Нашақорлық – індет, алдын алу – міндет
Нашақорлық – індет, алдын алу – міндет
1,226
оқылды
Елордадағы Сарыарқа әкімдігінде ESIRTKІGE JOL JOQ акциясы аясында 14-29 жас аралығындағы жастар арасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы шаралар талқыланды. Соңғы он жылда елімізде на­шақорлар саны артып, оның ішін­де жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 13-14 есе кө­бейген. Мамандар нашақор­лар­дың қатары күннен-күнге «жаса­рып» келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Жиынға «Құқық» қоғам­дық қорының директоры Ольга Рыль, «Есірткісіз ұлт» қауымдас­тығының төрағасы Әсия Шакаева, «Есірткісіз болашақ» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаев, «РЕНЕССАНС» оңалту орталығының директоры Ғалия Исаева, психолог Алек­сандр Рущук және Нұр-Сұлтан қала­сының мәслихат депутаттары қатысты. Сарапшылар үкіметтік емес ұйымдармен жастар ара­сында профилактикалық жұмыс­тар жүргізу барысын жан-жақты талқылады. Мәслихат депутаты Нұрлан Кө­пешов бұл мақсатта оқушы­лар­мен бір сарынды дәрістер өткіз­генше, блогерлар арқылы есірт­кі­сіз қоғамды насихаттау жұмыс­тарын жүргізу нәтиже беретінін айтты. «Жастардың көзайымына ай­налып бара жатқан Web-сериалдар түсіруді қолға алу керек. Блогер, жастар арасында танымал аза­маттардың көмегімен нашақор­лықтың түбі құрдым екенін көр­сетсек тиімді болар еді. 60 баланы жинап алып, ұзақтан-ұзақ дәріс оқы­ғанша, 20 минуттық сериалдар ой салады. Алайда ол сапасыз бол­мауы керек», – деді Н.Көпешов. Ал «Құқық» қоғамдық қоры­ның директоры Ольга Рыльдің айтуынша, туберкулезді ерте анық­тау жұмыстары сияқты, бар­лық азамат есірткі сынамасынан өтуі тиіс. Себебі дәріханаларда са­ты­латын сынамалар бүгін теріс нә­тиже көрсетсе, ертең оның есірт­кі қолданбайтынына кепіл­дік жоқ. «Бізде есірткі қолданатын ата-аналардың статистикасы жоқ. Осыны қолға алу керек. Себебі отбасында есірткі көріп өскен бала міндетті түрде есірткі биз­несіне араласады. Ата-анасы сол ақшаға қымбат смартфон алып береді, соған киіндіреді. Осылай­ша бала ерте жастан жеңіл ақша­ға өмір сүруді үйренеді», – дейді О.Рыль. Осылайша, талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналып жатыр. Спикердің айтуынша, мек­тептерде нашақорлықтың ал­дын алу шараларын психологсыз өткізу керісінше балаларды сол есірткіге еліктіруі мүмкін. «Мектептегі сынып сағатынан кейін есірткіге қызығушылығым артып кетті деді бір оқушы. Яғни, психологсыз дәріс оқылмауы тиіс. Себебі алдын аламыз деп есірткі жиі айту насихаттаудың да бір түрі. Сондықтан мектеп қабыр­ғасындағы директордан бастап мұғалімдерге дейін психология курстарын оқыса дейміз», – деп толықтырды «Құқық» қоғамдық қорының директоры. Қорытындысында, есі кірген­нің де, есі әлі кірмегеннің де есін алатын есірткі бүгінгі күннің бас­ты кеселіне айналды. Ал наша­қорлықты жою – ауыр міндет. Ал онымен бірлесе күресу әрбір қоғам мүшесіне тиесілі.