«Әмбебап» кадр: Мырзағалиев өз саласын енді тапты ма?
«Әмбебап» кадр: Мырзағалиев өз саласын енді тапты ма?
277
оқылды
Таяуда Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Осы уақытқа дейін жөні бөлек екі министрліктің тезінен өткен шенді қаңтардың ортасынан бері Президенттің кеңесшісі болып келген еді. «Ат айналып қазығын табар» дегендей, Мырзағалиев ақыры өзі әуелде мансабын бастаған ұжымға басшы ретінде қайта оралып отыр. Алайда бұл шенеунікке қатысты айтылған және айтылар сын көп. Бірі дәлелсіз болса, көбі рас болып шығады. Осы тұста Мырзағалиевтің лауазымды қызметтерде жүрген жолын бір шолып, сараптап көрсек.

«Шықпаған» төбесі жоқ шенеунік

Негізі, Мырзағалиевті «әмбебеп» деп атауымыз бекер емес. Мұнайшы ретінде танылды, кейін мүлде бағыты басқа экология саласын басқарушы болды, әрісі бас энергетик атанып, елді бір шулатты. Енді тағы қай саланың басын шалып көрер екен деп едік, абырой болғанда бастапқы өз саласына оралды. Былтыр Қазақстанның мұнай-сервистік компанияларының одағы қыркүйектің бірінші жексенбісінде Мұнайшылар күнін тойлап, «Мұнай саласындағы ең беделді 50 тұлғаның» тізімін шығарды. Бесінші рет жарияланған рейтингте Мағзұм Мырзағалиев мықты мұнайшылардың бестігінде тұрды. Сол кезде табиғатты қорғауға жауапты министрдің мұнай-газ саласының беделді тұлғалары ортасында жүргені көпті қайран қалдырған еді. Өйткені бұл екі саланың жолы түйіспейді, бірі пайдалы қазба үшін табиғатты бүлдіреді, екіншісі қорғайды. Сонда Мағзұм Маратұлы нені кімнен қорғады? Оның экологиялық ведомствода отырып мұнайшыларды жарылқағаны өтірік емес. Бұған жаңа біз айтқан Қазақстанның мұнай-сервистік компаниялары одағының пікірі дәлел. Бірақ Мырзағалиев мұнай саласының маманы екеніне дауымыз жоқ. 2010 жылы отандық университетті мұнай-газ кен орнын игеру мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын салалық Schlumberger/MI Drilling Fluids америкалық компаниясында бастап, Одан кейін «ТеңізСервис» ЖШС-ін басқарды. Қазір өзі төраға болып барған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында ірі лауазымдар атқарды. 2013 жылы Мұнай және газ вице-министрі, ал 2014-2019 жылдары Энергетика вице-министрі болды.

Қорықтан карьер қазды, қоқыс өртеді, су жетпеді

2019 жылдың маусымында Мемлекет басшысының Жарлығымен ол еліміздің бас экологы атанды. Көбі таңданды, бірақ мәселе мұнайшының экологияны басқаруында емес, министрліктің құрылымында тәрізді. Өйткені ведомство өзара бітіспес секторлардың басын қосып, «Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігі» аталады. Мағзұм Мырзағалиев келгеннен-ақ экологтар заржақ болды. Осы қызметте 2 жылдан астам уақыт отырғанда экология саласы проблемадан арылмады, тіпті мәселені көбейтіп алды десек, артық айтқандық емес. Біріншіден, ведомство су ресурстарына жауапты. Климатты бақылайтын «Қазгидромет» осы министрліктің құзырында. Алайда еліміздің кейбір аймағы былтыр қуаңшылыққа ұшырап, қаншама мал қырылғанда бұл мемлекеттік орган түк білмегендей бейқам отырды. Барлық ауыртпалық әкімдер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне түсті, солар тоқпақ жеді. Ал құрғақшылық келе жатқанын алдын ала ғылыми болжап, ескертпеген, қарамағындағы су ресурстарынан тарықпаудың тәсілдері мен жолдарын ойластырмаған Экология министрлігі «сүттен ақ, судан таза» кейпінде отырды. Негізі жауапкершілікке тартылар жөні бар еді. Қазақстанда инвесторлар мен экологтар біраздан нақты жобаларын ұсынып келе жатқанына қарамастан, нақты іске көшкен бағдарламалар жоқтың қасы. Екінші проблема, мемлекет үшін маңызы бар, көздің қарашығындай сақтап келген қорықтарымыздың аумағы дәл осы Мырзағалиевтің тұсында карьерге айнала жаздады. Мысалы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі былтыр күтпеген қадамға барды. Алматы облысы мен Жамбыл облысының түйіскен жерінде 2,7 млн гектарды алып жатқан Жусандала қорығының аумағын 176,15 гектарға кішірейтпек болды. Ал қорықтың қысқарған жерінен сол жолды салуға қажетті құрылыс материалдарын өндірілмегін естігенде экологтар жағасын ұстаған. Неге дерсіз? Қорықта қызыл кітапқа енген жануар мен өсімдік көп. Карьерден шығатын шулы дауыс пен шаңнан кейін аң-құс үркіп ауып кетеді, өсімдіктер қурайды. Ведомство болса қысылмастан «еш қауіп жоқ» деп міз бақпады. Бірақ бұл мәселеде Мырзағалиевтің аты көп аталған жоқ. Себебі құжат қоғам талқысына шыққан мезетте министрдің орнына Серікқали Брекешев келіп үлгерген. Жаман аттың бәрін сол алды. Осыған ұқсас оқиғалар да кейін де болды. Үшінші мәселе, былтыр маусымда министрлік 180 млрд теңге шығындап қоқыс өртеу зауыттарын салуды жоспарлады. Зауыттар заңнама тұрғысынан енгізілген Waste to energy технологиясымен салынады делінген. Бұл технология бойынша қоқысты өртеу арқылы электр энергиясы өндірілуі тиіс. Содан кейін энергия жалпы электр желісіне сатылады. Осындай технологияның арқасында Қазақстан 2025 жылға қарай қоқысты қайта өңдеу деңгейін 30 пайызға жеткізіп, еуропалық деңгейге ілескісі келді. Әлемде осындай WTE нысанының 2 мың­нан астамы бар екен. ТМД елдері бойынша мұндай зауыт тек Әзербайжанда салынған. Мұның бәрі позитивті жағын ескеретін ведомствоның мәліметі ғана. Ал ел аумағында шашылып жатқан қоқыста есеп жоқ, шамамен 125 млн тонна екені айтылады. Біз былтыр осы мәселе бойынша экологтерге хабарласып, мән-жайды білгенбіз. Сөйтсек мұндай зауыттың ауа ластайтын жылу электр стансасынан түк те айырма­шылығы жоқ екен. Біріншісі қоқыс, екіншісі көмір жағады. Сөйтіп, ведомство қоқыс өңдейміз деген желеумен ауа ластауға көшкісі келіп тұрғандай. Төртіншіден, министрдің экология мәселелерінде сауаты жетпейтін тұстар барын да көргенбіз. Кезінде Мәжілістің қатаң сынына бірнеше рет ілікті. Гидрометеорологиялық экологиялық мониторингті дамыту бағдарламасына 2 миллиард теңге қомақты ақша бөлінгеніне (бұрынғыдан 25 пайыз өсті) қарамастан, министрлік атмосфералық ауаны бақылау бекеттерінің санын 146-дан 140-қа қысқартып, индикаторларды азайтып тастаған. Кесірінен көп адам ауаның улы түтінге бөгіп, денсаулыққа нұқсан тигізіп жатқанына шағымданды. Мырзағалиев қысқартудың себебін түсіндіре алмады, онымен қоймай бағдарламаларды шатастырып алды. Ауаның жай-күйі туралы ақпарат берудің орнына депутаттарға өзендерге жүргізілген мониторинг туралы әңгімелегенін көріп, басымызды шайқағанымыз бар. Әрине, Мағзұм Мырзағалиевтің экология саласында еңбегі жоқ деуден аулақпыз. Алайда өте аз. Көбіне кеш қимылдайды. Су дауы күшейген соң былтыр шілдеде М.Мырзағалиев Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен Ташкентте кездесіп, Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы суға қатысты ахуалды жақсартудың бірлескен шараларын талқылады. Келіссөз қорытындысында министр сәл де болса ел мүддесін ілгерілете алды. «Достық» мемлекетаралық арнасы бойымен Мақтаарал, Жетісайдағы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілетін су 80-нен 100 текше метр/секундқа дейін артты.

Халыққа құлақ қоймаса да, таяқ асамады

Былтыр қыркүйектің басында Мемлекет басшысы Мағзұм Мырзағалиевті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатып, Энергетика министрі ретінде тағайындады. Бірақ осы қызметке 5 ай болмастан басы үлкен дауға ілікті. Бізді тағы бір таңырқататын нәрсе – Мырзағалиевтің кей тұста көпшіліктің пікіріне илікпейтіні. Амалсыз қаңтар оқиғасы жайлы айтуымызға тура келеді. 1 қаңтардан бастап Жаңаөзенде көлік иелері сұйытылған газ бағасының өскеніне қарсы шықты. Наразы болмасқа не шара, литрі 50 теңгеден тұрған газ бағасы 120 теңгеге өскені кімнің ақылына сыяды? 3 күн бойы ақпарат құралдары арқылы министр позициясынан қайтпайтынын, газ бағасы 127 теңге болу керегін айтып, халықты одан сайын ашындырды. «Әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Бензин бағасының 70 пайызын құрайды. Мысалы, АИ-92 маркалы бензиннің құны литріне 182 теңге болған кезде газдың нарықтық құны шамамен литріне 127 теңгені құрауы тиіс», – деген ол. Оның үстіне шерушілер мәселені бейбіт жолмен шешіп, министрмен жүздескісі келгенде орынбасарын жіберіп, өзі бармады. «Мәселені оңтайлы шешу үшін жанармай құю стансаларының басшыларымен ақылдасамыз» дегені есте. Иә, позициясын айқындап алу керек болған шығар. Бірақ оны халықпен емес, станса басшыларымен ақылдасам деп, уақыт өлтіргені қызық. 3 қаңтарда шеруге шыққандардың саны артқан соң ведомство аяқ асты газ бағасы 120-дан 85-90 теңгеге арзандайтынын хабарлады. Ал наразы жұрт бұрынғы баға – литріне 50 теңгені қайтаруды талап етті. Журналистер сол кезде министрден «бұрынғы 50 теңгелік баға қайтып оралуы мүмкін бе?» деп сұрағанда «мүмкін емес» деп қайырған. Кейін де Мырзағалиев өз орнына қол астындағыларды жіберуді қоймады. Бұл – оның ашықтықтан қашқанын көрсетеді. Мұнай бойынша сарапшымын деп, ел алдында пікір айтқан Олжас Байділдинов «отынның қолжетімдігі жөнінен Қазақстан өте жақсы деңгейде тұр» деген. Иә, осы пікірге қарсы айтар дауымыз жоқ. Алайда қоластындағылар да өзі секілді сөзінен жаңылып, «адамдар бағамен келіспесе, қоғамдық көлікпен жүрсін. Мұнда не проблема бар?» деді. Оқиғаның ақыры не болғанын ел біледі. Ақыры Мырзағалиев Маңғыстауға баруға мәжбүр болды. Газ бағасы 50 теңгеге түсті. Ал уақытында амал жасамаған министр әйтеуір орнынан түсті. Біз тектен-тек айыптап жатқан жоқпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселеге қатысты «Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде, Энергетика министрлігі электронды сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған» деген болатын. Кейін Мырзағалиевтің өзі де олқылықтар кеткенін мойындады.

«ҚазМұнайГазда» не күтіп тұр?

Мырзағалиев бұл ұжыммен өте жақсы таныс. Оның үстіне, өзі мұнайшы. Жоғарыда оның басқа саладан гөрі осы іске жақсы машықтанғанын айттық. Алайда «ҚазМұнайГазда» Мырзағалиевті күтіп тұрған мәселе аз емес тәрізді. 2021 жылдың басындағы ресми мәлімет бойынша, компанияның қарызы 6  млрд 162 млн АҚШ долларынан асып кеткен. Бұған қоса ұжымның табысы соңғы жылдары аздап ортайып жүр. Компания ішіндегі келеңсіз жағдайлар да бар секілді. Әлдебіреулер ықпалын арттырып, иемденіп жүретін орынға балайтыны бар. Қаңтар оқиғасы кезінде Президент сұйытылған газ бойынша биржа саудасы мәселесіне тоқталғанда «сұйытылған газ саудасын ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі пысықталмаған» деп осы «ҚазМұнайГазды» кінәлілер қатарына жатқызған болатын. Яғни, ушыққан мәселе көп. Ал оның бәрін жаңа төраға шеше ала ма? Біздің болжауымыз бойынша, 2 сценарий бар. Мұнай саласының маманы ретінде ол компанияны ретке келтіріп, дамыта алуы мүмкін. Не де болса тәжірибе мен потенциалы жеткілікті. Немесе бұрынғы қарқын мен жолға түсіп, тағы да «сен тимесең, мен тименің» күйін кешуі де ғажап емес. Қайткен күнде де Мырзағалиев өзінің саласын тапты деп сенеміз.