Толағай білім тәрбиеден басталады
Толағай білім тәрбиеден басталады
©Д.Балабекұлы
780
оқылды
Қазіргі таңда елімізде сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды әлеуметтік-рухани, адамгершілікке тәрбиелеудің ерекше қажеттігі туындап отыр. Дамудың бүгінгі ғылыми-технологиялық тренді жастардың жаңалыққа, өзгерістер мен жедел іс-қимылға, шапшаң шешім қабылдауға бейімделуін тездетті. Сондықтан болашақ жас мамандарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін, зерттеу мүмкіндігін, өзін-өзі тәрбиелеу жолдарын жетілдіру – қоғамдағы өзекті мәселе. Бұл жайында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мен қатар, оларға сапалы білім беру ісін басты назарда ұстау маңыздылығын айтып келеді. Сондай-ақ, адами капитал сапасын жақсартуды нақты атап, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды үкіметке ескерткен болатын. Дүниежүзлік БҰҰ даму бағдарламасында маңызды мәселе ретінде – жастар, олардың қалыпты тұрмысы, білімі, денсаулығы, тиімді еңбек етуі айтылған. Сондықтан, қазіргі уақытта әлем елдерінің көпшілігі жастарға қатысты заманауи ұлттық саясат жүргізіп, оны дамыту мен қорғау туралы арнайы заңдар қабылдап және ол заңдардың, бағдарламалардың іске асырылуына мемлекеттік, жеке ұжымдық ұйымдар жұмыс жасауда. Мәселен, бізде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі: жеке адамның шығармашылық, рухани және күш қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту»,- деп атап көрсетілген. Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлеуметтік-тәрбие жұмысы университеттің оқыту, білім беру ісінде басым бағыттардың бірі болып табылады. Тәрбие үдерісін дамыту бойынша 30-дан астам орталықтар қызмет етеді. Оның басты субьектісі – университеттегі куратор-эдвайзерлер институтының қызметі. Әр жыл сайын 800-ден астам оқытушылар студенттік топтарға куратор–эдвайзер болып бекітіледі. Куратор-эдвайзерлердің мақсаты жастардың тұлғалық дамуының үйлесімділігін қалыптастыру, студенттерді азаматтық белсенділікке тәрбиелеу, білім алушылардың мамандықтың жұмыс оқу жоспары аясында білім алу траекториясын таңдамалығы негізінде өзін-өзі қалыптастыру және өзін-өзі көрсету қабілеттерін дамыту болып табылады. Университет көлемінде куратор–эдвайзер мектебінің кеңесі мен білім беру бағытында тәрбие берудің заманауи методикаларын қолдануға байланысты біліктілікті жоғарлату семинар–тренингтерінің өткізілетіндігін, нәтижесінде аранйы сертификаттар берілетіндігін айта кету керек. Куратор-эдвайзер топтың ұйымдастырушысы, әдістемелік басшысы, тәрбиешісі, педагог-психологы. Оның міндетіне: - Оқу жылы барысында студенттік топтың өміріне ұдайы қатысуы мәселелерін шешуге көмек көрсету, топта достық ортасын қалыптастыру, әрбір студентке тұлға ретінде қарау; - тудентердің сабаққа қатысуын және үлгерімін бақылауды ұйымдастыру: сабаққа қатысу журналын тексеру, оқытушылармен оқу үлгерімі туралы әңгімелесу; - топтағы әрбір студенттің денсаулығын және тұрмыстық жағдайын білу; - студентерді ғылыми-зерттеу жұмысына тарту, олардың ғылыми мүдделерін ескеру, зерделеу, сонымен қатар өздерін-өзі танытуына жағдай жасау; - ата-аналармен жұмыс: студенттердің сабаққа қатысуы, үлгерімі сондай-ақ оқу орнындағы іс-әрекеті туралы қажетті ақпаратты дер кезінде беру; - топтағы студенттердің этикалық тәрбиесі: сыртқы келбетіне назар аудару, топтағы студенттің мінез-құлқына мән беру, олардың университеттің ішкі тәртібін қадағалауын бақылау; - азаматтық, адамгершілік, эстетикалық, кәсіби, мәдени және физологиялық тәрбие беру бағытында нақты іс-шаралар ұйымдастыру жүктелген. Сонымен қатар, білім-ғылым беру және әлеуметтік-тәрбиелік қызметтер аясында куратор-эдвайзер мектебімен әріптестік, серіктестікте жұмыс жасап жүрген көптеген бірлестік құрылымдар мен ұйымдар баршылық. Солардың бірі студенттік өзін-өзі басқарудың ең жоғарғы ұйымы – Жастар ұйымдары комитеті болып табылады. Ол студенттік өзін-өзі басқарудың негізгі субектілері саналатын университет студенттерінің Сенатын, жатақхана студенттерінің Жоғары кеңесін, Тәртіп сақтау жасағын, студенттік құрылыс жасақтарының штабын, үш лигадан тұратын дебат қозғалысын (қазақ, орыс, ағылшын лигалары), «ҚазҰУ қалашығы – «Green кампус» экоқозғалысын, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро және т.б. көптеген студенттік ұйымдар мен клубтардың жұмыстарын үйлестіреді. Қорытындылай келгенде, біздегі әлеуметтік тәрбие жұмысының мақсаты – белсенді өмірлік ұстанымға ие, эмоционалдық жағынан тұрақты, түрлі мәдени топ өкілдерімен бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатын, патриот, әртүрлі ғылыми, мәдени ортада өзін-өзі жақсы қырынан айқындай алатын тұлға тәрбиелеу.

Илияс Құлиев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің Әлеуметтік-тәрбие жұмысы бойынша аға эдвайзері