Апаттың зардабы – 150 млрд теңге
Апаттың зардабы – 150 млрд теңге
© коллаж: Әсел Балтақызы
398
оқылды
Каспий құбыр желісі консор­циумы қазақ мұнайының күрета­мыры іспет­ті. Осы желі арқылы отандық көмір­сутегінің 80 пайызы сыртқа тасы­мал­данады. Бірақ нау­рыз айының со­ңында теңіз дауы­лының әсерінен бол­ды деген Но­вороссийск портын­дағы апаттан айлақтың үш құрыл­ғы­сының екеуі істен шығып, экспорт тоқ­тап қал­ды. Соның салдарынан Қа­зақстан ай сайын 1,5 млрд доллар жоғал­туы мүмкін. Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК – КҚК) жекелеген бір мемлекеттің меншігі емес. Мұнай құбырының ұзындығы 1,5 мың шақырымға созылған. Порт пен оның айлағы консорциумға тиесілі. Оның акционерлерінің қатарында Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), Chevron (15%), ЛУ­КОЙЛ (12,5%), Exxon (7,5%), Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (7,5%) – жалпы саны 11 компанияның еншісі бар. Олардың бәрі апаттың салдарын тезірек жойып, іске кірісуге мүдделі. Портта соңғы күндерге дейін біршама мемлекеттің мамандары жұмыс істеді. Алайда Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін көптеген шетелдік компания өз персоналдарын кейін шақыртып алды. Терминалда жоғары білікті кәсіби мамандардың басқаруын қажет ететін ірі әрі күрделі құрылғылар бар. Шетелдік мамандар тараған соң білікті мамандар жетіспей, техникалық жабдық­тармен жұмыс істеу барысында түрлі проблема туындай бастады. Әсілі, жергілікті кадрлар шетелдік мамандардың орнын баса алмаған сыңайлы.

Апат айтып келмейді

Қазір төтенше оқиғаның нақты неден болғаны туралы тиянақты пікір жоқ. Оның анық-қанығы кейін мәлім бола жатар. Бірақ әлдебіреулер айтып жүргендей, оған Ресей­дің қасақана арандатуы болды деуге ерте сияқты. Өйткені Новороссийск пор­тында да, консорциумда да мыңдаған ре­сей­лік маман жұмыс істейді. КҚК істен шық­са, олар­дың бәрі жұмыссыз қалатыны түсінікті, бұл РФ-ға тиімді емес. Сондықтан біз төтенше оқиғаның себеп-салдарына емес, экономикалық қырына көбірек үңілдік. Ал әзірге белгілісі, 22 наурыз күні мұнай құю терминалының шығарылым құрыл­ғы­сының үшінші тірегі орнынан жылжығаны және екінші құрылғыға да зақым келгені анықталды. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік: Новороссийск мұнай құю тер­миналы үш шығарылым құрылғысымен жабдықталған. Оның екеуі тұрақты жұмыс істеп, біреуі резервте болады. Терминалға құ­быр арқылы жеткен өнім ұзын шлангілер арқылы ашық теңізде тұрған танкерлерге құ­йылады. Қазір апаттың салдарынан со­ның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Сол себеп­ті танкерге құйылмаған мұнай негізінен порттың резервуарына жинақталып жатыр. Белгілі экономист, AERC ғылыми же­тек­шісі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, егер айлақтың жылжымалы қондырғы­ларының жөндеуі ұзаққа созылатын болса, онда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнай өндірісін 80-90 пайызға қысқартуға тура келеді. Өйткені олардың өзінде артық өнімді жинақтайтын терминалдары мен резервуары жоқ. Оның үстіне, ел ішіндегі Атырау, Павлодар және Шым­кент мұнай өңдеу зауыттарының ар­тық көлемді өңдеуге шамасы жетпейді. Бұл жағдайда еліміздегі ең ірі үш кеніштің мыңдаған адамын жұмыстан шығаруға тура келеді. Бір жағынан індет титықтатып, екінші жағынан қаңтар оқиғасынан кейін жүйкесі жұқарып жүрген халықтың енді ғана қарақошқылданып бітіп келе жатқан жарасына тұз сеуіп жібергенмен бірдей. Бұл енді қоғамның тыныштығы үшін үлкен проблема.

Мұнай тасымалының басқа баламалы жолы бар ма?

Каспий құбыр желісі консорциумының еліміздің экспорттық әлеуетінде алатын орны зор. Былтыр Қазақстанның сыртқы нарыққа шығарған 65,7 млн тонна мұнай мен мұнай өнімдерінің 54 млн тоннасы осы КҚК-мен тасымалданды. Оған Ресейден тасымал­данатын 9 млн тонна мұнайды тағы қосыңыз. Апатқа дейін Новороссийскіде екі тер­минал да жұмыс істеп тұрғанда танкерлерге сағатына 10 мың тонна мұнай артатын. Қазір онда резервтік терминал ғана қалды. Ол тіпті барлық қуатында жұмыс істегеннің өзінде сағатына 6 мың тонна ғана шикізат жөнелте алады. Бұл бұрынғы межеден саға­тына 4 мың тоннаға кем. «КҚК зақымданғанға дейін Қазақстан ол арқылы сыртқы нарыққа айына 5,5 млн тоннадан астам мұнай жөнелтетін. Қазір экспорт көлемі 3 млн тоннадан аспайды. Егер мұнайдың әр тоннасын қазіргі бағамен алғанда 750$ деп есептесек, біздің компа­ния­ның ай сайынғы кірісі 1,5 млрд доллар­ды құрайды. Осы соманы отыз күнге бөлсе­ңіз, онда апаттың салдарынан компания күн сайын орташа алғанда 50 млн доллар жоғалтып отырғанын көреміз. Бұл – әрине қыруар ақша», – дейді Ж.Күлекеев. Білікті экономистің айтуынша, дәл қа­зір қазақ мұнайының 80 пайызы өтетін Каспий құбыр желісі консорциумға балама болатындай, тасымал транзитін алмастыра алатындай желі жоқ. Әрине, КҚК-на ба­лама ретінде бірқатар маршрутты қарас­тыруға болады. Оның бірі – Қара теңіз бен Балтық теңізіне шығатын жолы бар Аты­рау – Самара мұнай құбыры. Қазір онымен жылына 6 млн тонна мұнай тасымалданады. Екінші баламалы нұсқа – Ақтау теңіз порты. Кезінде порттың өткізгіштік қуаты 12 млн тоннаға дейін ұлғайтылған, бірақ соңынан ол біршама шектелді. Қазір Ақтау порты арқылы Бакудың үстімен Қара те­ңізге жылына 5 млн тоннаға дейін шы­ғаруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ мұнайды темір­жол көлігімен Атасу – Алашанькоу бағыты бойынша тасымалдауға болады. Алайда біз­де оған қажетті арнайы вагондар тапшы. Сондай-ақ Қытай бағытындағы мұнай құбыры арқылы тасымалды арттыруға бо­ла­ды. Құбыр Қазақстанға да, Қытайға да тиес­ілі болғанымен, оның бір бөлігінде қазақстандық, енді бір тұсында қытайлық үлес басым. Бұл желі жылына 20 млн тон­на­ға дейін мұнай қабылдауға қабілетті. Қа­зір онымен 12 млн тонна көлем тасымал­данады. Мұның 2 млн тоннасы ғана қазақ мұнай, ал 10 млн тоннасы РФ транзиті. Қа­зіргідей қысылтаяң кезеңде осы құбыр­дың әлеуетін толық пайдалануымызға болады.

КҚК әне-міне іске қосылуы мүмкін

Өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі жағ­дайда КҚК-на баламалы дәліз табу қиын. Тіп­ті, жоғарыда аталған баламалы ба­ғыт­тың бәрін қосқанның өзінде ол Кас­пий құбыр желісі консорциумының экс­порттық әлеуе­тінің 20-25 пайызына да жет­пейді. Сонда қалған мұнайды қайда жібереміз? Әрине, жаңа мұнай өңдеу за­уытын салуға немесе жаңадан құбыр жолын тартуға болады, бірақ оған ұзақ уақыт пен көп капитал керек. Және бұл шаруаны дәл қазір аяқастынан проблема туындағанда емес, бұдан біршама жыл бұрын қамдап қою қажет еді. Бүгінде Қазақстан Үкіметі мен Каспий құбыр желісі консорциумы арасында мұнай терминалын қалпына келтіру жөнінде екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жөндеуге қажетті материалдар жеткізіліп, енді күрделі жабдықтарды ауыстыру мен орналастыруға тағы уақыт керек. Одан бөлек, жөндеу кезінде теңізге бір тамшы мұнай тамбасын деген экологиялық талап бар. Сондықтан агрегаттың ішінде шикізат қалмау үшін оны толықтай тазарту қажет, ол да ауқымды жұмыс. 20 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасын қабылдау кезінде Каспий құбыр желісі консорциумына қатысты ахуалға ерекше назар аудартты. Сонда Мағзұм Мырзағалиев Президентке айлақтың жылжымалы құрылғылар жүйесін жөндеу жұмыстары жуырда аяқталатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Энергетика министрі Болат Ақшолақов та терминалдағы жөндеу жұ­мыс­тары толығымен аяқталуға жақын ­еке­нін растады. Оның айтуынша, Но­во­­российск порты айлағының екінші шы­ғарылым құрылғысы (ВПУ-2) кеше іске қосылу керек еді, бірақ мақала жазып жатқанда ха­барласқанымызда, оның әлі қосылма­ғанын естідік. «Жөндеу жұмыстары ауа райының жағ­дайына байланысты үздік-создық жүрді, бірақ қазір бәрі толығымен аяқталды. За­қымданған құбырлар түгел ауыстырылды. Оның бойына су жіберіліп, тексерілді. Енді қайтадан 100 пайыз бұрынғы қуатымен жұ­­мыс істей алатын болады»,– деді министр. Сарапшылардың есебінше, Каспий құбыр желісі консорциумы істен шыққан күннен бастап бүгінге дейін мемлекет 150 млрд теңге табыстан қағылған. Дегенмен бұл цифрдың өзі нақты емес. Әрі КҚК са­наулы күнде пайдалануға беріледі дегенмен, ол әлі іске қосылған жоқ. Шыққан шы­ғыстың толық есебі содан кейін жүргізілетін шығар? Әрі антиресейлік санкциялардың мұнай экспортына әсері қандай болмақ, оны да ескерген жөн.