Қазір көпшілікті «Қазақ зиялылары қандай болуы керек?» деген сұрақ мазалайды. Бұл ұлттық мәдениет пен өнер әлеміндегі немесе ілім-білім саласының өкілдерін ғана емес, жөн мен жол біліп, көпке арқа сүйейтін адамдарды толғандырып, ой толқытатын мәселе болып отыр. Әсіресе, ол материалдық игілікке келгенде жолы бола бермейтін, алайда қоғамдық ой-сананы қалыптастыруда өзіне артылған ауыр жүкті жеріне жеткіземін деп жанын салып, шама-шарқы келгенінше шапқылап, руханият жағын реттеп жүретін кісілердің өмірінде өзгеше сезіледі. Өзгеше дегенде, жасыратын несі бар, қоғамдық іске қолының ұшы тиіп, аузы жыбырласа болды, онысын міндет қылып, атақ па, ақша ма, бірдеңе дәмететін адамдардай емес, өкінішке қарай, адами құндылығы да сатылатын жағдайға жеткен жоқпыз ба, таза пейілімен жұрт жағында жүріп, халыққа пайдам тисе екен деп қызмет еткен өмірлеріне өнеге тұрғысында қостап, қарағанымыз жөн. Қазақ зиялысына тән осы құбылыстар бірінші кезекте әрбір қарапайым азаматтың ұлт пен қоғам алдындағы қарызы мен парызына адал іс-әрекеттерімен де өлшенетіні анық. Міне, осы ой арқауына орай сөз қылғанда көптеген замандастарымыздың жеке бастамасымен жүзеге асып, қоғамның береке-бірлігіне септескен тірліктерді айтуға болады. Олар – үндемей жүріп-ақ ел үмітін ақтағандар. Ең бастысы, жақсылық жасаған адамдарды ауылдастары мен жерлестері біледі. Қатарластары құрметпен қарап, бағалайды. Абырой деген осы. Әр адам абыройлы болса, қоғам да абыройлы болады деген тәмсіл бар. Бүгіндері қазақ журналистикасының тарланбоз өкілі, өз соқпағымен сыйлы Сүлеймен Мәметтің жұртты сүйсіндірген сан қырлары мен сырларына үңілсеңіз, оның әлемі шығармашылық еңбекті қоғамға пайдалы, жас ұрпаққа керекті істерге ұластырып, тынымсыз, ізденімпаз және жанашырлықтан құралатын төл бастамаларға толы. Әнеугүні ғой. Сыпайы сөз бастап, одан әрі күйіп, пісіп ала жөнелетін әдетімен: «Мұқағали Мақатаевтың есімі берілген мектеп-гимназияда ақынның шығармашылық орталығы ашылады. Соған келіңдер, бәріңді шақырып жатырмын» деп мән-жайды түсіндіріп жатыр. Бір топ Мәжіліс депутаты бардық. Біз ғана емес, елордада тұратын ғалымдар мен әдебиетшілер, кәнігі дипломаттар мен саясаттанушылар, жас ақындар төбе көрсетіпті. Ақиық ақынның ұлы мен келіні, Алматыдағы М.Мақатаев атындағы мектеп-гимназияның директоры, ата-аналар қауымы бас қосқан жиын болды. Бәрі де керемет ұйымдастырылды. Байқаймыз, алқалы рухани кездесуді ұйымдастырушылар жағы әрбір мәселені Сүлеймен ағамызбен ақылдасып, атқаратыны, бір-біріне деген сенім әбден қалыптасқан. Сол күні қалалық білім бөлімінің өкілі де өз сөзінде «Жаңа мектептерге туған халқымыздың даңқты ұл-қыздарының есімін беруде Сүлеймен ағамыз секілді зиялы кісілермен де ақылдасамыз» дегені бәрін айтып тұрғанын аңғарта қойды. Дұрысы санасамыз дегенінің өзін кімге қаратып меңзесе де, қоғамдық пікірді сыйлата алғандарға іштей алғыс. Бір осы білім мекемесінде оқитын 2 500 жас түлектің және оларға сабақ беретін 200-ге жуық мұғалімдердің алғысын алған Сүйекеңдердің қазақ мектептерінің жоқшысы және қамқоршысы болуы сонау 80-жылдары Алматыдан басталғаны еріксіз ойға оралады. Бүтіндей бір республиканың астанасы – Алматыда қазақ мектептері дегенде, жалғыз 12-ші орта мектеп қана ауызға алынатын жағдай шын мәнінде төзгісіз, ұлт намысы тапталып, еңсесі төмендеп кеткен ахуалды бастан кешуге мәжбүрлегені баршаға мәлім. Ұлттық сезімді оятып, қазақ тілінің келешегі жолында белгілі ақын Шона Смаханұлы бастаған бір топ қаламгерлер үй-үйді аралап, қазақ мектебінде оқимын деген балалардың санын жинастырып, жоғары биліктің алдына бұлтартпас, әділетті талаптарына сәйкес шешім шығаруда қол жеткізген қадамдар жасаған болатын. Сол кілең ұлтжанды, қоғамды қатты алаңдатқан іске белді буып, білекті сыбанып, батылдықпен кіріскен бір шоғыр азаматтардың қатарында республикалық баспа қызметкері, жап-жас қаламгер Сүлеймен де болған. Қадамдары да нәтижелі, құтты болған. Сол себепті байтақ елорданың ономастикалық жұмысына осынау елгезек, ұлттық мүддені ашық қорғайтын азаматтың бір табан жақын болуының осындай байырғы қисыны бар. Көзәйнегін мұрнының үстіне іліп қойып, бас алмай газет мақаласын өндіртіп жазатын ағамыздың қолындағы қалам қуатын да осы өміршең тақырыпқа арнауын кездейсоқ, жалпыға тән болған соң деуге де келмейтін негізі бар. Біз Сүйекеңдермен егемендіктің елең-алаңы күш ала бастаған 90-жылдардың белортасында қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде кеңінен кездесіп, етене таныстық. Шераға мен Әбіш ағадан кейін Отанымыздың бас газетінің бас редакторы болған Нұрлан Оразалин аса мәдениетті, зиялы болмысында билікті сынап, даурықпа жасай қоятын жан емес сияқты. Жоқ, ақберен ақын, қайраткер тұлға сол алмағайып кезеңде «Қауіп еткеннен айтамыз!» деген азат Алаш идеясын алға шығарды. Нарық жағдайына бірте-бірте көшкен елдегі ауыр тұрмыс-тіршілік ахуалы мен саясат ісі мәдениет соқпағына анық түспеген жұрттың алаңдаушылығы арасынан халықты сабырға шақырып, қиындықтан шығар жол іздеп, проблемалық мәселелерді орынды қозғаған сараптама мақалаларға ден қойды, өткір сыни дүниелерді бұрқыратып жазуға мүмкіндік жасады. Сол әріптестеріміздің арасында дедік, бұған дейін республикалық «Жалын», «Балауса» баспаларында қызмет істеп, көркем әдебиеттердің қазанында қайнаған, талай мықтының жазған роман, повестерін сүзгіден өткізіп, сөйлем, сөз қатесін түзетіп, стильдік ерекшеліктерді жақсы білетін қаламгер Сүлеймен Мәметті де сол өліара шақта басқа да ақмылтық журналистермен бірге ел газеті – «Егеменге» бас редактордың аттай қалап шақырып алуында осындай сыр бар болатын. Жылы жүзді, күлімдеп есен-саулық сұрасып, әркез жанашырлық пейілін танытқан бұл ағамыз бас газеттің үлкен ұжымына басқалардай емес, өте тез сіңісіп кетті. Журналистердің танылуына күнбе-күн шығатын газеттің тигізетін әсері мол. Жақсы мақала секретариат тартпасында жатып қалмайды. Бұл бауырымыз да оны сезінетін болар, ғылым мен білім тақырыбында қалам сілтей бастады. Ысылған жігіт, ешкімге ыға қоятын түрі жоқ. Баяғы аудандық газетте басталған тілшілік жол мен өмірге сағынып қайта оралғандай. Білдей бөлім жетекшісі. Бұл танылуының бер жағы екен. Сөйтсек, біреуге сүйкенбесе жүре алмайтын жандардың маңына жоламайтын, бір түйір артық ауыз сөзі жоқ, бірақ үнемі асығыс, байыз таппай зыр қағатын қаламгер газеттегі мүйізі қарағайдай ағаларымыздың жақын танысы, студенттік шақтан қимас достары екен. Олар – бас редактордың бірінші орынбасары, «Егеменнің» локомотиві (Ә.Кекілбайұлы) Ержұман Смайыл, бас редактордың орынбасары, оқымысты азамат Ербол Шаймерденұлы... Үшеуі – арасынан қыл өтпейтін дос. Соған қарамастан кейбірде мақаладағы бір сөз бен өткір ой төңірегінде кәдімгідей пікір таластырып қалады. Қызыл кеңірдек болып айтысқанын көрген жоқпыз. Бірақ, орынды-орынсыз қойылатын мәселеде үшеуінің де өз ұстанымы бар. Айналып келгенде қазақтың жағдайын бір-бірінен кем білмейтін алғыр жігіттердің арманы – өз ұлтына пайдалы іс атқару еді. Ерағаң – қатал әрі қарапайым, Ерекең – ақсүйектік мәдениет пен астарлы ой жүйрігі, ал Сүйекең болса, селкеу түспеген, биязы мінезімен сүйкімді. Пысық. Үш ноян үміті мен сенімі талай үштаған, ошақтың үш бұтындай орнықты тірлік пен көкейкесті мәселелердің арқау жібін орап, обал-сауабына қалмай, оң шешілуіне септесті. Сөздің сұрмергені Сүлейменнің «Қазақтың жері саудаға салынбасын», «Қайран тіл», «Қазақ тілі босағадан сығалап тұр», «Ұрпақ қымбат па, үй қымбат па?», «Жат жердегі бауырлар» және басқа да мақалаларының тауып қойған тақырыптарының өзі-ақ дірілдетіп, айқайлап тұрған жоқ па? Бұл журналистік ізденістерінен туындаған сүбелі мақалалары бас редактор Ержұман Смайылдың аузынан «жаман емес» деген баға алса, айта кетейік, жұлдызды журналист Ерағаның «жаман емес» дегені «мықты, күшті» дегені екенін білеміз, оқырмандар қаламгердің ой-толғаныстарын құптап, қуаттап жатады. Атақты Шераға – Шерхан Мұртаза да өзі үйреткен жас журналистердің жазғандарын сүйсініп оқыған, сөйте тұра разы көңілін «жаман емес» деген бір ауыз сөзді өзіне ғана тән мәнермен, басын изеп, мақұлдайтын бейнесі көз алдымызда. Абыз аға бірде өзі туралы інісінің жазған пікіріне «Сүлеймен мырза, бұныңыз қалай, сіз мені «ұлы жазушы» депсіз? Асыра айтқансыз, бізде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтер ғана ғой» деп телефон соғады. Ауыр мінезді, қаhарлы дауысты ағасының базына сөзін естіген Сүйекең де ойын салмақтап алып: «Шераға, сізді неге олай айтпаймыз, жақында академик Зейнолла Қабдолов ақын Қадыр Мырза-Әліні «ұлы ақын» деді ғой. Көзі тірісінде» дейді. Сонда Шераға: – Қайдам, қарағым? Академик Зекең айтса, біліп айтатын шығар, – депті дауысын созыңқырап. Шындыққа тура қарайтын Шерағаның журналистер туралы айтатын сөздік қорындағы «Газетте де «хулигандар бар» деген астарлы сөзі еркіндікті қалайтын, ойын ашық айтудан тартынбайтын ізбасар әріптестерінің айды аспанға шығаратын сирек іс-әрекеттерін еске салады. Сол сияқты Сүйекең де халықтың жүрегі мен көзінде тұрған бір лайықты сөзді айтудан, еркін сөзден не себепті тартынады. Ұлылықты ұқтырған ұғымды кім, қалай қабылдайды? Шерағаң болса, бұл сауалға өзінің жоғары талғам биігінен қарағаны хақ. Өмір бір орнында тоқтап та қалмайды. Ел ағасының жасына жетіп, жетпістің желкенін керген қаламгер аға студенттік шақта тағдыр тоғыстырған қимас достары алдындағы қарыз бен парызды өтеу жолында көп шапқылайды. Аманатты іске қиянат жасауға болмайды дейді, әрине. Несін айтасыз, бүгінде араларында жоқ нар тұлғалы курстастары, үлкен өмірде ең сенімді жолдастарының өнегесін жас ұрпаққа жеткізіп, олардың ұмытылмас рухани ізгілікті ұлағаттарына бірден-бір қамқор адам. Жастайынан аттан түспеген қайраткер, талантты қаламгер, үзеңгілес досы Ербол Шаймерденұлы, одан кейін мейірімсіз ажал ортамыздан алып кеткен көрнекті журналист досы, қазақ баспасөзінің тарланы, нағыз еңбек ері Ержұман Смайылдың артында қалған мол мәдени мұрасын жинақтап жарыққа шығаруға бас-көз болған, ел тәуелсіздігін руханият жағынан қалыптастыруға көп үлес қосқан абыройлы тұлғалардың есімін қоғамдық ой-санада жаңғыртуға атсалысуды адалдық мұраты санайды. Қолына қалам ұстаған адам серт береді. Ұлтқа қызмет етемін деген ұстаныммен өмір сүреді. Сондықтан ерте бастан осы арманы, осындай идеялық бағыты, осындай мақсаты оны алға қарай жетелеп, әр қадамынан құт-береке әкелеріне сенімі мол. Елорда мен Алматының арасы Сүлеймен ағаның өз кезегінде зиялы адамдардың алтын көпірі, ақылды әріптестерінің ой арқауы деп қарайды. Қасиетті ұлттық байлығымызды қастерлей біліп, сақтайтын әдеби-мәдени орта деп санайды. Әнеугүні ғой, әйгілі әдебиетші ағасы Әділ Ахметов өзіне телефон соққан. Аса сабырлы, не айтса да әділдігін айтатын рухани ұстазы емес пе, бірден: «Ой, батырым, көрінбей кеттің ғой. Бізге қандай тапсырмаң бар?» деп әзіл-шыны аралас сағынышын сездіріп жатыр. Сыпайы мінезді інісі қазіргі қоғамда толғандыратын жағдайларды тізбелеп-ақ жатыр. Үлкенмен сөйлесу, үлкенмен сырласу, көргендіден өнеге алу қазір «модадан» қалды. Біздің ұлттық қасіретіміз осында жатыр. Отбасылық құндылықтар кейін шегеріліп, неке мен бала тәрбиесіне жеңіл-желпі қарайтын ұрпақтың өскені, әрине, ол біздің кемшілігіміз... дейді. Қазіргі қазақ зиялысының болмысына тән көпқырлы қасиеттің бір ұстыны осы емес пе? Ел ағасы мұндайда жазу үстеліне отырып, қолына қаламын алады. Толғана жазған ойлы мақалаларын өзінің сүйікті басылымдарына жолдайды. Ұлтқа қызмет етемін деген ұстаныммен өмір сүріп жатқан жазушы-журналист Сүлеймен Мәмет те бірер ай бұрын ерекше талантты журналист, замандас-құрдасы Жанболат Аупбаев 70 жасқа толғанда «Жәкеңдей жампоздардан кейін туғанымызға шүкір етемін» деп кішіпейілдік мінезімен бір күлдіріп, бір жарасымды жолы мен жөнін келтіріп еді. Олардың көркем мінезі мен әдемі келбеттеріне қарап, ақырын ғана «Жап-жассыңдар-ау, ағалар!» деген сөзді біз о бастағы ойымызға қосып жіберсек деп едік, солай еттік енді. Тегінде, беделді әрі көпшіл қаламгердің қайраткерлік қызметі мен кәсіби ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Қазақ елінің дамуы мен қоғам құндылықтарын байытуға қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар мемлекеттік марапатқа, оның ішінде «Құрмет», «Парасат» ордендеріне ие болған, сіңірген еңбегінің өз деңгейінде лайықты бағалануы да абырой емес пе, өзі.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері