Қарқаралыға су келеді
Қарқаралы тұрғындары әр үйдің сапалы сумен жабдықталуын ұзақ уақыт күтіп келеді. Бұл мәселені шешу үшін қалада Жарлы-Қарқаралы су құбыры салынуда. Биыл негізгі жұмыстар жүргізіледі, ал келесі жылы нысан тапсырылуы тиіс. Жобамен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарқаралыға жұмыс сапары кезінде танысты. Өткен жылы жерасты суы шоғырланған орында төрт ұңғыма бұрғыланды. Сорғы стансаларын салу, резервуарларды толтыру және құбырлар салу жоспарлануда. Су таратқыштың ұзындығы 40 шақырымды құрайды, жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Жеңіс Қасымбек қала әкіміне жұмыс сапасын бақылауды тапсырды. Ол Қарқаралы табиғаты құрылысшылардың араласуынан зардап шекпеуі тиіс екенін атап өтті. – Жоба өте маңызды. Тұрғындар оны күтіп отыр. Келесі жылы толық аяқтау керек, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар ауданның басқа елді мекендерінің тұрғындары да сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Облыс әкімімен болған ашық диалогта Қарқаралы тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық саладағы проблемалар, мектеп пен ауылдық клубтарды жөндеу, жолдардың жағдайы, жайылымдардың жетіспеушілігі туралы айтты. Егіндібұлақ тұрғындары бұрыннан бері Шығыс Қазақстанға қарай жол жасауды өтініп келген еді. Көптен күткен жоба биыл басталады. Егіндібұлақ – Ақтасты – Айрық тасжолына асфальт төселеді. Сонымен қатар Тегісшілдік – Көктас, Қарқаралы – Қарағайлы жолдарын, Мамраев – Қоянды, Қарабұлақ ауылдарының кіреберістерін жөндеу жоспарланған. Қарқаралыда тұрғын үй мәселесі де шешілетін болады. Биыл кезекте тұрғандар үшін 36 пәтерлі екі көпқабатты үй салынады. Әлеуметтік нысандарға келер болсақ, Қарқаралыдағы Мәди Бапиұлы атындағы мектеп күрделі жөндеуден және Теректі ауылындағы мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Қарқаралы кітапханасы мен алты ауылдық клуб жөнделеді. Ауылдарда жаңа спорт пен ойын алаңдары пайда болады. Аудан тұрғындары үшін медициналық көмек те жақсартылуда. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша гемодиализ орталығы ашылды. Енді созылмалы бүйрек аурулары бар науқастарға апта сайын облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Ал биылғы жылы компьютерлік томография кабинеті бар клиникалық-диагностикалық зертхана ашу жоспарлануда.Саран қаласында тұрғын үй құрылысы артты
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тұрғындармен кездесуінде жолды, үй мен ауланың қасбеттерін жөндеу, Саран қаласының инфрақұрылымын дамыту және ТКШ-ның басқа да мәселелері басым болды. Ашық диалог барысында өңір басшысы моноқаладағы проблемалар бар екенін және олар біртіндеп шешіліп жатқанын атап өтті. Қазір кестеге сәйкес орталық қазандық салынуда. Негізгі корпус дайын, қазандықтар, сорғылар, резервуарлар орнатылған. Алдағы жылыту маусымында қаланың бір бөлігі орталық жылуға қосылады деп жоспарланған. Саран қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны 260%-ға артты. РТИ шағынауданындағы үйлерді қалпына келтіру есебінен өсім байқалып отыр. Онда тоғыз үй қалпына келтіріле бастады, екеуі аяқталды. Сондай-ақ қалада, Рабочая көшесінде екі 100 пәтерлі жалға берілетін үй аяқталады. Саран қаласын газдандыру индустриялық аймақтан басталады. Онда газ шығарылып, кәсіпорындар қосыла бастады. Жоспар бойынша Ақтас кенті мен қала келесі жылдан бастап қосылады. – Жаңа индустриялық жобалардың пайда болуына байланысты Саран қаласының болашағы зор, – деді Жеңіс Қасымбек. – Әрине, бұл шахтерлер қаласы, бірақ қазір мұнда басқа өнеркәсіп те дамып келеді. Менің негізгі міндетім – сіздердің балаларыңыздың шахтаға ғана емес, басқа мамандықтарды да меңгеріп, сұранысқа ие болуы үшін экономиканы әртараптандыру. Қаланың одан әрі дамуына барлық мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов индустриялық аймақ болашақта алты мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитынын атап өтті. – Сондай-ақ қалалық колледждер базасында шина, резеңке-техникалық, полимер өндірісі үшін мамандар даярлау жүргізілуде. Осылайша, екі жылдан кейін біз білікті мамандарды аламыз, – деп атап өтті Саран қаласының әкімі. Кеншілерден келіп түскен «АрселорМиттал Теміртау» міндеттемелерінің кейбір тармақтарын орындау жөніндегі мәселелер де талқыланды. Облыс әкімі компания басшылығымен арнайы кездесу өткізетінін хабарлады. «Мен үшін кеншілердің мәселелерін шешу маңызды», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Тұрғындарды сондай-ақ Ақтасқа өтер жол қашан ретке келтірілетіні де қызықтырды. Ол ұзақ уақыттан бері жөндеуді қажет етіп келеді. Мәселе белгілі, бірақ ол республикалық деңгейде шешілетін болады. Жөндеу Жезқазған – Қарағанды жолын қайта құру кезінде жүргізіледі. Сондай-ақ облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Әділ БЕК, Қарағанды облысы