– Кешегі съезде «AMANAT» партиясының құрамына «ADAL» партиясы қосылып, сол арқылы саяси жақтастарымыздың көбеюі – біз үшін өте үлкен қуаныш. Өйткені бұл басқа саяси ұйымдардың біздің партияға деген сенімін білдіреді. Себебі біздің партия айтқан сөзін орындайтын нақты істердің партиясы.
Съездегі екінші бір жаңалық – Президенттің «AMANAT» партиясының құрамынан да, төрағалығынан да шығуы қоғам үшін күтпеген жаңалық. Бірден айта кетейік, Президент бұл мәселені жылдың басында көтерген еді және көп ұзамай сол уәдесінде тұрды. Бұл Мемлекет басшысының сөзі мен ісі бір жерден шығатынын көрсетеді. Мұны саяси ұйымның басшылық қызметіндегілерге, партия қатарындағы мүшелеріне көрсетілген үлгі деп қабылдауға болады. Яғни, айтылған әрбір сөздің орындалуы мін-
детті.
Ал фракцияның қазіргі басшысы Ерлан Жақанұлының партияның жаңа төрағасы болып сайлануы – бұл әлемдік тәжірибе. Фракция мен партия басшысының бір адам болуы саяси ұйымның бір бағытта пәрменді жұмыс істеуіне игі ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені партияның кез келген шешімі міндетті түрде заңдылық негізде, Мәжілістің үлкен төрінде қолдау тауып отыратын болса, бұл саяси ұйымның жұмысын одан әрі үдете түседі деп білемін. Сол себептен кешегі съездегі ең маңызды тарихи шешімдердің бірі – Президенттің төрағалықтан кетуі мен қатарымызға жаңадан 300 мың мүшенің қосылуы. Осыған қарап-ақ біздің жұмысымыздың одан әрі көбейетіні белгілі болып тұр.