Кәсібің қалай, кәсіпкер?
Кәсібің қалай, кәсіпкер?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
387
оқылды
Халықтың әл-ауқаты экономика өсіміне қаншалықты тәуелді болса, кәсіпкерлікті қолдау да отандық экономиканың дамуына дәл сондай мүмкіндік береді. Өз ісін ашып, халықты жұмыспен қамту жүйелі қолға алынса, дамудың даңғыл жолына түсу деген сол. Ал эконо­миканы әр­тарап­тан­дыруда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы зор. Нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенетінін Мемлекет басшысы да өз сөзіне үнемі арқау етеді. Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қабылданған құжаттар аз емес. Мәселен, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымындағы сапа­лы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы арқылы шағын бизнесті дамыту, кәсіпкерлік суб­ъек­тілері үшін тең мүмкіндік қарас­тырып, бәсекелестікті кешенді да­мыту қолға алынып келеді. Сондай-ақ үш жыл бұрын бизнесті қолдау мен дамыту мақсатында «Бизнестің Жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ондағы басым міндеттің бірі – өңірлік кә­сіпкерліктің тұрақты және тең­ге­рімді өсуін қамтамасыз ету. Ендеше мақсаты айқын мемлекеттік бағ­дарламаның мүмкіндігін молынан көріп жатқандар бар ма?

Бизнеске арналған талап қайта қаралады

Бүгінде «Бизнестің Жол кар­тасы» бағдарламасы аясында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Жауаптылардың ай­туынша, бұл 150 мыңнан астам жұ­­мыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізген. Ұлттық эко­­номика минис­трі­нің бірінші орын­басары Тимур Жақсылықов­тың сөзіне сенсек, 2015-2021 жыл­дары елдегі шағын және орта кәсіп­керліктің дамуы оң нәтиже көр­сеткен. Соның арқасын­да жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктің жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъектіге жетіп отыр. «Пандемия кезінде басталған дағдарысқа қарсы шаралар кешені жалғасын тауып келеді. Оның ішін­де экономиканың зардап шеккен секторларына кредит беру, шағын және микрокәсіпкерлік субъекті­леріне барып тексерулер жүргізуге 3 жылдық мораторий, зардап шек­кен салалардағы ШОК субъекті­лерінің кредиттерін кейінге қал­ды­ру мен салықтық жеңілдіктер қа­рас­тырылды. Қаңтардағы тәртіп­сіздік кезінде зардап шеккен кә­сіп­керлікті де қолдау шаралары қа­был­данды. Оларға мүліктік зиянды өтеу, жеке және заңды тұлғалардың қарыздарын кейінге қалдыру, са­лық­тық және кедендік тексерулер мен басқа да шаралар тоқтатыл­ды», – дейді бірінші вице-министр. Бүгінде бизнеске арналған та­лаптарды қайта қарау жұмысы екі кезеңде жүргізілмек. Бірінші – биыл­­ғы жылдың бірінші жарты­жыл­­дығында сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық та­мақтандыру және тұру қызметтері саласындағы реттеушілік талаптар­ды қайта қарау қамтамасыз етіледі. Бұл салаларда кәсіпкерлік субъек­ті­лерін қамту шамамен 60 пайызды құрайды. Екіншісі, жылдың келесі жар­тыжылдығында және келер жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалар­дағы бизнеске қойылатын талаптар да қайта қаралады. Осылайша, кә­сіпкерлік саласындағы кезең-ке­зеңмен өтетін жұмыс «Реттеуші гильо­­тина» әдісін қолдануға мүм­кіндік береді екен. Бұл бір жағынан мем­лекеттік бақылауды автомат­тан­дыруға қол жеткізсе, екінші жа­­­ғы­нан кәсіпкерлік қызметті рет­­­теудегі жаңа тәсілдерді іске асы­рады. Яғни, биз­неске жүктемені түбегейлі азай­туға және іскерлік белсенділікті да­мытуға оң серпін береді. Жоспар тиім­ді жү­зеге асса, іс бастағысы кел­ген­дердің айы оңынан туады деген сөз.

Еңбек еткісі келгендерге «Еңбек» бағдарламасы бар

Өткен жолы Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен бри­фингте Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов халықтың та­бысын 2025 жылға дейін арттыруға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы шең­берінде жаңа жұмыс орында­рын құру, ха­лықты жұмыспен қам­туға жәрдем­десу, еңбек ресурстары­ның дағды­ларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау жұ­мысы жүре­тінін жеткізген. Айтуын­ша, алдың­ғы кезекте жұмыс орын­дарын құру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды көлеңкеден шығару мақсат етіледі. «Қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істейді, олардың бір бөлігі заңнан тыс қызмет көрсетеді. Бұл дегенің бірреттік қызмет көр­сетеді және көп жағдайда олар тап­сырыс берушіден қорғалмайды. «Плат­фор­малық жұмыспен қамту» жо­басы қолға алынуда. Мәселен, үйді тазарту, қорғау, азық-түлік жет­кізу сияқты қызмет көрсететін адам­­дарға осы қосымшада тіркеліп, тез және ыңғайлы тапсырыс табуға мүмкіндік береді. Қосымшада та­рап­тардың құқықтары мен міндет­тері, орындаушының еңбек құқық­тарын қорғау көзделетін қысқар­тылған шарт жасалады. Өз кезегінде бұл көлеңкедегі адамдарға кәсіп­керлік ортаны қалыпты деңгейге шығаруға және аударуға мүмкіндік береді», – дейді Ержан Біржанов. Қорыта айтсақ, ерінбей еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттік қолдау бар. Тек шағын және орта биз­­несі жанданған Жапония, Гер­мания, Бельгия, Италия сияқты елдердегідей барлық кәсіпорын санының 90 пайызын құрау әзірге бізге арман болып тұрғаны да жасы­рын емес. Өйткені біздегі ай сайын салығы төленіп отырған кәсіпкер­ліктің дені тек құжат жүзінде ғана. Әлгі айтылған кәсіпкер әйелдердің дені «декретке миллионмен шы­ғуды» ғана мақсат ететіндер. Сол үшін де олардың көбі отандық эко­номикаға оң ықпал ете алмайды. Ха­лықты жұмыспен қамту баяу жүріп келеді. Сондықтан кәсіпті іс жүзін­де ашқысы келетіндерге ар­налған мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Кәсібін ашу рәсімдері жеңіл­деп, қаржылық қолдау ша­ралары жүзеге асқан сайын кәсіп бастағысы келе­тіндер көбейе түсері анық.