Солтүстік Қазақстан облысында диірмендер жабылудың аз-ақ алдында тұр. Оған себеп – шикізат тапшылығы. Бұған дейін Ресейден әкелінетін бидайдың арқасында тапшылық байқалмаған еді. Енді көрші ел бидай сатпайтын болған соң, Солтүстік Қазақстан облысының диірмендері тақырға отырды. Қазақстандық бидай тым қымбат. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, биыл Ресейден Қазақстанға бидай астығының импорты 3,5 миллион тонна болуы тиіс еді. Орыс елінен Қазақстандағы нарық бағасынан арзанырақ бағаға әкелінетін бидай ішкі нарықтағы бағаны ырықтандыруға ықпал ететін. Сондай-ақ бұл жайт әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыруға да септігін тигізіп келген. «Статистикалық деректерді талдаудың көпжылдық тәжірибесі көрсеткеніндей, азық-түлік бидайының нақты мөлшері әлдеқайда төмен деп айтуға толық негіз бар. Біздің бағалауымызша, елдегі астықтың нақты қоры статистикалық деректердегі көрсеткіштерден кем дегенде миллион тоннаға аз. Ресейден астық экспортына тыйым салынғанға дейін біз бұл тапшылықты бидай импортымен өтеп келген болсақ, қазір бұл мүмкін емес. Әрі айта кету керек, Ресейден бидай заңды жолмен де, көлеңкелі тәсілмен де кіргізілетін. Енді нарық «жалаңаштанып» қалудың сәл-ақ алдында тұр», – дейді «Қазақстанның астық өңдеушілер одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі, «СевЕсильЗерно» ЖШС-ның коммерциялық директоры Таисия Колегова. Оның үстіне биыл астық шығымдылығы аса мәз болмауы мүмкін деген жорамал жасалып отыр. Ерте көктемнен бастап метеорологтер биылғы жаз астыққа аса қолайлы болмайтынын ескертуде. Ал Орталық Азия елдерінде астық тұтыну көрсеткіштері артып келе жатқанын ескерсек, бұл жайт астық қалдығын ұлғайту қажет деген ойға жетелейді. Ресейдің ЕАЭО елдеріне астық экспортына тыйым салуы Қазақстанда ғана емес, импортқа тәуелді өзге де елдерде бидайға деген сұранысты арттырып, әбігерге салды. Мамандардың есептеуінше, қажеттілік 1,0-1,5 миллион тоннадан кем емес. Олардың болжамынша, бидайға сұраныстың артуы ішкі нарықтағы бидай бағасының, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттауына әкеліп соғары сөзсіз. Қазір өңірдегі диірмендер қалған-құтқан астықты өңдеумен айналысуда. Оның қоры әрі кетсе екі аптаға ғана жетеді. Шикізат жоқтығынан жұмысын тоқтатқан диірмендер де баршылық.
ЖҰМЫСШЫЛАР ЖАППАЙ КЕТІП ЖАТЫР
Еліміз бойынша бір кездері тасы өрге өрмелеген 1 300 диірменнің қазір 270-і ғана жұмыс істеп тұр. Тимирязев ұн үгу комбинатының директоры Иса Аллахяров қаншама білікті мамандардан айырылғанын айтады. «Біздің диірмен ашылған жылы облыс әкімі әр дүйсенбі сайын хабарласып, ел Президентін кәсіпорынның хал-ахуалынан хабардар етіп тұратын. Қазір билікке де, депутаттарға да ештеңе керек емес. Бұрын біз тәулігіне 1 200 тонна астық өңдейтінбіз. Ол кезде диірменде 100 адам жұмыс істеп еді. Қазір тәулігіне 100 тонна, 20 жұмысшы ғана қалды. Қалған 80 адам қайда деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Диірменнің тоқтап қалғанына да ешкім бас ауыртпайды. Бұл дегеніңіз – бюджет, салық. Жұмысшылардың бала-шағасы бар. Табыс табам деп, Ресейге кетіп қалып, маңдайы тасқа тигендері бар. Білікті маман саналатын үш адам қыс бойы Ресейде қара жұмысқа жегіліп, ақырында еңбегі қаналып бір тиынсыз қайтып келді. Осындайға қарап, жүрегім ауырады», – дейді Иса Мехти Оғлы. «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова да кәсіпорын уақытша жабылғанын хабарлады. Жұмысшыларына күзгі ораққа дейін еңбекақысының 50 пайызын сақтап қалуға уәде берген екен. Алайда әркімнің отбасы, бала-шағасы, несиесі, жалдамалы пәтері бар. Сондықтан олар жаппай жұмыстан шығып жатыр.КЕРЕГІ – БАЖ САЛЫҒЫ МЕН СУБСИДИЯ
Қазір көптеген елдер дұрыс экономикалық саясат жүргізіп отыр. Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті Ауғанстанға да өз тұрғындарын жұмыспен қамту үшін ұн емес, бидай керек. Ал біздің елдің бидайы баж салығынсыз сыртқа шығарылады. Көршілес елдер қазақстандық бидайдан ұн тартып, табыс тауып отыр. «Дұрысында көршілес елдерге бидай емес, ұн сатып алу тиімді болғанына қол жеткізу керек. Бұл халыққа да, мемлекетке де пайдалы. Өзіміздің диқандар астығын жергілікті диірмендерге өткізетін болса, оларға субсидия төленуі тиіс. Астық экспортынан түскен баж салығын субсидияға жұмсауға болар еді. Сонда жұмыс орны сақталып қана қоймай, жаңасы да ашылады. Алайда қазір жоғары жақтағылар бұл мәселені шешуге құлықсыз. Өз мүдделерін ғана ойлайды, тіпті трейдерлерді қолдайды деп айтудан қаймықпаймын», – дейді кәсіпкер Иса Мехти Оғлы. Диірменшілер астықты экспортқа шығарған кезде тоннасына 50 АҚШ доллары мөлшерінде уақытша экспорттық баж салығын енгізу қажет деген пікірде. Көршілес Ресейде астық экспортына баж салығы бұрыннан бар екен. Түркияда бидайды экспортқа шығаруға мүлдем тыйым салынған. Тек ұнды ғана экспорттауға болады, ұнның импортына да тыйым бар. Ал біздің елде ұн экспортына тыйым салынғаны диірмендер үшін жығылғанға жұдырық болды. «Бұл жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтырды. Астық экспортына тыйым салынғанымен, элеваторлар жұмысын жалғастыра береді. Ал диірменшілер қол қусырып отыруға мәжбүр. Мұны ешкім ескерген жоқ. Ұн өндірмесек, жұмысшылардың еңбекақысын да, салықты да төлеуге қауқарсызбыз», – дейді Иса Аллахяров.ҚЫМБАТ БИДАЙДАН – ҚЫМБАТ ҰН
2012 жылы Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынды иеленген екен. Содан бері көрсеткіштер жылдан-жылға азайып барады. Диірмендер өлместің күнін көріп отыр. Бидайдың қымбаттығы ұн бағасының да өсуіне әкеліп соқтырады. «Қымбат бидайдан сәйкесінше қымбат ұн аламыз. Ол бүгінде жалғыз өткізу нарығы болып саналатын Ауғанстанда бәсекеге қабілетсіз. Ауғандықтар Ресейден ұн сатып алып, Иран арқылы енгізсе, біздікінен 100 долларға арзанға түседі. Осылайша жалғыз өткізу нарығынан да айырылдық. Тәжікстан да жуырда біздің бидайдан бас тартты. Астық одағы отандық бидайдың бағасы 2022-2023 жылы 40 пайызға қымбаттайды деп болжап отыр. Егер шынымен солай болса, жағдай өзгермейді. Біз тұтынушымызды ұнды қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлей алмаймыз», – дейді Таисия Колегова. Бидай өңдеушілер Ресейден заңды жолмен енгізілетін бидайдың бағасы қазақстандық өнімдікімен бірдей екенін айтады. Тек контрабандалық жолмен кіргізілген бидай мен ұн ғана арзанға түседі. Ал оның сертификаты, тиісті құжаттары жоқ. Сапасы күмәнді. Ертең көлеңкелі жолмен жеткізілген ұн наубайханаларға жеткізіліп, нәтижесінде дайын өнім түрінде тұрғындардың дастарқанынан орын алмасына кім кепіл? Себебі наубайханашылардан да нан бағасын қымбаттатпау талап етілетіндіктен, олар дайын өнімнің өзіндік құнын арзандатуды көздейді. Сондықтан ұн өндірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігі ұстанып отырған «әділ бағамен» келіспек емес. «Бұл баға ұн экспортының сыртқы нарығын жоғалтуға, кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға, жұмыс орындарының жабылуына, аралас өндірістердің тұралап қалуына, ішкі нарыққа ресейлік ресми және контрабандалық ұнының енгізілуіне әкеліп соқтырды. Сондай-ақ бидай нарығынан да айырылып қалу қаупі бар. Бұл өз кезегінде диқандар үшін де соққы болмақ», – дейді олар. Өңірдегі 20 шақты диірменің барлығындағы жағдай осындай. Ешқайсысы да толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Жуырда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров бұл мәселе туралы пікірін білдіргенде диірмендер жабылып қалмайды, бірақ толық қуатында жұмыс істемейтін болады деген еді. Ұн үгушілер өздеріне субсидия бөлінуін сұрап, жуырда Солтүстік Қазақстан облысына келген Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновке жүгінді. Рустам Манарбекұлы мұны диқандар мен ұн үгушілердің мүдделер қақтығысы деп бағалап, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселемен айналысып жатқанына сенімді екенін жеткізді.Солтүстік Қазақстан облысы