Қантты қабымен алған қайран күндер...
Жергілікті билік органдарымен бағанды тұрақтандыру үшін әлеуметтік бағада сатылатын қантқа көпшіліктің наразылығы басым. Өйткені тұрғындардың айтуынша, күн сайын түсетін қант арада аз уақыт өтпей таусылып қалады. Әсіресе, азын-аулақ тиын-тебенімен күн көрген зейнеткерлердің өкпесі қара қазандай. «Қалтам көтермегендіктен аздап болса да, арзан бағамен сатылатын әлеуметтік дүкенге жиі бас сұғамын. Әсіресе, мұнда қант үшін қырғын қатты болады. Күн сайын таңертең тауық шақырмастан бұрын 340 теңгеден сатылатын қант үшін кезекке тұрамыз. Сағат тоғызда ашылатын дүкенге ашылмай тұрып 70-80 адам кезекке тұрады. Кезек үшін жаға жыртысып та қалатын күндер аз болмайды. Сондағы алатынымыз – 2 келі. Ал күн сайын дүкенге бар-жоғы 3 қап қана жеткізіледі. Кезектің басындағылар алып үлгергенімен, соңындағыларға жетпей де қалады. Ал дүкендердегі баға бұған қарағанда 100-200 теңгеге дейін қым- бат», – дейді Көкшетау қаласының зейнеткер тұрғыны Айжан Тайжанова. Мәселеге орай тиісті мемлекеттік органдарға хабарластық. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, Көкшетауда қант бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік бағада сататын дүкендер желісі бар. Бірақ аудандарда мұндай дүкендер әлі жетпеген. «Көкшетау қаласында бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті әкімдік Kokshe әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Kokshe Market сауда орындарында 4 жерден әлеуметтік бағадағы сауда орындары ашылған. Қазір бұл дүкенде қант 340 теңгеден саудаланып жатыр. Сондай-ақ Жақсы ауданында да жергілікті TNK компаниясымен әлеуметтік бағада азық-түлік саудаланады. Басқа аудандарда осындай дүкендер құру ойда бар. Қолда бар соңғы деректер бойынша, қазір қант қоры 168 тоннаны құрайды. Ал қанттың ірі сауда орындары мен дүкендерде бағасын тұрақтандыру үшін өңірдегі негізгі қант жеткізушілері ЖК «Дарбаев» пен «Мукут» ЖШС-мен 10 пайызға дейін ғана көтеруге меморандум жасалған. Ал ірілі-ұсақты сауда орындарында бағаны тексеруге бизнеске мораторий болғандықтан, еш тексере алмаймыз. Тек заңды және жеке тұлғалардың жазбаша арыз-шағымы болған жағдайда ғана тексере аламыз. Бірақ әзірге еш шағым түскен жоқ», – дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов.Облыстағы қант жеткізушілер бағаны көтеріп жіберген
Тексеріс демекші, облыстың жоғарыда аталған екі жеткізушісі бағаны ымыраласа отырып көтеріп жібергенін өңірдің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басшылығы да мәлімдеді. «Облыстағы екі бірдей ірі қант жеткізу ЖК «Дарбаев» пен «Мукут» компанияларының әрекетінен қант бағасын ымыраласып көтеріп жібергені байқалды. Сәуірдің бас кезінде қос жеткізушіге де бағаны тұрақтандыру жөнінде хабарлама жіберілді. Егер хабарламаға сәйкес 30 күн ішінде баға өзгермесе, онда тергеп-тексеру жұмыстары басталады. Ал ірі және ұсақ сауда орындарындағы бағаны тергеп-тексеру біздің құзыретімізге кірмейді. Оған жергілікті әкімдіктер жауапты. Заңға сәйкес саудагерлер бағаны тек 15 пайызға дейін ғана көтеруге құқылы», – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Олжас Кәкенов. Қант қорының нақты деректерін білу үшін тұрақтандыру қорымен тікелей тілдестік. Баспасөз хатшысының мәліметінше, тұрақтандыру қорында дәл қазір 112 тонна қант сақталған. «Бүгінде қант 340 теңгеден сатылып жатыр. Жақында тағы да қант сатып алу жоспарланған. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қанттың көлемі әзірге белгісіз», – дейді Kokshe ӘКК баспасөз хатшысы Айя Калягина.P.S.
Сонымен, салаға жауапты қос министрлік қант тапшылығы жоқ дегенімен, жергілікті жерлерде мәселенің әлі тиянақты шешілмегені анық байқалады. Сондықтан түйінді мәселені шешу үшін барлық тиісті органдар бірлесе әрекет еткені жөн сияқты...
Ақмола облысы