Тұлға тұғырға қонды
Тұлға тұғырға қонды
788
оқылды
Елордада Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ескерткіш тақта ашылып, кітап және фотокөрмелер өтті. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияда концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шараларға Алматы, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Мәскеу және тағы басқа қалалардан келген өнер мен мәдениет қайраткерлері, белгілі ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Шығармашылық пен лауазымды қызметті ұштастыра білген Кәкімбек Салықов – Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Жақын досы, атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен бір үйде көрші тұрған. Енді Е.Рахмадиевтің ескерткіш тақтасының жанына Кәкімбек Салықовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның авторы – Ресейдің талантты мүсіншісі Денис Мельников. – Соңғы жылдары Кәкімбек Салықов өте көп жазып, шығармашылықпен айналысты. Басты жолы, міндеті, ерекше қасиеті поэзия екенін түсінген сыңайлы. Өмірде көрген-білгенін, көзқарасы мен пікірін, сезімін жыр арқылы жеткізуге тырысты. Оның өмірлік тәжірибесі көптеген өлеңге арқау болып, халық арасында танымал, керемет әндер жазылды, – деп еске алады жазушы, драматург Дулат Исабеков. ескерткіш Кәкімбек Салықов Тұлғаны ұлықтауға арналған шаралар легі Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында жалғасты. Кәкімбек Салықов ақын ғана емес, композитор да еді. Оның өлеңдеріне жазылған «Аққу жеткен», «Сарыарқа», «Саумалкөл» тағы басқа әндерді және авторлық туындыларын Қазақстан және Татарстанның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Айгүл Қосанова сияқты әншілер шырқады. Концертке жас әншілер де үлес қосты. Ал филармония фойесінде белгілі мемлекет қайраткерінің жеке кітаптары мен естелік фотосуреттерінің көрмесі өтті.