– «AMANAT» партиясының бүгінгі құрылтайы – тарихи оқиға. Себебі бұл партияға «Adal» партиясы да қосылып жатыр. Символикалық жағынан қарағанда аманатқа адал болу дегенді білдірсе керек. Осы уақытқа дейін «аманат» сөзінің тарихта ерекше орны бар қасиетті сөз екенін талай айттық. Енді сол атты арқалаған партия халыққа адал болсын дегенге келтіріп отырмыз. Жалпы, «Жаңа Қазақстан» сөзін жұрт Әділетті Қазақстан ретінде қабылдап жүр. Мен де солай қабылдаймын, қаңтар оқиғасынан кейін елімізде біраз оңды бастамалар болды. Халық оны көріп, қолдап отыр. Мемлекет басшысы партиядан шығып, «AMANAT»-ты халықтың қолына тапсырғандай болды. Себебі партияға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов жетекшілік етпек. Ал Мәжілістің халық қалаулылары жиналған орта екенін білеміз. Ахмет Байтұрсынұлының «халықтың жайын ойлаған партия – менің партиям» деген сөзі бар. Сол сияқты біз де елдің қамын ойлар деп үміт етеміз. Бір партияның келесі бір партия құрамына кіргеніне күмәндануға болмайды, мұндай қадамдар тарихта талай болған. Мәселен, АҚШ-тың Республикалық партиясы, Жапонияның Либерал-демократиялық партиясы осындай кезеңдерді кешкен. Бұл процестер демократиялық мемлекеттерге тән болды. Енді бізге де осы күн келді. Жаңашылдыққа бет бұрған елдің қадамы деп білемін. Бір жағынан партиядағы кадрлардың біліктілігі де арта түспек. Себебі екі тарапта да реформаға бейім, еңбекқор азаматтар бар еді. Бастары қосылып, жаңа толқынды бастауы тиіс.