Қаңтар оқиғалары кезінде азаматтардың мүліктері мен мемлекеттік нысандарды басып алуға қатысқандарға 20-100 АҚШ доллары көлемінде ақы төленген.
Мұндай мәлімдемені Бас прокуратураның І қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов жасады. Құзырлы орган оқиғаны ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, Алматы облысында О. және Н. есімді азаматтар анықталды, олар Талдықорған қаласында қиратулар, азаматтардың мүліктерін жою және мемлекеттік объектілерді басып алу қатысушыларын қаржыландырған екен.
«Бұл фактілер тергеу барысында анықталды. Оны жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін күдікке ілінгендердің де жауаптары растады. Жамбыл облысының тұрғыны 2022 жылғы 4 қаңтарда Алматы қаласында болып, Telegram канал ашып, оған санаулы сағаттарда бірнеше мың қатысушы жазылды. Осы Тelegram канал арқылы оның қатысушылары баррикадаларды құру, «Молотова» коктейльдерін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру үшін толық нұсқаулық алып отырған. Кейін биыл 5-6 қаңтарда аталған канал арқылы қиратушылардың қозғалысы және олардың Жамбыл облысының мемлекеттік объектілеріне жасаған шабуылдарын түзету туралы ақпарат жүрді. Күдікті адам анықталды және ол қазір қамауда. Осы өңірде «Газель» автокөлігінің жүргізушісі С. және оның жақтасы К. есімді азаматтар анықталды. Олар аталған көлікпен жүріп, алдын ала дайындалған арматураны, ұрланған полицияның қалқандары мен бронжилеттерін таратқан» деп атап өтті спикер.