Ұстаздарға да ҰБТ «ұлы» сын
Ұстаздарға да ҰБТ «ұлы» сын
442
оқылды
Қазақстанның мұғалімдері қиын сынақтан өтіп жатыр. Жүйке жұқарып, тән шаршайтын шақ. Алматыдағы Көлік және логистика академиясында Ұлттық біліктілік тестін (ҰБТ) тапсыру кезінде педагог қайтыс болды. Сынақтан өту барысында ер адамның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем жеткенше жантәсілім етті. Бұл суыт хабарды мұғалімдер қауымы ауыр қабылдады: ғаламторда көңіл айтты әрі сынақтың шамадан тыс күрделі екеніне шағымданды. Мысалы, жарты сағатта ғылыми эссе жазу талап етіледі екен. Педагогтер тағы қандай қиындықтарға кезікті?

Бірер сағат мұғалімнің тағдырын айқындайды

Биылғы 11 сәуірде республика бойынша педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуі бас­тал­ды. Ол 29 сәуірге дейін жалғасады. Тестілеуге өтініштерді қабылдау 5 сәуірде бастау алып, бір аптаға ғана созылды. Үлгергені үлгерді, үлгер­мегені сырт қалды. Ресми түсінік­темеге сенсек, біліктілік тестілеуі еліміздегі әрбір мектеп мұғалімінің, сондай-ақ болашақ ұстаздардың білім деңгейін, сондай-ақ оқу пәнінің оқыту әдістемесін қанша­лықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ҰБТ-ға мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, яғни мини-орталықтар мен балабақшадан бастап, мектеп, кешкі мектеп, гим­назия, лицей, қосымша білім беру ұйымдарының және колледж­дердің педагогтері, білім беру ұйым­дарының әдіскерлері, бас­шы-директорлары, сондай-ақ жо­ғары оқу орындары мен кол­ледждердің соңғы курс студенттері қатысады. Педагогтер үшін тестілеудің жалпы уақыты – 210 минут. Пәндік білім негіздері, математика, фи­зика, химия, информатика пән­дері бойынша тесттен өтетіндер үшін – 240 минут (4 сағат). Ал «Мек­тепке дейінгі білім беру» жә­не «Қосымша білім беру» бағыт­та­ры үшін – 120 минут (2 сағат). Осы науқанды өткізуге жа­уапты оператор – БҒМ-нің Ұлттық тестілеу орталығы жариялап, тара­тып жатқан постерлерде, үгіт-на­сихат материалдарында күлімдеген ұстаздар бейнеленген. Шынында, педагогтердің күлімсірейтін, әл­денеге мәз болатын жағдайы жоқ. Егер тестіден құласа, табысы төмендейтін көрінеді. Қатты уайымдады ма, кім біл­сін, 14 сәуір күні Алматы қала­сы­ның Көлік және логистика акаде­миясы ғимаратында тестілеуді тап­сыру кезінде педагог қайтыс бол­ды. Егде тартқан емес, 1973 жы­лы туған, елуге де толмаған, қыл­шылдаған азамат. Полиция мән-жайды анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайын­дады. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіні аралап кетті. Оны алғаш болып ор­наластырған Instagram пайда­ланушының түсіндіруінше, көз жұмған адам біліктілік тестілеуін тапсыруға келген жекеменшік мектептің бірінің мұғалімі болған көрінеді. Содан тесттің басталға­нына жарты сағаттай ғана уақыт өткенде ер азамат өзін күрт нашар сезініпті. Маңызды іс-шара өтіп жат­қан нысан ішінде дәрігер бол­май шыққан. «Алғашқы медици­налық көмекті ешкім көрсете алмады, ер адам жедел жәрдем кел­генше дүние салды», – дейді кадр сыртындағы әйелдің дауысы. Алматының Полиция депар­таменті тестілеу кезінде адамның қайтыс болу фактісін растады. Бұл дерек Алмалы ауданының Поли­ция басқармасында тіркеуге, тер­геуге алынды.

БҒМ қаламайтын ұстазды қыстамайды

Қайғылы оқиғаға қатысты тү­сініктеме берген Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова марқұмның туған-туыс­тарына және әріптестеріне көңіл айтты. Ол Алматының Білім бас­қармасы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсететінін уәде етті. «Әріптесіміздің созылмалы дерті болғаны белгілі болды, ол жү­рек ауруы бойынша есепте тұр­ған. Білім саласының өкілдері марқұм­ның жақын-жуықтарымен жүз­десті. Олардың әңгімелеуінше, әріп­тесіміз соңғы кезде өзін нашар сезініпті. Тест тапсыратын күні та­ңертең денсаулығы сыр берген, содан жақындары үйде қалуға кеңес беріпті. Еске сала кетейін, егер пе­дагог өзін жайсыз сезінсе, тестілеуге бармауына немесе одан өтуді ке­йін­ге қалдыруына мүм­кін­дігі бар», – дейді министрдің бі­рінші орын­басары Шолпан Та­ңатқызы. Оның мәліметінше, марқұм мұғалім педагог жұмысына тек 2020 жылғы 1 қыркүйекте алғаш рет кірісіпті. – Сондықтан жаңа бастаған педагог ретінде еш категориясыз жұ­­мыс істеген. Тиісінше, оған аттес­­таттаудан өтудің қажеттілігі жоқ еді. Біздің ақпаратымыз бо­йынша ол мұғалім өзін сауатты, талантты пе­дагог ретінде көрсете алған. Туыс-туғандарының айтуы бойын­ша ол өз біліміне, сынақты тапсыраты­нына сенімді болған. Сол себепті ҰБТ-ға мерзімінен бұрын, ертерек тіркелген. Қазір біз педагогтердің аттестаттаудан жаппай мерзімінен бұрын өтуін бақылап отырмыз. Негізі, бұл мін­детті рәсім емес. Алайда педагогтер қаржылық жағдайын жақсарта түсу үшін соған барады, – деді Шолпан Қаринова. Мұғалім 5 жылда бір рет тест тап­сырады. Әлеуметтік желіде бір­­неше мұғалімнің аттестацияға бола өзіне-өзі қол салғаны туралы хабар тарады. БҒМ басшылы­ғы­ның өкілі оны «фейк», жалған ақ­парат деп отыр. Бірінші вице-министр педагог­тің біліктілігін растау рәсімі дәл қазір ойлап табылған нәрсе емесін, бұрыннан барын ескертті. Оның байламынша, өз білімін жыл са­йын кемеліне келтіріп, жетілдіріп отыратын мұғалімдерге 5 жылда 1 рет біліктілігін растап отыру еш қиындық тудырмайды. Оның үсті­не, егер педагог аттестаттаудан өту­­ден бас тартса, жұмысынан айы­рылмайды, кәсібін жалғастыра береді. [caption id="attachment_192695" align="alignleft" width="1200"]ұстаз © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ал аттестацияның нәтижесі тек оның алатын табысының кө­ле­міне ғана ықпал етеді. Бұған қоса, мұғалімдерге арналған ҰБТ-ның өзі жылына 2 рет ұйымдас­ты­рылып тұрады. Демек, бір рет құ­лаған педагог білімі мен күшін жи­нақтап, емтиханды қайта тап­сыра алады екен.

Эссе дегені естен тандырады

Педагогтер тест тапсырудан қаш­­пайтынын, тек оның талап­та­рының түзелгенін қалайтынын жет­кізді. Мектепте 23 жылдан бері ұс­таздық етіп келе жатқан Гүль­ми­ра Нысанбаеваның пайымда­уын­ша, педагогтерге арналған ҰБТ-ның бірқатар олқылығы бар. Бі­рін­шіден, жаңа шекті балдарды қайта қарап, төмендету керек, өйт­кені олар тым жоғары. Екіншіден, эссе жазуды алып тастаған абзал: оған дайындалуға көп уақыт кетеді, ақыр соңында тестілеу ке­зінде эссе жазуға небәрі 30 минут беріледі. Сондай-ақ эссе жазу мін­детті бол­ғанымен, ол бағаланбайды екен. Салдарынан тапсырушы сол үшін босқа уайым­дап, арамтер болады. Үшіншіден, мұғалім бо­лып, 25 жыл еңбек ет­кендерді «са­лаға еңбегі сіңген ма­ман» ретінде аттестация­дан өтуден босату қажет деп санайды. Соңғы ұсынысты педагог Гүл­нар Өскенбаева да қолдайды: «Бұл бір шешімі жоқ жұмбақ. 25, тіпті 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерді аттестациялап, білім-біліктілігін анықтауға тырысудың өзі күлкілі емес пе? Сонда министрлік сонша жыл мектепте үзбей білім беріп жүрген мұғалім білгенін ұмытып қалды ма, ұмытпады ма, соны анық­тай ма? Егер шынымен ұмы­тып қалады деп санаса, онда мұға­лімнің білімін емес, денсаулығын тексеру керек шығар?!» – дейді ол. Ардақ Әлімбайдың айтуынша, пән мұғалімдері біліктілік тесті­леуінде тек өз пәні бойынша 100, қажет болса 150 сұраққа жауап беруге дайын. Ал әдістемені алып тастауды сұрайды, оны мұғалімдер жеке курс есебінде өтеді. «Пән маманы өз пәнін 100% білсе жет­кілікті емес пе?!» дейді ол. – Біліктілік тестілеуіне наразы­мын, мұғалімді бұлайша қорлауға бола ма?! Бұл аттестаттау педагогтің таяудағы 5 жылдағы материалдық әл-ауқатын айқындайды. Қойы­латын сұрақтардың сапасы төмен. Тапсырып болғанша педагог то­зақ­тың тезінен өтеді. Оған өзім куә болдым. БҒМ-нің не себепті эссе жазуды талап ететінін түсінбеймін. Ол ешқандай рөл атқармайды. Әу бастан алгоритмді дұрыс ойлас­тырулары қажет еді: алдымен пе­дагог тест тапсырсын, білім дең­гейін көрсетсін, оған нәтижесі хабарлануы керек. Егер жинаған балдары бойынша онсыз да өтінім берілген категорияға өтпейтін бол­са, оны бірнеше сағатқа созылатын тестілеуден соң тағы эссе жазғызып қинаудың қажеті қанша?! – дейді Алматыдағы мектеп-гимназияның мұғалімі О.Астафурова. Ол ұстаздың бейінді пәні мен педагогика бойынша балдарды қосуды ұсынады. Өзі «эксперт» са­натына тапсырыпты, төл пәні­нен жақсы өткен, алайда педа­гогика бойынша сарапшыға 2 балы ғана жетпей қалыпты. «Бүгін сен «педагог-шеберсің», ал тестілеуден кейін жай ғана «педагог» болып қаласың, бұл жерде төл жетістіктерің де, шә­кірттеріңнің жетістіктері де есепке алынбайды», – дейді ол.

Сауатты ұлттың тағдыры педагогтің қолында

Жасыратыны жоқ, мектеп­тер­дегі педагогтердің үлкен бөлігінің біліктілігі төмен екеніне ата-ана­лар жиі шағымданады. Мысалы, кеңес кезінен бері ұзақ жыл бала оқытып келе жатқан, аттестаттау­дан өтпеген педагогтер бар. Олар жаңа, заманауи білімді игеруге асық­пайды. Көбіне кітапта жазыл­ғаннан аспайды, жаңа білім өріс­теріне баспайды. Ең жаманы – кеңес заманында оқып-білгенін қазіргі ұрпаққа таңуы мүмкін. Мы­салы, Ақмола облысының бі­ріндегі мектепте мұғалім валеоло­гия орнына Інжілді оқыған деген әңгіме бар. Бүгінде педагогтер жақсы жа­лақы алатыны мәлім. Ендеше олар­дың білімі де жоғарғы табы­сына сай болғаны жөн. Әйтпесе, ел педагогтердің мәртебесі мен еңбекақысын көтерудің қайта­ры­мын байқамай отыр: Қазақстанның білім саласындағы халықаралық рейтингтері құлдырады. – Педагогтің біліктілігі бала­лардың біліміне және оларды оқыту сапасына тікелей әсер етеді. Педагогтердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Сонымен бірге қоғамның, ата-аналардың талабы да артты. Сондықтан педагогтердің біліктілігін тексеру құралдары ұдайы жетілдіруді талап етеді. 2018 жылға дейін аттестаттаудың басқа жүйесі қолданыста болды. Екінші, бірінші және жоғарғы категориялар тағайындалатын. Сәйкесінше, 5 мыңнан 17 мың теңгеге дейін үстемеақы төленетін. 2018 жылдан бастап аттестацияның жаңа жүйесі енгізілді және ол педагогтердің еңбекақысын шеберлігінің дең­гейіне қарай ондаған, тіпті бірден жүз мың теңгеге ұлғайтуға мүм­кіндік берді, – дейді Ш.Қаринова. Ұстаздардың сынына жауап берген бірінші вице-министр олар­­дың тапсыратын тест сұра­қ­тары тек мектеп бағдарламасы­нан ғана алынғанына сендірді. Жоғары оқу орны деңгейіндегі бағдарлама емес. «Бұл – мемлекеттік білім беру стандартының ең төменгі талап­тары. Мұғалім дәл сол бағдарлама бойынша күн сайын оқушыларын оқытады. Педагогтерден тестілеу кезінде бөгде ештеңе сұралмайды. ҰБТ – әр мұғалімнің өз пәнін қаншалықты білетінін паш ететін емтихан. Оны бір рет қана тап­сыр­ған педагог 5 жыл бойы жала­қы­сына үстемеақы алып тұрады. Өкінішке қарай, егер мұғалім өз пәнін нашар білсе, емтиханды да нашар тапсырады. Салдарынан балалардың білімі де сын көтер­мейтін деңгейде болады. Бұған жол беруге болмайды», – деді Білім және ғылым бірінші вице-ми­нистрі Ш.Қаринова. БҒМ педагогтердің кәсіби дең­гейін көтеру бағытындағы жұ­мыстар ары қарай жалғасатынын мәлімдеді.