Қарағанды облысы Еркіндік ауылының тұрғындары нәжіс араласқан ауыз су ішіп отырмыз деп қынжылады. Ауылдағы жұрттың көбі түрлі дертке шалдыққан. Тіпті құдықтағы судың құрамын тексертуге қаладағы зертханаға сынама жіберген. Нәтижесінде тұз бен темірдің өте көп мөлшерде екені анықталыпты. Ал Шет ауданы билігі ауылға таза ауыз су қашан келетіндігін айта алмай отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
"Осы ауыл ауыл болғалы 200 жылдан асты. Қаражартас атауы болған бұрын. Сол 200 жылдан бері үкімет бізге ешқандай жақсылық істеген жоқ. Биыл жасаймыз, келесі жылы жасаймыз, әлі келе жатыр әлі келе жатыр. 10 жыл болды осы су тартамыз дегенге. Скважинасын қазып қойды осыдан 1,5 шақырым жерде, әлі тұр. Жоқ", - деді Еркіндік ауылының тұрғыны Жеңіс Қадыров.
Еркіндік аулында мыңнан аса тұрғын бар. Ауыл болғалы құдық суын ішетін жұрт кейінгі жылдары судың сапасы күрт нашарлап кеткенін айтады. Себебі кәріз жүйесі жоқ ауылдың нәжісі әр үй жанындағы қазылған жабық орға жиналады. Жер асты сулары нәжіспен араласпай тұрмайды. Салдарынан шәйнек түбіне жиналатын қақты қойғанда, асқазанға өткен лас су ағзаны улап жатыр дейді тұрғындар. Ауылдағы жас кәрінің бәрінде қан қысым мен бүйрек аурулары бар екен.
Аудан басшылығы да бұдан хабардар. Мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп, 2019 жылы жобалау құжаттары әзірленіпті. Алайда кейінгі жылдары экологиялық кодекске енген өзгерістерге сәйкес, құжат сараптамадан өтпей қалған. Олқылықтарды түзетіп қайта жолдадық дейді шенеуніктер. 19 шақырымдық құбыр тарту құны 316 миллион теңге екен. Бірақ бұл қаржы да жетпей қалуы мүмкін дейді атқамінерлер.
"Баға өзгереді, біз басқасын қойғанда тамаққа да өзгеріп жатыр ғой. Құрылыста материалдың бағасы өзгеруіне байланысты, бізде сараптамадан өткен бетте нақты жабасы қойған бетте халыққа ағайын міне жоба дайын дейміз да, сосын қаражат бөлінгенін ғана тосамыз. Қаражат бөлінген бетте ары қарай жұмыс жасаймыз. Биыл да бөлініп қалуы мұмкін, келесі жылы да бөлініп қалуы мұмкін. Құжат қалай өтеді, біз сонымен ғана жасаймыз", - деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсембаев.