Бес жылдан кейін аттестациядан өте алмаған ұстаздарға 6 ай сайын қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Келесі мүмкіндікті пайдаланғанға дейін мұғалімнің ай сайын алып отырған үстемеақысы сақталады, деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Qazaqstan арнасына берген сұхбатында. Бұл туралы Informburo.kz жазды.
"Бұған дейін бірінші, екінші және жоғары санат түрі болды. Бірақ, бұл санаты барлар қазіргідей ай сайын 100-150 мың теңге алған жоқ. 4-8 мың, көп дегенде 17 мың теңге алды. Жоғары санаты бар мұғалім кейін "шебер" санатына тапсырады. "Шебер" санатын иелене алмағанның өзінде 5 жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден алады. "Егер осы әріптесіміз өзінің біліктілігін дәлелдей алмаса, неге мұндай мүмкіндік болуы керек?" деген сұрақ туындайды. Осы орайда мұғалімге тиісті мүмкіндік беріледі. Яғни, атестациядан өте алмаса, тағы да 6 ай уақыт беріледі. 6 ай ішінде санаты сақталады", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, мұғалімге бұдан кейін де мүмкіндік беріледі. Яғни, үстемеақысын ай сайын алып келіп, кейін тағы бір мәрте аттестациядан өтеді.
"Егер мұғалім екінші мәрте берілген мүмкіндікті пайдалана алмаса, онда санаты төмендетіледі. Бірақ санаты төмендетілсе де, жылына екі рет осы мүмкіндікке ие болады. Санатқа тапсыру рәсімі толығымен тегін", – деп қосты министр.
Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов зейнет жасына жақындап қалған ұстаздарға да жеңілдіктер қарастырылып жатқанына тоқталды.
"Қазір үлкен зерттеу жүргізіп жатырмыз. 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдерге жеңілдіктер жасауу мәселесін талқылап жатырмыз. Өйткені, зейнет жасына жақындап қалған әріптестеріміз бар. Мұндай жағдайларға да түсіністік танытуымыз керек. Жақын арада осы ақпаратты бөлісеміз", – деді Асхат Аймағамбетов.