15 сәуірден бастап мобильді аударымдар бақылауға алынды. Үй жанындағы дүкендерде, дәмханаларда төлемді қолма-қол ақшамен талап етіп жатқандарды байқап қалдық. Көпшілік арасында «таныстарыма мобильді аударым арқылы ақша алсам, салық төлетеді» деп қорқып жүргендер де бар. Мобильді аударым мәселесінің көпке түсініксіз тұсы қандай? Кімнің қаржысы, не үшін тексеріске ілігеді?
КӘСІБІҢІЗ БОЛМАСА, ҚОРЫҚПАҢЫЗ!
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан табыс табу белгілері бар банк операцияларын анықтау мақсатында оның өлшемшарттарын белгілеп, электронды үкімет порталында көпшіліктің талқылауына ұсынған еді. Бұл талқылау биылғы ақпан айынан бері жүргізілді. Өлшемшарттар екі айдың ішінде пісіп-жетіліп, әбден електен өтті деуге болады. Бүгінде осыған қатысты Қаржы министрінің бұйрығы 15 сәуірден бастап күшіне енді.
Қарапайым тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға салық салынбайды. Мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғалар туралы мәліметтерді 2025 жылдан бастап беру жоспарланған. Сосын ақшаны аударғандардың емес, қабылдағандардың мәліметтері тексеріледі. Оның өзінде есепшотыңызға әртүрлі адамдардан үш ай қатарынан ай сайын кемінде 100 аударым жасалса ғана салық органдары сізді шақырып, қаржының шығу тегін түсіндіріп беруді талап етуі мүмкін. Тек қаражаттың жасырын кәсіпкерлікпен байланысты еместігін дәлелдеуіңіз керек. Яғни, жақын туыстарыңыз, достарыңыз ақша аударып жатса, қорқудың қажеті жоқ.
Бір адамның шотына қатарынан 3 ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша аударылса, ол жасырын түрде кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің қатарына жатқызылады. Егер расымен кәсіпкерлік мақсатта қолданғаны анықталса, заңды түрде жұмысын жалғастыруы тиіс. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп отыруы талап етіледі.
«Басты мақсат – «көлеңкелі» экономикамен күрес. Сонымен қатар салық мәдениетін көтеру. Негізі, азаматтар есепшот ашқан кезде оны кәсіпкерлік мақсатта емес, жеке мақсатта ғана пайдаланатынына келісім береді. Ұлттық банктің қаулысы бойынша жеке шоттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға болмайтыны көрсетілген қаулы бар. Бүгінде бұл талап орындалмай жатыр. Биылдан бастап кассалық аппарат сатып алғысы келмейтін кәсіпкерлерге Е-Salyq Business қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымшаның көмегімен кассалық аппарат сатып алмай да, жұмыс істеуге болады», – деді Айнұр Сартаева.
АЛДЫМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ТЕКСЕРІЛЕДІ
Мобильді аударымдарға қатысты мәліметтерді тексеру төрт кезеңді қамтиды. Бұл процесс бірнеше жылға созылады. Кәсіпкер ретінде тіркелмесе де жолаушы тасымалдап жүрген жеке тұлға мемлекеттік қызметші болмаса, биыл оның шоты тексерілмейді. Биыл тек мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларына жолданған аударымдар назарда болатын көрінеді. Айта кетейік, барлық тұлғаларға жасалатын аударымдарды бақылау тек 2025 жылы басталады.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша, 2023 жылдың басында Мемлекеттік кірістер органдары тиісті мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтар және жұбайларының ЖСН нөмірін банктерге береді. Осы талап бойынша «кәсіпкерлік мақсатта табыс алуы мүмкін?» деген сұрақ туындайды. Әрі қарай кірістер органдары осы тізімді алғаннан кейін осы азаматтармен жұмыс істейді», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Ал келер жылы бюджет саласындағы және квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлердің кіріс-шығысы бақылауға алынады. 3-кезеңде – заңды тұлғалардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер қамтылса, халықтың қалған санаттарына қатысты мәмліметтер 2025 жылдан, яғни жалпы ортақ декларация тапсыру басталған тұста іске асады.
ЗАҢДЫ ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚИЫН БА?
Кәсіп бастауда оны заңдастыру мәселесі де бар. Елордалық бухгалтер Гүлнұр Шолпанқұл азаматтарды «табысымды қалай жасырсам екен?» деген сұрақ емес, «қалай салық төлеу керек?» деген сұрақ мазаласа деп отыр.
«Егер сіздің кәсібіңіз болып, ай сайын тұрақты табыс тауып отырсаңыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, төлемді қолма-қол ақшамен қабылдап, кассалық аппараттан түбіртек шығарып отыру керек. Көпшілік кәсіпті заңдастыру қиын, есебі түсініксіз, салық көп деп ойлайды. Шын мәнінде, кәсіпті заңдастырып жұмыс істеген әлдеқайда тиімді. Барлық микро және шағын бизнес 2023 жылға дейін салықтан босатылған», – дейді Г.Шолпанқұл.
Салықтарды уақытылы төлемесеңіз, әр кешіккен күн үшін өсімпұл жүреді. Кейін оны толықтырып төлеуге тура келеді. Уақытылы есеп өткізбеу, кассалық аппарат қолданбау секілді заңбұзушылықтарда көбіне бірінші жолға ескерту беріледі. Тек екінші рет айыппұл салуы мүмкін.
Қорытындысында, салық – экономиканың маңызды бөлшегі. Салық түсімдерінің есебінен мемлекет қазынасы толығады. Сондықтан кәсіп ашып, табыс тауып отырған әрбір азамат мемлекет алдындағы міндетін орындауы тиіс. Ал заңды түрде жұмыс істеп, салықты уақытылы төлеп отырсаңыз, алаңдауға негіз жоқ.