Қаңтар оқиғасы: Талдықорған тұрғынын азаптап өлтірді деген күдікпен екі полицей қамауға алынды
Қаңтар оқиғасы: Талдықорған тұрғынын азаптап өлтірді деген күдікпен екі полицей қамауға алынды
© Vladimir Tretyakov
691
оқылды
Талдықорған тұрғыны Алмас Мұқашевтің өліміне қатысты 2 полицей қамауға алынды. Бұл туралы Бас прокуратура 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.  Алмас Мұқашев қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған. Марқұмның жақындары тергеу кезінде тыйым салынған әдістер қолданылғанын, көптеген дене жарақаты салынып, салдарынан дені сау адамның көз жұмғанын мәлімдеген болатын.
«Нақты осы кезеңде, яғни 6-8 қаңтар аралығында азаматтардың қаза болу фактілері тіркелді. Оның барлығы бойынша тергеу жүріп жатыр. Мұқашевтің өліміне әкеп соққан ұрып-соғу фактісі бойынша тергеу ісімен арнайы прокурорлар айналысып жатыр. Осы іс бойынша соттың санкциясымен құқық қорғау органдарының 2 қызметкері қамауға алынды», - деді Е. Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде 2 адам Алматы облысы әкімдігін басып алу жөнінде нұсқау беріп отырғанын хабарлаған болатынбыз.