Елордада оқушы қызға тиіскен күдікті автобустағы камералардың көмегімен ұсталды
Елордада оқушы қызға тиіскен күдікті автобустағы камералардың көмегімен ұсталды
240
оқылды
Астанада көпқабатты үйдің кіреберісінде жас қызға тиіскен күдікті ұсталды. Ол 20 жастағы студент болып шықты. 
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 20 жастағы студент ұсталды. Осы жылдың 18 сәуірінде жас жігіт аялдамада қызды кездестіргені анықталды. Автобуспен бірге жүріп, оның соңынан ерген. Үйдің кіреберісінде танысуға тырысқан. Бірақ қыз қарсылық білдірген соң оны еркінен тыс қорламақ болған», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.
CTS компаниясының баспасөз хатшысы Наузат Азанбаева Facebook парақшасында күдіктінің автобустағы бейнебақылау камераларының көмегімен ұсталғанын жазады. Полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіттің үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен іс қозғалған. Соңғы шешімді елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығаратын болады. Бұған дейін әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның жас қызға тиіскені бейнеленген видео тараған болатын. Қыз сағат 21:00 шамасында үйіне оралған. Видеодан үйдің кіреберісінде белгісіз адамның қызға тиіскені анық байқалады. Кейін қыздың әкесі полицияға шағым түсірген еді.