Оқиға қаладағы суши барлардың бірінде болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, жапон тағамдарын дайындайтын мейрамханадағы оператор қыз кешке қиын жұмыс күнінен кейін үйге оралған соң күйеуіне суши әзірлеуші әріптесін айтып шағымданған. Ол бірнеше апта бойы оны бүкіл команданың көзінше кемсіте сөйлеген, ал соңғы күні ол тіпті шектен шығып, ұятсыз сөздер айтып, қыздың жеке басын қорлаған.
"Күйеуі әйеліне әлімжеттік көрсеткен жігітке қоңырау шалып кездесуге келіседі. Кездесу ол жігіттің үйінің жанында өтті. Бірақ диалог ойдағыдай болмай, ерлер арасында төбелес басталып кетті. Өзара шабуылдан кейін жанжалдың екі қатысушысы полицияға арыз берді. Осыған байланысты, полицейлер жанжалшыларды сот-медициналық сараптамадан өтуге жіберді. Нәтижесінде екеуінің де жеңіл дене жарақатын алғанын көрсетті", – деді департаментте.
Сот суши-бар жұмысшысының жұбайын ҚР ӘҚБтК 73-1-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл тағайындады.
Сондай-ақ, сот шешімі бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін ҚР ӘҚБтК 73-1-бабына және ҚР ӘҚБК 434-бабына сәйкес, әріптесін қорлағаны үшін суши шебері де айыппұл арқалады.
Айта кетейік, жыл басынан бері ұсақ бұзақылық үшін, оның ішінде қоғамдық орындарда қорлау және былапыт сөйлеу үшін Павлодар облысының 300-ге жуық тұрғыны заң алдында жауапкершілікке тартылған.