Түркістан облысының Төлеби ауданында Құрбанәлі Ағәділов есімді қолөнер шебері бар. Шебер болғанда да анау-мынау емес, осы өнерді жан-тәнімен сүйетін, әрбір жұмысына ерекше ден қойып атқаратын жан. Санға емес сапаға ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, ер-тұрман жасағанда жанын салады. «Мен ертұрманға кәдімгідей ғашықпын. Ананың балаға, қыз бен жігіттің бір-біріне деген ғашықтық сезімі болады ғой. Сол сияқты ертұрман менің жатсам-тұрсам көз алдымнан кетпейтін әлеміме айналған» дейді кейіпкеріміз.
Сондықтан болса керек, қолөнер шеберіне еліміздің Көкшетау, Қызылорда, Ақтау, Атырау секілді қалаларынан бөлек, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, арысы Моңғолия, Түркия, Ресейден де тапсырыс беретіндер көп. Тапсырыс саны 3 000-ға жуықтап қалыпты. Алайда оның бәріне үлгеру мүмкін емес екенін айтады ұста. «Алпысты алқымдадық. Жас күнімізде айына 15-ке дейін ер шаба беретін едім. Қазір көзім де жақсы көрмейді, айына 3-4-еуін ғана жасай аламын. Түсіп жатқан тапсырысты орындау үшін маған әлі 200 жыл керек шығар» деп күледі кейіпкеріміз әзілдеп.
«Бізге бренд іздеудің қажеті жоқ»
Иә, негізінен ертұрман жасайтын ұста зергерлік және былғары бұйымдарды, сандық пен ат әбзелдерін де әзірлейді. Қажетті желімді де, теріні бірнеше күн бойы қайнатып, қолдан жасайды. 1991 жылдан бері 2 жарым мың ер шауыпты. Оның екі мыңы көкпарға арналған, қалған бес жүзі күміспен, мельхёрмен сәнделіп істелген әртүрлі ертұрман екен. «Отыз жыл бойы жинаған өнерімді болашақ жастарға қалдырып кету мақсатында бейнетаспа түсіріп, қолымнан келгенше әрекет етіп жатырмын. Біздің елімізде ертұрман жасау туралы бір де бір кітап жазылмапты. Ол туралы мәліметтерді мұрағаттардан, кітапханалардан жинастырдым. Ер шабатын ағаштан бастап, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелеріне дейін оқып, ертұрманға қатысты барлық мәліметтерді жиыстырдым», – дейді ұлттық бұйымдарды бойына сіңіріп, осы саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүрген шебер. 30 жыл ғұмырын қолөнерге арнаған шебер қазір ертұрман энциклопедиясын жазып бітіруге таяған. Жазып қана қоймай, қазақ тарихындағы ертұрманның 23 түрін жасау үстінде. Қазақ тарихында осындай ертұрманның болғанын елге көрсету үшін тынбай еңбек етіп келеді. Әлемде мұндай отызға тарта ердің түрлерін тек біздің қазақ ұсталары ғана жасағанын еске салған Құрбанәлі аға қазір тек 2 түрі ғана қолданыста екенін айтады. «Қазір біздің Қазақстанды Өзбекстанның панера ері мен қырғыздың қастары темірден жасалған ертұрманы басып барады. Ат әбзелдерінің көбісі өзге елден келіп жатыр. Себебі ер шабатын ұста аз. Бар-жоғы – 5-6-ауы ғана. Базарда ерге ұқсаған дүниелерден көз сүрінеді. Бірақ олар нағыз ер емес. Ер атқа жабысып тұруы тиіс», – дейді шебер.Кәсіптік пән ретінде енуі тиіс
Құрбанәлі Арыстанбекұлы ер шабу өнерінің жайы қатты мазалап жүргенін жеткізді. Жасы ұлғайған сайын онсызда еліміздегі 5-6 ғана ер шабатын ұстаның қатары кеміп бара жатқанына қынжылады. Қолөнер шеберлеріне қолдау қажеттігін айтқан ол бар ойы мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсіптік колледждерге пән ретінде енсе дейді. «Ең алдымен ұлттық өнерімізге бүгінгі жастарды қызықтыра білу керек. Ата-бабамыздан қалған өнерді өшірмей, жастарға үйретіп, болашақ ұрпаққа жеткізіп кету үшін әрбір аймақта қолөнер мектебі ашылуы тиіс. Дәл қазір Жаңа Қазақстанды құру жолында ел арасында жұмыссыздықты азайтқымыз келсе, ұлттық кәсіпке баулитын өнер мектебі ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Менің ойымша, әрбір ата-ана өз баласын бұл мектепке беруге қуана келісер еді. Ұлттық өнер мектептерінен жылына жүздеген шәкірт білім алып шықса, сонша жұмыссыздық та азаяды. Мен тіпті тегін сабақ берер едім», – дейді қолөнер шебері. Әрбір ұлт өзінің өнерімен ғана өшпейтінін, дамуға бет алатынын ашына жеткізді тағы да ол. «Экономика қанша дамыса да, ұлттық өнерсіз бізді әлем мойындамайды. Ащы да болса шындық, өнер жағынан көрші мемлекеттерден артта қалып келеміз», – дейді.Түркістан облысы