Қазақстанның Қарулы күштері – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі
Қазақстанның Қарулы күштері – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі
1,229
оқылды
1992 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері еліміздің тәуелсіздік алуына және Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына байланысты құрылды. Бүгінде Қазақстан әскерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы орайда бұл жылдарды ұлттық Қарулы күштерді құру, жарақтандыру мен жабдықтау, жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеу, әскери тәртіпті нығайту жылдары десек те артық болмас. Бұл әлемде жауынгерлік қабілетті армия құрудың тиімді шешімдерін іздеу, өзгерту және қалыптасу жылдары болатын.    width= Қазақстан әскері 30 жыл ішінде күрделі даму жолынан өтті. Осы уақыт аралығында біраз жұмыс істелді, әлі де атқарылатын іс көп. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін төл Қарулы күштерімізді құру қажеттілігі туралы мәселе туындады. Шекаралас аймақтарда сол кезде күрделі геосаяси процестер жүріп жатты. Бұл Ауғанстандағы соғыстан кейінгі дағдарыс, көршілес Орта Азия мемлекеттеріндегі, соның ішінде тәжік-ауған шекарасындағы ұлтаралық қақтығыстардан көрінді, басқа аймақтардағы ахуал да тұрақсыз болды.    width= Алғашқы қадам 1991 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлықты шығару болды. Осы тарихи сәтте Қауіпсіздік кеңесі жағдайды жан-жақты және терең зерделеп, республика аумағында орналасқан КСРО Қарулы күштерінің барлық бөлімдері мен құрамаларының Қазақстан Президентіне бақылауында болуын белгілеу керек деген бір қорытындыға келді. Қазақстан өзінің жеке армиясын заңды түрде құру құқығын 1992 жылдың 7 мамырында іске асырды. Осылайша Президенттің Жарлығымен Қарулы күштер құрылды. 1993 жылдың ақпанында еліміздің алғашқы Әскери доктринасы қабылданды. Осы құжаттынң негізінде барлық нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу басталды. Сонымен қатар, ұлттық армияның, басқару органдарының келбеті мен құрылымын қалыптастыру бойынша қажырлы еңбекті талап ететін жұмыстар жүргізілді.    width= Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасу үдерісіндегі негізгі тарихи рөлді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, сондай-ақ бірінші Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атқарды. Бүгінде отандық әскери оқу орындары ер есімін мақтанышпен алып жүр, ал Сағадат Нұрмағамбетовтың кітаптары мен өмір жолының өнегесі қазіргі Отан қорғаушыларды тәрбиелеу құралы іспеттес. Сол жылдары сапта болған әрқайсымыз еліміздің болашағы жарқын боларына, армиямыздың қуаты артып, өркендейтініне сендік. Біз осы мақсаттарға жету үшін жұмыс жасадық. Қорғаныс министрлігінің жедел және тиімді шараларының, жас армияны құрған генералдар мен офицерлердің, олардың ерекше шешімдерінің арқасында біз жағдайды өзгертіп, Қарулы күштердің іргетасын қаладық.    width= Қазақстан Қарулы күштерінің негізі болып табылатын Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы ретінде біздің әскерлеріміз негізгі өзгерістер мен қайта құрудан өтіп, құрылымы мен күнделікті тыныс-тіршілігі қалыптасқан оңтайлы теңгерімге қол жеткізді деп айта аламын. Бүгінгі таңда Құрлық әскерлерінің құрамында төрт аймақтық қолбасшылық және Десанттық-шабуылдау әскерлері бар. Агрессияға тойтарыс беру үшін әскерлердің әзірлігін қолдау, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолға қару алып қорғау, мемлекеттік және әскери объектілерді күзету және қорғау, құрлықта мемлекеттік шекараны қорғау, сондай-ақ бітімгершілік міндеттерді орындау негізгі міндеттер болып табылады. Қарулы күрестің нысандары мен әдістерінің өзгеруін ескере отырып, жеке құрамды оқыту және жауынгерлік даярлық әдістемесі үнемі түзетіліп отырады. Қару-жарақ паркі жаңартылып, әскери инфрақұрылым дамуда, жыл сайын өткізілетін оқу-жаттығулардың сапасы мен саны артуда. Жүктелген міндеттерді сауатты және оқытылған әскери қызметшілерсіз, барлық буындағы басқару командирлерінсіз, былайша айтқанда – адами капиталсыз шешу мүмкін емес. Қажетті білімі мен кәсіби шеберлігі бар әскери мамандарды даярлау Алматы қаласындағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында жүзеге асырылады. Әскери оқу орнында заман талабына сай оқу-материалдық база бар. Жоғары оқу орнында барлығы 14 мыңнан астам офицер даярланды, олардың 81-і «генерал» жоғары офицерлік атағын алды. Институт іргелі, қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен зерттеулерді ұйымдастыруға және жүргізуге бағытталған өзінің ғылыми қызметін жүргізеді. Олар әскери-теориялық еңбектерді әзірлеуді, өнертапқыштық және рационализаторлық жұмыстардың нәтижелерін ресімдеуді, конференциялар мен басқа да іс-шараларды өткізуді қамтиды. Қазақстанның Құрлық әскерлерінің офицерлері мен сержанттары тәжірибелі, білімдері мен іскерліктерін үнемі жетілдіріп отырады. Жауынгерлік даярлықтың ұтымды бағдарламасы әзірленді. Оқуға әскери істегі әлемдік озық тәжірибе енгізілуде. Әскерлердің тиімді әдістері мен тәсілдері жасалып, қолданылып жатыр. Офицерлер мен сержанттар стандартты емес шешімдер қабылдауға, аз шығынмен жеңіске жетуге үйренуде. Әскери қызметшілер лайықты ақшалай ризықпен және әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғыда әскери-патриоттық жұмыстың алар орны ерекше. Бүгінгі таңда әскерге шын ниетімен Отанға қызмет еткісі келетін жастар көп келеді.  Бұл патриоттық шаралардың маңыздылығын дәлелдеп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әскердің даму көкжиегін, еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің жаңа тетіктерін атап өтті. Мемлекет басшысы ведомстволар басшыларының алдына мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған іс-қимылдардың сапасын ұдайы арттыруды талап ете отырып, міндеттер жүктеді. «Жаңа Қазақстанның» құруға қатысты барлық реформалар мен өзгерістерді бағынысты әскери бөлімдер мен бөлімшелерде енгізудеміз. Бұл Қарулы күштеріміздің – еліміздің әскери қауіпсіздігінің сенімді кепілі болатын жаңа армиямыздың қарышты дамуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат ҚОЙБАҚОВ