Енді Семей полигонынан зардап шеккендер мемлекет тарапынан төленетін төлемдерді портал арқылы онлайн рәсімдей алады. Бұл туралы egov.kz сайтында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттен біржолғы төлемді Семей сынақ полигонының аумағында 1949-1965 жылдар, сондай-ақ 1966-1990 жылдары өмір сүрген азаматтар ала алады.
Биыл порталда жаңа қызмет іске қосылды. Полигоннан зардап шеккендер жеңілдіктер мен өтемақы алуға қажетті куәлікті онлайн ала алады.
«Бұл қызмет бұрын ХҚКО арқылы қағаз түрінде ғана берілетін. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз мемлекеттік органдармен бірлесіп қызметті онлайн форматқа көшірдік. Бұл Семей өңірінің тұрғындары үшін өте маңызды және қажетті қызмет деп санаймыз», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.
Қызметті пайдалану үшін egov.kz порталына кіріп, басты бетте «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімін ашып, «Отбасыларға көмек» тармағын таңдап, қажет қызметті таңдау қерек. Әрі қарай, пайдаланушы:
порталда авторизацияланады;
онлайн қызметке тапсырыс береді;
барлық қажетті ақпаратты толтырады;
ЭЦҚ немесе екі факторлы аутентификация көмегімен өтінімге қол қояды.
Өтініш 20 күн ішінде өңделіп, пайдаланушының "Жеке кабинетіне" хабарлама келеді.
Хабарламаны алғаннан кейін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен жеке куәлікті / жеке куәліктің көшірмесін алуы қажет.
Біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы өңірлер, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша өтемақыны төлеу кестесіне сәйкес төленеді.
Бұған дейін, сәуір айының басында ШҚО-да ұжымдық шарт негізінде жұмыс істейтін ұйым қызметкерлері туған жылына қарамастан экологиялық жәрдемақы алуға өтініш бере алатыны белгілі болған еді.
Алдағы жылдары ШҚО кәсіпорындарының барлық қызметкерлері ай сайын жалақысына 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ақы алатын болады. Сондай-ақ, жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша ақылы демалыс қосылады. Бұл туралы ШҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов айтты.
Бұрын мұндай төлемдерді «зардап шегуші куәлігі» бар азаматтар ғана ала алатын.