Шаруаның мұңы – жер
Шаруаның мұңы – жер
248
оқылды
Бүгінде жайылым мәселесі өзекті болып тұр. Қарағанды облысына осы мәселемен Парламент Мәжілісінің депутат тары Аманғали БЕРДАЛИН мен Шамиль ОСИН келді. Олар алғашқы жұмыс күні Нұра және Осакаровка аудандарында болып, шаруалардың мұң-мұқтажымен танысты. Нұра ауданына қарасты Шахтерское ауылының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдармен қамтамасыз ету, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспардың орындалуы мәселелері бойынша ауыл әкімін тыңдап, басқа да бірқатар мәселені талқылады. Кездесу Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетовтың қатысуымен өтті. – 2017 жылдың 20 ақпанынан бастап Қазақстанда «Жайылымдар туралы» заң күшіне енді. Содан бері мал жайылымы жетіспеушілігіне байланысты Мәжіліске көптеген өтініш түсуде. Халық осы мәселені шешіп беруді сұрайды. Айта кетуіміз керек, Парламенттің жұмыс тәсілі өзгерді. Қандай заң жобасы келсе де, алдымен зерттеп, зерделеп аламыз. Халық арасына шығу да қолға алынып отыр. Қазір жайылым мәселесі негізінен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды облыстарында жиі айтылады. Депутаттар тобы осы аймақтарға барып, өз көздерімен көріп, ауыл тұрғындарының айтарын тындауға шықты. Әріптесім Шамиль Абзалетдинұлы екеуміз Қарағанды облысында жүрміз. Бүгін Нұра ауданында халық пен кездестік. Ұсыныстарын қағазға түсіріп алдық, – дейді Аманғали Бейсенбайұлы. Нұра ауданын артқа тастаған депутаттар Осакаровка ауданы Есіл ауылына келіп, шаруашылық басшыларымен, қоғамдық ұйым мүшелерімен, тұрғындармен сөйлесіп, мәселелерін тыңдады. – Бір байқағанымыз, жауапты тұлғалар «Жайылымдар туралы» заңға былтыр енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды халыққа жеткізбеген, сол жерде айтылғандарды пайдаланып жатқандар да жоқ. Мысалы, жайылым жетпесе, қосалқы шаруашылықтарға жерді сатып алуға дейін мүмкіндік береді, – дейді Аманғали Бердалин. Нұра және Осакаровка ауданында болған депутаттар жұмыс сапарын Бұқар жырау ауданына қарай бұрды. Қарағанды облысына арнайы келген депутаттар халықпен тікелей байланыс нәтижесінде қойылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірді зерделеп, қорытындысында «Жайылымдар туралы» заңға қосымша өзгеріс пен толықтырулар енгізуде пайдаланады.

Қарағанды облысы