Елордада 14-29 жас аралығындағы жастар арасындағы нашақорлыққа қарсы ESIRTKiGE JOL JOQ жобасы өтіп жатыр. Жобаны қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйым-
дастырды.
Іс-шараға «Астана жастары» КММ жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аян Ерментаев, психолог Александр Грищук, қалалық Есірткі саудасы департаментінің подполковнигі Сергей Ильиных, Esirtkisiz Bolashaq қорының директоры Ақтаев Жандос пен еріктілер қатысты.
«Жастар арасында есірткіге ермейтін мінез қалыптастыру мақсатында жоба жұмысын қайта бастап отырмыз. Мақсат – диспансерлік есепте тұрған нашақорлардың санын азайту. Жыл соңына дейін көрмелер мен бейнероликтер БАҚ арқылы жастарға түсіндіру жұмыстары мен рейдтік шаралар ұйымдастырылады», – деді А.Ерментаев.
Іс-шараға 50 мыңға жуық жасты қамту көзделген. Әр кезеңде еріктілер полиция қызметкерлері, «Ренессанс» оңалту орталығының психологтері және «Шанс» халыққа әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталығы қызметкерлерімен бірге рейдтерге қатысады. Сондай-ақ елорданың белсенді жастары үшін тренингтер өткізіледі. Психолог Александр Грищук 3 жылдан бері есірткіге тәуелді жастарды емдеумен айналысады. «Жасөспірімдерді нашақорлықтан сақтау үшін әуелі мінез қалыптастыру керек» дейді ол.
Жастар конгресінің «Есірткісіз болашақ» қорының директоры Жандос Ақтаев ғимараттардың қасбетінде және тұрғын үйлердің кіреберісінде есірткіні жарнамалап, сурет салатындармен күрес қарқынды екенін жеткізді. Олар апта сайын өшірсе де, арам ойын іске асырғысы келетіндер амалын тауып жүр деп отыр.
«Бізде Қазақстанның барлық аймағында өңірлік штаб бар. Олар есірткі жарнамасын өшірумен де айналысады. Ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының қасбетінде, кіреберістерде сан алуан граффити, QR-кодтар мен жапсырмаларды өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар. Ал ондай жазулар қалай болғанда да есірткі сату ресурстарына апарады. Басым бөлігі – Telegam-арналар, я болмаса, даркнеттегі сайттар. Бүгінде есірткі саудалайтын 20 Telegam арнаны анықтап, көзін жоюға көмектестік», – дейді Ж.Ақтаев.
«Сенің өміріңнің ырғағы» акциясы аясында «Үздік видеосюжет», «Үздік телевизиялық репортаж», «Үздік радиосюжет», «Баспасөздегі үздік басылым», «Интернет басылымдағы ең үздік мақала» номинациялары бойынша байқау, Instagram әлеуметтік желісінде сурет салу бойынша бейнероликтер байқауы және есірткіні тұтынуға теріс көзқарасты тәрбиелеуге бағытталған спорттық челлендж жоспарланған. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен жыл соңында марапатталады. Айта кетейік, жобаның ашылу салтанатына орай арнайы фотокөрме ұйымдастырылды.