Академик Ерлан Сыдықовтың «Қазақ елі құндылықтары» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Академик Ерлан Сыдықовтың «Қазақ елі құндылықтары» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
539
оқылды
Бүгін Eurasian Book Fair–2022 V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың «Қазақ елі құндылықтары» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, академиктер, тарихшылар және т.б. қатысты. Басылым Ұлы Дала тарихын насихаттауға бағытталған. «Қазақ елі құндылықтары» біздің еліміздің сирек кездесетін мәдени және табиғи нысандары, ЮНЕСКО-мен қорғалатын ұлттық мәдени мұра элементтері, көшпелі мәдениет құндылықтары, дала өркениетінің ежелгі урбанизация процестері, ежелгі түркілердің рухани-мәдени және материалдық құндылықтар жүйесі туралы тарихи деректерге негізделген. Басылымда әрбір тарихи нысан туралы ғылыми түпдеректер келтірілген, сондай-ақ бірегей ежелгі суреттер қоса берілген. Таныстырылым барысында, ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы:
– Біз мемлекеттілігіміздің тарихын зерттейміз. Кітапта мәдени және рухани ескерткіштер, материалдық және рухани құндылықтар бар. Жастар өз халқының тарихы мен құндылықтарын білуі керек, өйткені олар елімізден тыс жерлерге шыққанда өз мемлекетін таныстырады. Сондықтан бұл еңбек қолданбалы сипатқа ие, – деді.
Бір кітаптың ішінде Яссауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Күлтегін, Ұлы Жібек жолы, Ботай, қар барысы, қымыз, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және т.б. халқымыздың материалдық және дәстүрлі мәдени құндылықтары ұсынылған. Автор белгілі бір салада білімін тереңдеткісі келетін оқырмандарға оңтайлы болу үшін басылым мазмұнындағы ғылыми әдебиеттер тізімімен де бөліскен.
«Барлық ұлы мұралар осы кітапта сипатталған. Кітапта мыңдаған жылдар бойы жиналған қазақ халқының рухани, мәдени, тарихи құндылықтары берілген», – деп атап өтті филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры Серік Негимов.
Сондай-ақ тұсаукесер рәсімде өз пікірін жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы, профессор, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы, ҚР ҰҒА академигі, генетик-ғалым Рахметқажы Берсімбай және басқа да ғалымдар білдірді. Тарихи-танымдық еңбек кең аудиторияға арналған. «Қазақ елі құндылықтары»  кітабында Ұлы дала өркениетінің жасампаз тарихы оқуға жеңіл, ұғынықты тілде  баяндалған. Автор Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында іргелі зерттеулердің нәтижелерін тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналдырмай, қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажеттігін айқындағанын көрсетеді. Еңбек еліміздің барлық кітапханаларында қолжетімді болмақ. Қазақ тілінде басылған кітап орыс және ағылшын тілдерінде де жарық көреді.