Батысқа қарай бір қадам
Батысқа қарай бір қадам
© коллаж: Елдар Қаба
319
оқылды
Екі ел арасындағы қақтығысқа байланысты Ре­сей­ге тек саяси-эко­но­микалық санкциялар ғана емес, «мәдени санкциялар» да салынып жа­тыр. Жақында Paramount компаниясы Nickelodeon мен бірнеше ба­лалар арнасын таратуды тоқтатты. Бұл әлем­дік мультфильмдерді орысша көретін посткеңестік ел­дерге де әсер ететіні анық. Ендеше тығырықтан жол тауып, орайды ұтымды пайдаланудың жолы қандай? Paramount компаниясының құрамына Nickelodeon, Nick Jr сияқты ойын-сауық­тық, NickToons, Paramount Comedy сияқ­ты отбасылық арналармен қатар му­зы­калық MTV Russia және MTV Live HD ар­налары кіреді. Бұл Ресейге қарсылық та­нытып, телеарналарды таратуды тоқ­тат­қан алғашқы компания емес. Бұған дейін Discovery компаниясы Animal Planet және басқа да 15 кабельдік арнаны та­ра­­­­ту­ды до­ғаратынын мәлімдеді. Ал Hollywood сту­диялары фильмдерін орыс­ша аудар­май­тынын, Ресейде көрсет­пей­тінін айтып үл­герген болатын. Бастапқыда «енді әлем­дік киноларды қалай көреміз?» деген қор­қыныш болғаны рас. Алайда кино ма­мандарының пікірінше, Орталық Азия мен Қазақстанға ешқандай санкция жария­ланған жоқ. Сол себепті бұл мә­селені шешу жолы –шетелдік фильм­дер­ді делдалсыз сатып алып, дубляждап, көрер­менге ұсыну. Бұл бұған дейінгі «шет­елдік контент тек орысша» деген қоғам­да­ғы қатып қалған қағидаларға тосқауыл ға­на емес, батысқа айқара ашылған мә­дени есікпен пара-пар.

 Спанч Боб қазақша сөйледі

Желіде қазақша сөйлеген Спанч Боб мульт­фильмі тарап кетті. Көп оқырман Nickelodeon арнасының қазақша көрсе­тіле бастағанын қазіргі геосаяси жағдай­мен тікелей байланыстыруда. Алайда те­леар­на мен Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің арасындағы келіссөз бір­­­неше жылға созылған. Нәтижесі де жа­ман емес. Орысша ақпарат таратуды тоқ­татқан әлемдік телеарна бір күнде қазақ­ша сайрап шыға келді. TiJi және Nickelodeon телеарналарының 675 сағат аудармасына мемлекеттік бюджеттен 570 млн теңге қаражат жұмсалған. Бұл ретте аударманың тәрбиелік бағытына да көңіл бөлінді. Nickelodeon жоспардан тыс тағы 200 сағат қосып отыр. –Былтырдан бастап өскелең ұрпақты, әсіресе оқушыларды және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге басымдық бер­дік. «Ұлттық тәрбие», Tiji және Nickelodeon арналарының балалар контентін қа­зақ тіліне аудару секілді ауқымды жо­ба­ларды жүзеге асырып жатырмыз. Басты ба­ғытымыз – «Ұлттық рухани жаңғыру» және Жол картасы жобаларын сапалы іс­ке асыру. Бұл мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттың мәдени кодын сақтауға және іл­гері­летуге, жастардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі танытуына бағытталған, – дей­ді Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі Асқар Омаров. Мультфильмдерді дубляждау «Қазақ­фильм­де» жүргізілуде. Дубляж актерлері ар­найы кастинг арқылы шетелдік ком­па­ния­лардың сараптауынан өткен. Дубляж­дан кейін шетелдіктер өз туындыларының әр сериясын біздің тілге бейімдеп, қайта өң­дейді. Қазақ тіліне аударуда әлемге та­ны­мал, жас ұрпақтың қызығушылығын оят­қан мультфильмдерге басымдық беріл­ді. Сондай-ақ әрбір материал жіті тек­­­­серуден өтіп, аударманың сапасына аса назар аударылған. Ш.Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» АҚ Өндіріс қызме­ті­нің басшысы Арууана Серікбаеваның айтуын­ша, былтыр «Чупи мен Дуду», «Ро­­­бокар Поли», «Құбыжықтар», ерте­гі­лер, «Лиза мен Тёма» сынды 15 мульт­фильм дубляждалған. Барлығы TiJi бойынша 1 000 серия, Nickelodeon бойынша 213 се­рия қазақ тіліне аударылды. –Мультфильмдер балаларға ар­нал­ған­дықтан тілін барынша түсінікті етіп ау­дару­ға тырысамыз. Қазір 2-5 жас аралы­ғын­­дағы балалар ресейлік мульт­фильм­дер­ді көреді. Сондықтан біз осы жылы тек қа­на америкалық арналарды аудармай, Ре­сей контентін де қазақша аударуды жос­парлап отырмыз. Биыл TiJi  арналары та­ғы да бірнеше мультфильмді аударуға тап­сырыс берді,– дейді Арууана Серік­баева. Жалпы Nickelodeon арнасы 70 елде 22 тіл­де, ал TiJi 20 мемлекетте 14 тілде хабар тара­тады. Сондай-ақ дубляжда айтылатын әң­гімелерді төл мақамымызға келтіруге ба­са мән берілді. Көрерменнің әңгімесіне жа­қын, түсінікті етіп аудару да маңызды.

Бала тілі мультфильммен шығады

Бүгінде ата-анасы қазақша сөйлесе де, ба­ласының тілі орысша шүлдірлеп шыға­тын отбасылар аз емес. Сондықтан үйдегі ба­ланы смартфондағы контенттің тәр­бие­леп отырғанын мойындауымыз керек. Ба­ла экраннан көргенін ешкімнің үйре­туін­сіз, бағыт-бағдарынсыз қайталайды. Бір ғана «Балапан» телеарнасының мүм­кін­дігі барлық баланы қазақша контент­пен қамтуға жетпейді. – Қазақша контентке балалар мұқтаж. Сон­дықтан әлемдік мультфильмдерді қазақшалау жалғасын табуы тиіс. Бұл ба­лалардың қазақ тілінде сөйлеуіне үлкен сеп­тігін тигізетін мәселе. Байқағанымдай, соң­ғы кезде әлемдік фильмдерді қазақша дуб­ляждау қарқын алып келеді. Елімізде қа­зақ тілінде жасалатын контентке сұра­ныс өте жоғары. Бастапқыда дубляжда кет­кен қателерге сын да айтылар. Бірақ ал­дағы 2-3 жылда бұл жұмыстың өз нәти­жесін беретіні талассыз,– дейді Қазақ тілі қо­ғамының вице-президенті Максим Рожин. Осы орайда «Шетелдік туындыларды дуб­ляждағанша, неге төл өнім шығар­мас­қа?» деген заңды сауал туындайды. Бірақ ми­нистрлік өкілдері жаңа контент жасау көп уақыт пен қаржыны талап ететінін айт­ты. Мысалы, «Маша мен аю» мульт­фи­ль­мінің бірінші маусымының түсірілі­міне 2 млрд теңге жұмсалады, бұл тек екі сағаттық өнім. Ал біз танымал муль­тип­­ликациялық арналардың 800 сағаттық өні­мін төрт есе арзанға алып отырмыз. – Министрлік алдында осы бағытта екі жұ­мыс тұрды. Бірі «Балапан» арнасы­ның контентін нығайту болды. Арна кө­рер­мендері 3-4 жастағы балалар, ал одан үл­кендеріне контентті нөлден бастап дайын­дау қажет еді. Мультфильм түсіретін ма­мандар дайындап, техникалық жағдай­ды жақсартқанның өзінде фильм жасау қым­батқа түседі. Сондықтан біз екінші, әлем­дік телеарналардың танымал мульт­фильмдерін қазақшалауды қолға алдық,– дейді Максим Рожин. Жақында қырғыз елінің депутаттары: «Балаларымыз «Балапан» арнасын көріп, тіл­дері қазақша шығып жатыр» деп мә­лім­деп еді. Ендеше Ресейдегі орысшаға ау­дарылған шетел контенттерінің азай­ға­нын пайдаланып, тікелей әлемдік ком­па­ниялармен байланыс жасайтын уақыт кел­ген сияқты. Санкцияның салдарынан Орта Азия елдері үшін Ресейдің мәдени тұр­ғыда тартымдылығы азая берері сөзсіз. Өйткені Қазақстан аудиториясына Ресей өз өнімін тарататын «контент өндіру­ші­ден» гөрі батыс контентін орысшалап бере­тін көпір болатын. Олай болса, бізге ең бірінші Ресейден кеткен халықаралық ме­диа алпауыттардың телеөнімдерін қа­зақ­шалау ісіне жаппай кірісу керек. Сон­дай-ақ қазақшаланған өнімді Орталық Азия­ның басқа да елдеріне сату, өткізу мүм­кіндігі бар. Бұл істе Үкімет басында жүр­ген азаматтардың жауапкершілік та­нытуы, кәсіпкерлердің қолдау көрсетуі де  аса маңызды.