Supermamasita қызыл жіпке қасиет бітірген бе?
Supermamasita қызыл жіпке қасиет бітірген бе?
Әлеуметтік желіде Supermamasita нигімен танымал, Instagram-да 6,9 миллион оқырманы бар блогер бизнестің жаңа түріне көшіпті. Табыс табуды үйрететін онлайн курстарына қатысты талай сын айтылып, плагиат үшін сот алдында жауап берген Әлия Байтуғаева енді қызыл жіп саудасына араласыпты. Блогердің бұл кәсібіне қатысты ел ішінде пікір екіге бөлінді. Бірі мұсылман қауымды Аллаға серік қосуға итермелеп жатыр десе, енді бірі позитив энергияға малынған қызыл жіпті алуға кезекке тұрған.

Үш иірім жіптің құны 4 500 теңге тұра ма?

Әлқисса, осыдан төрт жыл бұрын газетімізге «Жасылға неге жабысып қалдық?» деген тақырыппен мақала жариялағанбыз. Ол кезде де бір блогер әйел жасыл «нәски» саудалаған. Жай ғана шұлық емес, жолыңды оң қылатын, бағыңды ашатын-мыс. Бұл жолғы қызыл жіптің жыры да осыған ұқсас. Алдымен шағын оқиғаны айта кетейік. Байтуғаева бір дорба қызыл жіпті алып қайда бармады? Арысы – Дубай, берісі Түркістандағы әулие-әмбиелердің жатқан жеріне барып, сол жіптерді жағымды энергиямен «қыздырған». Сапарының басын ол Ерқоян атаның басына барып, ол жерге өзі ақтық тастап, орнына басқа біреудікін алып кетеді. Сөйтіп, сол жаулықтың ішіне барлық қызыл жібін салып, сол маңайдағы барлық қасиетті орынға барып шық­қан. Ұзын саны 1-2 мыңға жуық мұндай аксессуардың бір данасын блогер 4 500 теңгеден сатып жатыр. Сатылым ашқалы менеджерлер бірнеше күн көз ілместен тапсырыс қабылдаған. Егер шамамен 1 500 жіп болды  десек, айналдырған 2-3 күнде Supermamasita 6,7 миллион теңгені қалтасына қағып алды деген сөз.

Яһудейлердің сенімінен шыққан қызыл жіп

Өзінің БАҚ-қа берген сұхбатында ол «Қызыл жіп кәдімгі тұмар сияқты. Бұрын қазақтар көз тимесін деп түйреуіш тағып, үйдің кіреберісіне көк түсті көзмоншақ іліп не тұмар тағатын болған. Егер адам шын сенсе, жіп оған шынымен көмектеседі. Сенбесе, әрине жұмыс істемейді. Бұлар маған айтарлықтай табыс әкелген жоқ. Бар-жоғы мың шақты болған. Әу баста сату мақсатым пайда көру болмады. Бұл энергия алмасу үшін жасалған. Өз энергетикамды оқыр­мандарыма да бөліскім келді. Осылайша, мотивация беруді қаладым. Диванда жатқан адамға ақша аспаннан жаумайды, әрине. Бірақ мына жіп оған менен қосымша энергия береді» деп жауап беріпті. блогер Әлия Байтуғаева Ал енді бұл қызыл жіп өзі қайдан шыққан? Адам баласы көз тию дегенге сенеді. Қорғану үшін түрлі тәсілді байқайды. Дәл қызыл жіпті көз тиюден қорғайды деген сенім яһудейлер мен каббалистерге тән. Осы сенімдегілер әлі күнге дейін сол қолына қызыл жіп тағып, жамандықтан сақтанып жүреді. Қызыл табиғаттағы түстердің ішіндегі ең қуатты әрі негативтісі саналады. Ал жіптің жүннен жасалатыны ол – ең жылы материал. Мінеки, қызыл жіптің түп төркіні қайда жатыр. Қазір мұндай қолға тағатын аксессуар құдды бренд сөмке не iPhone секілді сәндік атрибутқаға айналды. Шетел жұлдыздарының ішінде ең алғаш болып Мадонна бастаған болса, одан бері арада қанша жыл өтсе де сәннен шық­пай, біразының қолынан байқап жүрміз. Сөйтіп-сөйтіп бұл сән бізге де келген. Жалпы, көз тигізбейтін дүние деп бұған дейін де сеніп, тағатындар бар-тын. Бірақ Әлия Байтуғаева әдеттегідей экстравагант әдісті таңдады. Бір қызығы, өртесе күлі де қалмайтын сол жіптің жағымды энергетика беретініне көзсіз сенетіндер көп.

Дінтанушылар не дейді?

Бұған қатысты дінтанушылар не дейді? Пікірін нақты білдіретін ұстаздардың бірі деп Қайрат Жолдыбайға хабарластық. Ол кісі дәл осындай алаяқтар туралы «Кемел адам» кітабында жазғанын, оған алып-қосары жоғын айтты. Ендеше кітабында не айтылды? «Шариғи және ғылыми негізі жоқ жал­ған, мистикалық сенімдерге иланып, өмірді соған негіздеу – үлкен адасушылық және күнә. Сондықтан жалған сенім мәселесінде абай болған жөн. Әсілінде, мұсылмандық сенім бойынша ризық-несібені беретін – Алла. Адамнан талап етілетін нәрсе болса, жақсы ниет пен қажырлы еңбек. Біреудің қолымен жасалған бақа-шаян немесе айдаһар мүсіндері ақша шақырады деп сену – ақылға сыймайтын дүние. Байлық пен ақша тартатын асыл зат – адамның шынайы ниеті мен еңбегі. Абай да бұл принципті төртінші қара сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген. Олай болса, елімізде өзін «ментор, коуч» санап жүрген кейбір отандастарымыздың адамдардың сауатсыздығы мен сенгіш мінезін пайдаланып, дінімізге қайшы өзге елдің жалған сенімін тықпалап, еш пайдасы жоқ мүсіндерді, әмияндарды сату арқылы қалтасын қампайту әрекеті — шариғи һәм адами тұрғыда күнә болмақ» делінген екен. Supermamasita болса, дінге қайшы дегенге мүлдем келіспейді. Айтуынша, Түркістандағы имамдардан сұра­ғанда, «жіпті тағуға болады» деген. Әрине, ар жағындағы сенім мен ниеті қандай екенін айтпай, жай ғана тағуға бола ма деп сұраса, «тақпа» деуге кімнің құқығы бар? Мұны да ескеру керек.

Тұрсынбаева кезінде не үшін кешірім сұраған еді?

Мұндай дүние трендтен түспей келеді. Әрі көбіне мол пайдаға кенелуді көздейтін блогерлердің бастамасынан байқап қаламыз. Түрлі әмиян, май, ақша ша­қы­ратын ақылы техникалар түптің түбінде сол техниканы сатқан адамды ғана ақшаға «көмсе» керек. Дегенмен қылығы үшін кешірім сұрағандардың болғанын да айту қажет. Мысалы, қайбір жылы «Стақандағы су» техникасын сатқаны үшін белгілі айтыскер, бүгінде белді блогерге айналған Айнұр Тұрсынбаева ел алдында кешірім сұраған еді. «Мен алғаш мотивациялық кітаптарды ақтарып бастағанда ең бірінші оқығаным Зеландтың «Трансферфинг» кітабы болды. Қатты ұнаған соң қазақшалай бастадым… Келіспейтін жерлерім де бар, әрине. Ішінде атақты «Стақандағы су» техникасы туралы жазылған. Кейіннен YouТube-та батыс эзотериктерінің басым бөлігі соны қолданатынын білдім. Діннен хабары бар бір ағадан сұрағанымда «суға дем салып ішу исламда да бар» деген соң сабақтарымда өзім де қолдандым. Менің араб тілін үйрене бастағаныма біраз болды. Арасында аят, сүре, хадистерді оқимын. Ең қызығы, Зеландтың да, Кехоның да, Диспензоның да, басқаларының да айтып жүргендері Құранда бар болып шықты. Және жасап жүрген техникаларыма деген  күдік пайда болды. Жолдасым Құранды емін-еркін болмаса да бір кісідей оқи алады, осыны нақтылап берші деп едім, «сен дем салып үйретіп жатқан жоқсың, судан сұратып үйретіп кетіпсің, бұл – күнәнің үлкені» деп кесіп айтты. Сонымен, 2 рәкағат тауба намазын оқып, ол техниканы тоқтатып тастағаныма 1 айдан асқан. Қызық болғанда тоқтатқан күннен бастап алдымнан айналып шыға берді.. Айқайлап айтып жүргенде ешкім үндемей, енді жауып тастағанда неге бұл тақырып ушығып кетті деген ойға қалдым. Құранды еркін оқитын бір мұсылманға хабарласып, «неге бұлай болып жатыр?» деп кеңес сұрасам, «жұрт сенің тоқтат­қаныңды білмейді ғой, жұрттың алдындағы абыройды емес, Алланың алдындағы абыройды ойлап, бұл техниканы мүлде қолданбайтыныңды айтып, қателескеніңді мойындап, пост жазсаңызшы» деді. Басым жерге жеткенше иіліп сіздерден де кешірім сұраймын» деген болатын. Әрине, блогер болған соң ел алдындағы жауапкершілікті сезіну маңызды. Мұның жарқын үлгісі ретінде қаржы пирамидасына қатысты басы дауға қалған блогер Мейіржан Төре- баевтардың жағдайын кейс қылып айтса болады. Осы тұрғыдан алғанда біздің блогерлерге аудитория алдындағы жауапкершілік туралы тағы бір ойланған жөн-ау. Әйтпесе, Пайғамбардың сүйікті түсі де жасыл зат сатудың, дінде бар деп исламға қайшы түрлі әрекет шыға бермек.

Айша ЕРСҰЛТАН