Ресей рублі Еуразиялық экономикалық одақ ішінде есеп айырысу валютасы ретінде енгізілмек, – деп хабарлайды КТК.
Алайда бұл сауда-саттық түгел Ресей рублі арқылы жүреді деген сөз емес.
Ресей валютасы кедендік баж төлемінен түскен қаржыны бөлу үшін ғана пайдаланылады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкелінетін импорттық тауарларға салынатын салық. Рубльмен қайта есептеу тек Ресеймен және Беларусьпен жүргізілмек. Өйткені бұл мемлекеттер санкция салдарынан АҚШ долларымен есеп айырыса алмайды. Бұл ретте Армения және Қырғызстанмен арадағы сауда-саттықта америкалық валютада қала бермек.
Қазақстан Сауда және интеграция министрлігінің департамент директоры Темірлан Жантасов: «Біз бүгінгі таңда рубль аймағы туралы әңгіме қозғауға ниетті емеспіз. Екі елдің шаруашылық субъектілері арасындағы сауда операцияларының шамамен 70 пайызы Ресей рублін пайдалана отырып жүргізіледі. Біздегі импорттың шамамен 42 пайызы Ресей Федерациясынан. Рубльді пайдалану – бұл объективті себеп», – дейді.