Оралда полицейлер ақша мен алтын бұйымдарды тонап кеткен атыраулық «гастролер» ұрыларды ұстады. Залал сомасы – төрт миллион теңге. Қылмыскерлерден ұсталған, ұрланған заттардың кейбіреуі тәркіленген.
«Қазір екі оқиға бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Оралда 24 және 25 жастағы екі азамат пластик терезені бұзып, Деркөл ауылындағы үйге кіріп, бір миллион теңге, 30 жастағы әйелге тиесілі алтын бұйымдар мен ноутбукты әкеткен. Сондай-ақ екі күдікті Зачаганск кентінде орналасқан үйге кіріп, 240 000 теңге, 100 еуро және 69 жастағы тұрғынға тиесілі алтын бұйымдарды ұрлап кеткен», – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталған. Осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.