Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып Нұрлан Бикенов тағайындалды. Бұл туралыоблыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрлан Рахметуллаұлы Бикенов 1973 жылы Нұра ауданында дүниеге келді. Екі жоғары білімі бар: ол 1997, 2002 жылдары Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды және 2013 жылы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1991 жылы Нұра ауданы Куйбышев атындағы совхозда жұмысшы болып бастаған. 1995 жылдан 2001 жылға дейін С.Талжанов атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеді.
2001 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Нұра ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің Жастар ісі жөніндегі бас маманы болды. Содан кейін Қарағанды облысы ішкі саясат департаментінің саяси партиялармен және қоғамдық және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімінің жетекші, бас маманы және меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2007 жылы Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары болды.
2010-2012 жылдары Осакаров ауданы әкімінің орынбасары.
Кейінгі жылдары облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ дін істері басқармасын басқарды.
2020 жылдың қаңтар айынан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.