты мекеме «ондай жағдайға үзілді-кесілді жол бермейміз» деп отыр.Алматы