Диірмендер бір уыс бидайға зәру
Диірмендер бір уыс бидайға зәру
658
оқылды
Солтүстік Қазақстан об­лы­сында диірмендер жабылу­дың аз-ақ алдында тұр. Оған себеп – шикізат тапшылығы. Бұған дейін Ресейден әке­лінетін бидайдың арқасында тапшылық байқалмаған еді. Енді көрші ел бидай сатпайтын болған соң, Солтүстік Қазақ­стан облысының диірмендері тақ­ырға отырды. Қазақ­стан­дық бидай тым қымбат. Қолда бар мәліметтерге сүйен­сек, биыл Ресейден Қазақстанға бидай астығының импорты 3,5 миллион тонна болуы тиіс еді. Орыс елінен Қазақстандағы нарық бағасынан арзанырақ бағаға әке­лінетін бидай ішкі нарықтағы ба­ғаны ырықтандыруға ықпал ететін. Сондай-ақ бұл жайт әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыруға да септігін тигізіп келген. «Статистикалық деректерді талдаудың көпжылдық тәжірибесі көрсеткеніндей, азық-түлік бида­йының нақты мөлшері әлдеқайда төмен деп айтуға толық негіз бар. Біздің бағалауымызша, елдегі астықтың нақты қоры статисти­калық деректердегі көрсеткіш­терден кем дегенде миллион тон­наға аз. Ресейден астық экспор­тына тыйым салынғанға дейін біз бұл тапшылықты бидай импорты­мен өтеп келген болсақ, қазір бұл мүмкін емес. Әрі айта кету керек, Ресейден бидай заңды жолмен де, көлеңкелі тәсілмен де кіргізілетін. Енді нарық «жалаңаштанып» қа­лудың сәл-ақ алдында тұр», – дей­ді «Қазақстанның астық өңдеу­ші­лер одағы» заңды тұлғалар бір­лес­тігінің Солтүстік Қазақстан об­лысы бойынша өкілі, «Сев­Есиль­Зерно» ЖШС-ның коммер­циялық директоры Таисия Колегова. Оның үстіне биыл астық шы­ғымдылығы аса мәз болмауы мүм­кін деген жорамал жасалып отыр. Ерте көктемнен бастап метео­ро­логтер биылғы жаз астыққа аса қолайлы болмайтынын ескертуде. Ал Орталық Азия елдерінде астық тұтыну көрсеткіштері артып келе жатқанын ескерсек, бұл жайт астық қалдығын ұлғайту қажет деген ойға жетелейді. Ресейдің ЕАЭО елдеріне астық экспортына тыйым салуы Қазақ­станда ғана емес, импортқа тәуелді өзге де елдерде бидайға деген сұ­ранысты арттырып, әбігерге сал­ды. Мамандардың есептеуінше, қажеттілік 1,0-1,5 миллион тонна­дан кем емес. Олардың болжамын­ша, бидайға сұраныстың артуы ішкі нарықтағы бидай бағасының, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбат­тауына әкеліп соғары сөзсіз. Қазір өңірдегі диірмендер қалған-құтқан астықты өңдеумен айналысуда. Оның қоры әрі кетсе екі аптаға ғана жетеді. Шикізат жоқтығынан жұмысын тоқтатқан диірмендер де баршылық.

ЖҰМЫСШЫЛАР ЖАППАЙ КЕТІП ЖАТЫР

Еліміз бойынша бір кездері тасы өрге өрмелеген 1 300 диір­мен­нің қазір 270-і ғана жұмыс істеп тұр. Тимирязев ұн үгу комби­на­тының директоры Иса Аллахяров қаншама білікті мамандардан айы­рылғанын айтады. «Біздің диірмен ашылған жылы облыс әкімі әр дүйсенбі сайын ха­барласып, ел Президентін кәсіп­орынның хал-ахуалынан хабардар етіп тұратын. Қазір билікке де, де­путаттарға да ештеңе керек емес. Бұрын біз тәулігіне 1 200 тонна астық өңдейтінбіз. Ол кезде диір­менде 100 адам жұмыс істеп еді. Қазір тәулігіне 100 тонна, 20 жұ­мысшы ғана қалды. Қалған 80 адам қайда деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Диірменнің тоқтап қалғанына да ешкім бас ауыртпайды. Бұл де­геніңіз – бюджет, салық. Жұмыс­шылардың бала-шағасы бар. Табыс табам деп, Ресейге кетіп қалып, маңдайы тасқа тигендері бар. Білікті маман саналатын үш адам қыс бойы Ресейде қара жұмысқа жегіліп, ақырында еңбегі қаналып бір тиынсыз қайтып келді. Осын­дайға қарап, жүрегім ауырады», – дейді Иса Мехти Оғлы. «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің ком­мер­циялық директоры Таисия Колегова да кәсіпорын уақытша жабылғанын хабарлады. Жұмыс­шыларына күзгі ораққа дейін ең­бекақысының 50 пайызын сақтап қалуға уәде берген екен. Алайда әркімнің отбасы, бала-шағасы, несиесі, жалдамалы пәтері бар. Сондықтан олар жаппай жұмыстан шығып жатыр.

КЕРЕГІ – БАЖ САЛЫҒЫ МЕН СУБСИДИЯ

Қазір көптеген елдер дұрыс экономикалық саясат жүргізіп отыр. Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті Ауғанстанға да өз тұрғындарын жұмыспен қамту үшін ұн емес, бидай керек. Ал біздің елдің бид­а­йы баж салығынсыз сыртқа шы­ғарылады. Көршілес елдер қазақ­стандық бидайдан ұн тартып, табыс тауып отыр. «Дұрысында көршілес елдерге бидай емес, ұн сатып алу тиімді болғанына қол жеткізу керек. Бұл халыққа да, мемлекетке де пайда­лы. Өзіміздің диқандар астығын жергілікті диірмендерге өткізетін болса, оларға субсидия төленуі тиіс. Астық экспортынан түскен баж салығын субсидияға жұмсауға болар еді. Сонда жұмыс орны сақталып қана қоймай, жаңасы да ашылады. Алайда қазір жоғары жақтағылар бұл мәселені шешуге құлықсыз. Өз мүдделерін ғана ой­лайды, тіпті трейдерлерді қол­­дайды деп айтудан қаймықпай­мын», – дейді кәсіпкер Иса Мехти Оғлы. Диірменшілер астықты экспортқа шығарған кезде тон­на­сына 50 АҚШ доллары мөлшерінде уақытша экспорттық баж салығын енгізу қажет деген пікірде. Көр­шілес Ресейде астық экспортына баж салығы бұрыннан бар екен. Түркияда бидайды экспортқа шығаруға мүлдем тыйым салынған. Тек ұнды ғана экспорттауға бола­ды, ұнның импортына да тыйым бар. Ал біздің елде ұн экспортына тыйым салынғаны диірмендер үшін жығылғанға жұдырық болды. «Бұл жұмыс орындарының жа­былуына әкеліп соқтырды. Астық экспортына тыйым салынғанымен, элеваторлар жұмысын жалғастыра береді. Ал диірменшілер қол қусы­рып отыруға мәжбүр. Мұны ешкім ескерген жоқ. Ұн өндірмесек, жұ­мыс­шылардың еңбекақысын да, са­лықты да төлеуге қауқарсыз­быз», – дейді Иса Аллахяров.

ҚЫМБАТ БИДАЙДАН – ҚЫМБАТ ҰН

2012 жылы Қазақстан ұн экс­порты бойынша әлемде бірінші орынды иеленген екен. Содан бері көрсеткіштер жылдан-жылға аза­йып барады. Диірмендер өлместің күнін көріп отыр. Бидайдың қым­баттығы ұн бағасының да өсуіне әкеліп соқтырады. «Қымбат би­дай­дан сәйкесінше қымбат ұн ала­мыз. Ол бүгінде жалғыз өткізу на­рығы болып саналатын Ауған­станда бәсекеге қабілетсіз. Ауған­дықтар Ресейден ұн сатып алып, Иран арқылы енгізсе, біздікінен 100 долларға арзанға түседі. Осы­лайша жалғыз өткізу нарығынан да айырылдық. Тәжікстан да жуыр­­да біздің бидайдан бас тартты. Астық одағы отандық бидайдың бағасы 2022-2023 жылы 40 пайызға қымбаттайды деп болжап отыр. Егер шынымен солай болса, жағ­дай өзгермейді. Біз тұтынушы­мыз­ды ұнды қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлей алмаймыз», – дейді Таисия Колегова. Бидай өңдеушілер Ресейден заңды жолмен енгізілетін бидай­дың бағасы қазақстандық өнімді­кімен бірдей екенін айтады. Тек контрабандалық жолмен кіргі­зіл­ген бидай мен ұн ғана арзанға тү­седі. Ал оның сертификаты, тиісті құжаттары жоқ. Сапасы күмәнді. Ертең көлеңкелі жолмен жеткі­зіл­ген ұн наубайханаларға жеткізіліп, нәтижесінде дайын өнім түрінде тұр­ғындардың дастарқанынан орын алмасына кім кепіл? Себебі наубайханашылардан да нан ба­ғасын қымбаттатпау талап етіле­тін­діктен, олар дайын өнімнің өзін­дік құнын арзандатуды көздейді. Сондықтан ұн өндірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігі ұстанып отырған «әділ бағамен» келіспек емес. «Бұл баға ұн экс­пор­тының сыртқы нарығын жоғалтуға, кәсіпорындардың жұмысын тоқта­туға, жұмыс орындарының жабы­луына, аралас өндірістердің тұра­лап қалуына, ішкі нарыққа ресей­лік ресми және контрабандалық ұнының енгізілуіне әкеліп соқ­тыр­ды. Сондай-ақ бидай нары­ғынан да айырылып қалу қаупі бар. Бұл өз кезегінде диқандар үшін де соқ­қы болмақ», – дейді олар. Өңірдегі 20 шақты диірменің барлығындағы жағдай осындай. Ешқайсысы да толық қуатында жұмыс істеп тұр­ған жоқ. Жуырда Ауыл шаруашы­лығы вице-ми­нистрі Айдарбек Сапаров бұл мә­селе туралы пікірін білдіргенде диір­мендер жабылып қалмайды, бі­рақ толық қуатында жұмыс істе­мейтін болады деген еді. Ұн үгушілер өздеріне субсидия бөлінуін сұрап, жуырда Солтүстік Қазақстан облысына келген Қа­зақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүр­сіновке жүгінді. Рустам Ма­нар­бекұлы мұны диқандар мен ұн үгушілердің мүдделер қақтығысы деп бағалап, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселемен ай­на­лысып жатқанына сенімді екенін жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы