Алматы қаласында «Sarap» эксперттік клубы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Политолог» студенттік пікірталас клубының «Саяси реформалар: тәуекелдер мен перспективалар» атты бірлескен отырысы өтті.
Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.
Жиынға саясаттанушылар, ҚазҰУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы, магистранттар, университет докторанттары және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.
Эксперттік клуб қатысушылары Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасы бойынша өз пікірлерін білдіріп, қазақстандық қоғамды саяси трансформациялауға бағытталған бірінші кезектегі шараларды атап өтті. Сондай-ақ сарапшылар болашақ реформалардың перспективаларын бағалап, ықтимал тәуекелдерге талдау жасады.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өткен шарада саяси реформалардың жаңа бағдарламасы республика өмірінің барлық саласына серпін беретін маңызды тарихи кезең екені атап өтілді.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев Президент жолдауының жағымды тұстарын атап өтті:
– Сайлау жүйесінде болатын өзгерістер критерийлерден бастап, кез келген адамның, тіпті саяси жүйеге қатысы жоқ азаматтың сайлауға қатысуына мүмкіндік береді. Отанымыздың әрбір тұрғыны Президент Жолдауының қаншалықты маңызды екенін түсінуі қажет. Бұл – еліміздің даму болашағы мен жаңа саяси бағытының көрінісі, – деді ол.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарёвтің айтуынша, конституциялық реформа Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды оқиғаға айналады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум институтын пайдалануды қайта бастауы өзі жүргізіп отырған саяси бағыттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі, сондай-ақ елдің саяси жүйесін түбегейлі реформалауға және азаматтарды мемлекеттік басқаруға кеңінен тартуы оның адалдығының көрінісі. Жарияланған саяси реформалардың мазмұны мен сипаты, оның ішінде суперпрезиденттік басқару моделінен шығуды ескере отырып, еліміздің негізгі заңына енгізілген тиісті түзетулерді қазақстандықтардың елеулі бөлігі қолдайды деп күтілуде. Конституциялық реформаны референдум арқылы жүзеге асыру, шет елдердегі және халықаралық ұйымдардағы саяси топтар мен қалың жұртшылық арасында оң пікір туғызуы мүмкін, – деп сенімді пікір білдірді Андрей Чеботарёв.
Саясаттанушы Дина Айкенова елдің даму бағытын айқындау туралы сөз қозғап, бұл бағытта алдымен саясат, одан кейін экономика маңызды екеніне тоқталды.
– Саясат ресурстарды бөлуге жағдай жасайды, ол бәрін әділ шешуге жауап береді. Саяси жүйенің трансформациясына келетін болсақ, мұнда ең бастысы – саяси мінез-құлық нормаларын, құндылықтарын, үлгілерін өзгерту, – деді саясаттанушы Дина Айкенова.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы, саясаттанушы Әділ Каукенов Президент Жолдауында саяси жүйені жүзеге асыруға жетелейтін реформалардың маңызды бағыты көрсетілгенін атап өтті.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасы мен тәжірибесі оны ойдан шығарылған популизмнен, жеке ұпай жинауға немесе өзіне жаңа билік тетіктерін құруға деген ұмтылыстан сақтайды. Бұл тұрғыда жергілікті биліктің күшеюі, олардың бюджеттері мен еркіндікке ие болуы үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, үлкен аймақтарды бөлу салдарынан бірқатар маңызды елді мекендер тиісті назардан тыс қалып, қаржыландырусыз қалды. Қорытынды мақсат – «Қаңтар қасіреті» енді қайталанбайтын тұрақты және әділ мемлекеттік жүйені құру, – деді саясаттанушы Әділ Каукенов.
Жиынға қатысушылар еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың өзекті мәселелері бойынша пікір білдіріп, қалыптасқан жағдайға сараптамалық баға берді және оларды шешудің негізгі тәсілдерін қарастырды. Бірлескен талқылауға қызығушылық танытқандардың барлығы қатысып, сұрақ қойып, пікір алмасты.
Іс-шара барысында, Қазақстандық қоғамдық даму институты және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.