Азаматтардың тар бейінді медицина мамандарына қаралу тәртібі жеңілдейді
Азаматтардың тар бейінді медицина мамандарына қаралу тәртібі жеңілдейді
© ult.kz
241
оқылды
Қазақстанда амбулаториялық деңгейдегі медициналық көмек аясында тар бейінді мамандарға қаралу тәртібін жеңілдететін бұйрық жобасы әзірленді. Құжат аталған мамандарға терапевтің жолдамасынсыз-ақ қаралуға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.  Денсаулық сақтау министрі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Күлайым Біржанова тұрғындардың тар бейінді мамандарға терапевтің жолдамасын алмай-ақ баратын кезі қашан келетінін айтты.
«100 күн -100 сұрақ» жобасы аясында осы мәселе бірнеше рет көтерілді. Емделушілер тарапынан талай өтініш түсті. Бүгінде бұйрық жобасы әзірленді. Сол құжатта емделушіге терапевтің жолдамасын алмай-ақ, тар бейінді мамандарға жазылуға мүмкіндік береді. Бірақ оған негіз болатын белгілер тізімі болады. Қазір осы мәселені пысықтап жатырмыз», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуына қарағанда, аталған құжат әзірленген соң азаматтық қоғамның талқылауынан өтеді.
«Бұйрық жобасын интернет-порталға орналастырамыз. Халық сол кезде ұсыныс-пікірлерін айтады деп ойлаймын. Бұл мәселе бақылауда», - деді Күлайым Біржанова.
Аталған шарада баланы жекеменшік стоматологиялық клиникада жолдамасыз-ақ тегін емдетуге болатыны айтылды.