Мәжіліс қабырғасында палата Спикерінің орынбасары Павел Казанцевтің төрағалық етуімен «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру туралы Үкімет сағаты өтті.
Алдымен Павел Казанцев «Ауыл – ел бесігі» жобасына соңғы үш жылда республикалық бюджеттен 206 млрд теңге қаражат бөлініп, 2,5 мыңнан астам жоба жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Соның арқасында 250 тұрғын үй-коммуналдық, 676 әлеуметтік және 1,7 мыңнан астам көлік инфрақұрылымы нысандарын жаңғыртуға мүмкіндік туған. Ал тақырып төңірегінде баяндама оқыған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жоба аясында даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл таңдалып, тұрғындарының 89 пайызы қамтылатынын атап өтті.
Жалпы, елімізде 6 293 елді мекен бар. Одан әрі Әлібек Қуантыров жергілікті атқарушы органдармен «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қамтылған ауылдарға инвестиция тартудың тиімділігіне талдау жасалғанын айтты. Министр биыл даму әлеуеті бар 492 ауылға 100 миллиард теңге бөлінгенін, бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын, әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт саласы жобаларын іске асыруға жұмсалатынын жеткізді.
Бұған қоса «Ауыл – ел бесігі» батыс және оңтүстік облыстарға халықты әлеуметтік-мәдени, спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 20 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған көрінеді. Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау депутаттардың бағдарламаның орындалу барысы бойынша әрбір елді мекендерде, аудандарда, облыстарда егжей-тегжейлі талдау жасалғанына тоқталды. Оның сөзінше, аталған жобаның нәтижесі сын көтермейді. Бағдарлама ауылдық жерлерді дамытуға тың серпін беруге, бірінші кезекте, ауыл халқының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға арналған. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерді «тірек» және «серіктес» санатына бөлу критерийлері айқындалып, өңірлік стандарттар жүйесі қабылданған.
– Жоба аясында облыс әкімдіктері Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 6 300 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мыңнан астам ауылды іріктеп алды. Оның ішінде 1 173 тірек және 2 388 серіктес ауыл бар. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша іс жүзінде бағдарлама 3,5 мың ауылдың 665-ін ғана қамтыған. Яғни, үш жылда 18 пайыз ғана ілгерілеу болған. Бұл ретте алдағы төрт жылда жобамен 2 870 ауыл, 82 пайызы қамтылуға тиіс. Қазіргі жағдайға қарағанда Ұлттық жоба параметрлерінің орындалмай қалу қаупі бар, – деді А.Рау.
Комитет төрағасы мемлекеттік органдардың «жаңғыртылған ауыл» ұғымын жете түсінбейтінін айтып, орындалған жоба санына қарап емес, барлық проблемалар шешілген ауылды ғана «жаңғыртылған ауыл» деп қабылдау керегін айтты. Депутаттар назарына іліккен тағы бір мәселе, экономикалық әлеуеті жақсы, дамыған инфрақұрылымы бар ауылдар жобаға мүлдем енгізілмеген. Оған – елді мекеннің «тірек» ауылдан 18 шақырым қашықтықта орналасқаны, ал бағдарлама бойынша 15 шақырымнан аспау керегі себеп. Талқылау кезінде депутаттар ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасына, жайылым жерлерді қайтаруға, тұрғын үй құрылысына, жұмыспен қамтуға, халықтың табысын арттыруға, ауызсу, жол, интернет, экологияға қатысты өзекті мәселелерге назар аударды. Алдағы 4 жылда ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге тағы 670 миллиард теңге қажет, ол 7 миллионға жуық ауыл тұрғынының өмір сапасын арттыруға жол ашуы тиіс. Отырыс соңында талқыланған тақырып бойынша арнайы ұсыным әзірленді.