Тілін тапсақ, туризмнен пайда көп
Тілін тапсақ, туризмнен пайда көп
905
оқылды
Дүниежүзілік туристік ұйым 2021 жылды «туризм тарихындағы ең ірі күйзеліс жылы» деп атады. Өйткені халықаралық туризм 85%-ға құлдырап, 460 миллион туриске азайған. Ал пандемия сал­да­рынан отандық туризм миллиардтаған шығынға батты. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев отандық туризмді дамыту және салада болған тың өзгерістер жайында баяндаған. Оның айтуынша, бүгінде бұл бағыт бел­сенді түрде жанданып, тамырына қан жүгірген. Мәселен, шетелдік туристердің орналасуын есепке алуға мүмкіндік беретін E-Qonaq бағдарламасын іске қосу ұтымды ше­шімдердің бірі болды. Жаңа жүйе елге келген саяхат­шы­лардың нақты санын біліп, шынайы дерек құруға жол ашты. Министр елдегі бизнестің инвестициялық белсенділігі қар­қынды түрде өсіп келетінін айтады. Тек соңғы 3 жылда ғана Қазақстанның 10 өңірінде 270-тен астам жаңа жоба іске қосылды. Ел аумағында ин­вес­торлар құйған қаржыға әлемге танымал қонақүйлер мен заманауи ғи­ма­раттар көп­теп бой түзеуде. Осылайша, өзімізде Rixos Turkistan, Hampton by Hilton қонақүйлері, Tetysblu паркі, Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешені сияқты сауық құру нысандары пайда болды. – Елімізде туризм саласы бо­йынша 60 мың жұмыс орны ашы­лады. Бағалау сомасы 1,5 трлн тең­­ге 46 инвестициялық жоба пы­сықталып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап турдестинация инфрақұры­лымының алғашқы ондығының жалпы қажеттілігінен 97 жобаны жүзеге асыруға түрлі бағдарламалар мен жоспарлар бойынша 140,4 млрд теңге бөлінді, – деді Дәурен Абаев.

Мінсіз бағдарлама, жауапсыз жұмыс

Бұл туризмге бөлінген алғашқы миллиардтар емес. Ел тәуелсіздігін алғалы туризмді дамытуға көптеген бағдарлама қабылданды. Алайда бөлінген қаржы желге ұшқандай. Жөнделмеген жол, дамымаған инфрақұрылым мен шалажансар сервистің сапасы сын көтермейді. Ендеше бөлінген қаржыны ақтауға ішкі туризмнің әлеуеті жете ме? – Туризм саласын басқарып отырғандар қай аймақта нақты қандай туризмді дамыту керек екенін білмейді. Себебі олар туризмді дамытуға сарапшыларды тартқан жоқ. Туризмнің әлеуетін айта бергеннен жағдай жақсарып кетпейді. Сондықтан нақты іске көшіп аймақтық туризмді қолға алу керек. Халықтың басым бөлігі қа­лада тұрады. Ауылдағы агротуризм­ді дамытсақ қарапайым тұрғын­дар­дың да жағдайы жақсарар еді, – дейді география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев. Иә, әлемде туризм арқылы та­быс тауып отырған елдер көп. Мы­сыр, Түркия, Қытай, Гонконг, Тай­ланд пен Грузияға баратын әр турист сол елдің экономикасын кө­те­руге үлес қосады. Тіпті, турис­тік курорттар орналасқан жергілікті аймақтың тұрғындары да жұмыс­пен қамтылған. Қазақстан 2025 жылға қарай туризм үлесін ішкі жалпы өнімге шаққанда 8 пайызға арттыруды көздеп отыр. Салыс­тырып айтар болсақ, Испанияда бұл көрсеткіш – 11 пайыз. Оларға жыл сайын 82 млн турист барады екен. Бұл орайда Франция – бі­рінші орында. Франция еліне 90 млн қонақ баратын көрінеді. Ал елімізге 2 млн шетелдік келеді. Қызығушылығы оянып, елге ын­ты­ға, ұмтыла жеткен туристі бізде не күтеді? Біріншіден, сапасы тө­мен туристік инфрақұрылым, ­ба­ғасы негізсіз қымбат, қызметі нашар қонақүйлер, курорттар, мә­дени ойын-сауық нысандары (Дү­ниежүзілік экономикалық фо­рум рейтингі бойынша 127-орын­да), екіншіден, жете дамымаған, билеті қымбат әуеқатынасы (123-орын), үшіншіден, ойқы-шойқы, сапасы сын көтермес жолдар (106-орын), төртіншіден, автомобиль­дерді жалға беру бойынша ком­пан­ия­лардың жетіспеушілігі, карше­ринг­тің жоқтығы секілді қаптаған проблемаға жолығады.

Жолдың жыры бітпеді

Шынымен де, ең бірінші дема­латын орынға жеткізетін жолдың жақсы болғаны қажет. Қос бүй­регіңді түсірердей қозғап, селкілдеп баратын демалыс орындарынан ел қашады. Оған қоса көлікке де обал. Темір тұлпарын әйелінен артық көретін ер адамдар ондай жерге тіпті де аяқ баспайды. Жол соғып де­мал­ған демалыстың да мәні қалмайды. Өйткені қайтқанда тағы да жол соғатынын білесің. Соңында дос­та­рыңа «Баратын жер емес екен» деп қайтарың да анық. Сон­дықтан туризмді дамытамыз десек, ең әуелі тақтайдай түзу жол қажет. туризм –Ішкі туризмді дамыды деп айта алмаймыз. Алматының ірге­сін­дегі Алакөлге баратын жолдан екі өкпең түсіп қалардай болады. Өкініштісі – көптеген халықаралық маңызды жолда бірде-бір бағыт­таушы сілтеме, болмаса туристтік белгі не болмаса баннер жоқ. Мемлекет экономикалық тұрғыда даму үшін жолдардың сапасын жақ­сартуы керек. Бұл – өрке­ниет­тің бірінші белгісі, – дейді туризм сарапшысы Бақыт Оразымбетова. Ішкі туризмді дамытамыз де­сек, демалыс орындары бағасы­ның халыққа қолжетімді болғаны да өте маңызды. Біздегі біраз де­малыс орны өзіне бәсекелес болмаған­дықтан, қалаған бағаны қоя сала­ды. Келген демалушының қалта­сын­дағы соңғы тиынына дейін қағып алғысы келеді. «Ол ертең екінші рет айналып келеді-ау, туыстарын шақырады-ау» деген ой көбінде жоқ. Айталық, қарт Кас­пийдің жағалауында күнге қыз­дырынып, Ақтаудың «нән» балық­тарын жеп, әлемдегі таңдаулы қо­нақүйлердің бірі саналатын Rixos-та демалғыңыз келсе, мил­лионер болуыңыз қажет. Себебі «Ақтау Rixos» қонақүйін­де 2 адамдық нөмірдің 1 тәуліктік құны – 300 мың теңге. Егер теңіз жағалауын­дағы орташа деңгейлі қонақүйлерге жайғасамын десеңіз, онда бір тәу­ліктік баға 10 мың теңгеден бас­та­лып, қонақүй деңгейіне байланыс­ты 35-50 мың теңгеге дейін барады. Еліміздің қай өңіріне барып емін-еркін бірнеше күнге демалып қай­тамын десеңіз, қалтаңызда кемінде 200-300 мың теңге қаражатыңыз болуы керек. Сондықтан да шығар, өзіміздің қазақтар жаз шыға ақ­шасын жинап, сол бағаға шетел асады.
P.S. Туризм – тек елді таны­татын имидж емес, халықты жұ­мыс­пен қамтитын маңызды экономи­калық сектор. Ендеше шетелден қонақ тар­тамыз деп, сапасыз сала­мызбен «ұятты» болғанша, әуелі туристік ай­мақтарымыздың әлеуетін артты­руымыз керек.