Ақпараттық технологиялар мен оның мүмкіндігі қанша жерден қарыштап дамып кетті дегенмен әлі де тілшілер қауымы мен министрліктердің, басқа да құзырлы органдардың баспасөз қызметтері арасында жедел ақпарат алмасу проблемасы жиі туындайды. Әсіресе, өңірлік БАҚ-тармен қарым-қатынас орнату қиын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін кеше «АMANAT» Орталық аппаратында көпфункционалды баспасөз орталығы ашылды. Мұнда тұрақты негізде брифингтер, баспасөз конференциялары және медиа саласының өкілдерімен түрлі форматтағы кездесулер өткізіліп тұратын болды.
«Ашық партия» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында құрылған баспасөз орталығы саяси ұйымның халықпен кері байланысын арттыра отырып, ақпарат тарату ісіне жаңа тәсілдерді енгізуді қалайды.
«АMANAT» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда өткен кезектен тыс съезде саяси ұйымды жаңғыртуға, оның ішінде сайлаушылармен кері байланысты күшейтуге және қоғаммен ашық жұмыс істеуге үндеген болатын. Сол себепті сайлауалды бағдарламаның орындалуы, депутаттық фракцияның жұмысы және партиялық жобалардың іске асырылуы туралы жедел ақпарат беру мақсатында бүгін көпфункционалды баспасөз орталығы ашылды. Осы жобаға қоғаммен байланыс мәселесіне басымдық беретін Атқарушы хатшымыз Асхат Ораловтың басынан бастап ерекше қолдау көрсеткенін атап өткім келеді»,– деді «АMANAT» партиясының хатшысы Ринат Кертаев.
Баспасөз мәслихатының негізгі тақырыптары – «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының заң шығару бастамалары, қоғамдық кеңестер мен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі, партиялық жобаларды іске асыру және сайлауалды бағдарламаның орындалуы болады деп жоспарланған. Сондай-ақ мұнда партия өмірінен тыс халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты бүгінгі күннің күйіп тұрған өткір мәселелері де талқыланады деп топшыланып отыр. Орталық қажетті мультимедиа жабдықтарымен жасақталған.
«Орталық партияның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ақпаратты талқылау және тарату орнына айналуы тиіс. Мұнда дәстүрлі баспасөз конференцияларынан бөлек іскерлік әрі бейресми жағдайда түрлі кездесу ұйымдастыру үшін диалог алаңын ұсынамыз. Баспасөз конференциялары партияның әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында онлайн режимде көрсетіледі», – дейді баспасөз орталығының жетекшісі Қымбат Қали.
Баспасөз орталығының құрамындағы NewsHub.kz интернет алаңы жобасының жетекшісі Ерлан Рамазанов сайттың мақсаты мен міндеттері «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына толықтай үндесетінін жеткізді. Сондай-ақ ол еститін мемлекет қағидатына сәйкес жан-жақты хабардар қоғам құруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда жаңалықтарды, баспасөз хабарламаларын және мәліметтерді таратуда жылдамдық пен нақтылық принципі сақталады. Бұл халықтың жалған ақпараттардың жетегінде кетпеуіне көмектеседі.
«Менің көптен бері журналистер мен баспасөз қызметтерінің арасында ақпарат алмасуды қалай жеделдетсем деген ойым болатын. Интернет алаң осы мақсатқа қол жеткізу үшін дүниеге келді. Жобаның арқасында кез келген өңірлік БАҚ өзіне қажетті деректі республикадағы ірі басылымдармен бірге бір мезгілде ала алады. Біздің алаңда нақты және шынайы ресми мәліметтер ғана таратылады»,– деді жоба авторы.
Сондай-ақ жиын барысында баспасөз саласында жүрген белгілі журналистер, пиар кеңесшілер, блогерлер және тағы басқалар сөз алды. Олар «АMANAT» Орталық аппаратында ашылған көпфункционалды баспасөз орталығының жұмысына сәттілік тілеп, оның ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім артты.