Смағұлдың хаты
Смағұлдың хаты
© коллаж: Әсел Балтақызы
464
оқылды
Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубаев кино саласындағы күйіп тұрған мәселелерді айтып, Мем­лекеттік хатшы мен Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа, Мә­дениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ашық хат жазды. Жазушы хатын әлеуметтік желідегі парақ­ша­сын­да да жариялаған. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, жазушыны күйіндірген не нәрсе? Жазушы ашық хатында: «Қазақ киносын қаржыландыру сала­сын­дағы келеңсіздікке байланысты еді. Соның салдарынан бүгінде қа­зақ киногерлері өзара қырғи­қабақ, алтыбақан алауыз. Себебі Ұлттық киноны қолдау мемлекет­тік орталығы 2021 жылы іріктеп алған киножобалар әртүрлі себеп­пен жыл аяғына дейін созылып, қаржыланбай қалды. Яғни, 2021 жылы іріктеген фильмдер өндіріс­ке кетпеді. Кешікті. Салда­ры­нан 2021 жылы іріктелген ки­ножобалар 2022 жылы іріктелетін жобалармен бірге қайта питчингке түсетін болды. Бірақ бұл бірікті­рілген 2 питчинг бір жылдың қар­жы­сын бөлісетін болды. Екі жыл­дың іріктеуі біріктірілгеннен кейін олардың қаржысы да екі есе көбеюі керек емес пе еді? Бірақ олай бол­мады» деп жазады.

Кино өзін-өзі ақтай ма?

Бұл мәселе киногерлерге де ауыр соққы болған секілді. Өйткені олардың жұмыс жоспары орын­далмай қалатын секілді. Кино­гер­лер екіжылдық питчинг бір жылға біріккен соң оның қаржысы өсуі тиіс деп отыр. Одан бөлек, кино­режиссура мамандығын дайындай­тын екі жоғары оқу орны бар еке­нін, оны жыл сайын емес, екі жыл­да бір рет дайындауға бола­ты­нын айтады. «Кино – қымбат өнер. Бірақ аудиториясы кең, қалың бұқаралық өзекті өнер. Қараңыз, жарты ғасыр бұрын түсірілген фильмдеріміздің өзі әлі күнге телеэкраннан түспей, ұлт болашағы үшін күнде күресіп келеді. Осы жағдайды халық болып күнде көріп отырып, «кино өзін-өзі ақтамайды» деп айтуға, аста­пыралла, қалай аузымыз барады?! Ұлттық киносыз ұлт қалай қа­лып­таспақ?! Ұлттық кино – ұлттық идеология. Ұлттық киносыз қалу – ұрпағымызды шетелдік киноның қанжығасына байлап беру болмақ! Ендеше ұлттық кинодан қаржы үнемдеу, ұлттың өз қаражатын өзінен үнемдеу емес пе?! Ұлттық киноға салынған қаржы ұлттық рухты қалыптастыруға салынған қаржы емес пе?!», – дейді жазушы хатында. Жыл сайын түсіріліп жатқан фильмдердің барлығы дерлік өзін-өзі ақтап жатыр ма? Мәселе – осында! Кей фильмдердің атын естігенімізбен, затын білмейміз. Кей фильмдердің жарнамасы жер жарғанымен, көрермен тарапынан сұранысқа ие болған жоқ. Демек, «жылтырағанның бәрі алтын емес» екенін мойындауымыз керек. Сон­да біз осындай шалажансар фильм­дерді мемлекет қаржысына түсіріп, шығара береміз бе? Қаржы бөлін­геннен кейін оның сұрауы да бар емес пе? Мемлекет қандай фильм­дерге тапсырыс бергені жөн? Оны кім анықтайды? Жыл сайын кино­герлер қауымы тарапынан неге жиі өкпе-реніш туып жатады? 2022 жылғы 14 наурызда Мә­дениет және спорт министрі Дәу­рен Абаевтың төрағалығымен Ұлт­тық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жө­ніндегі ведомствоаралық комис­сияның отырысы өткен. Мемле­кеттік сатып алу туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланып, олар өз кезегінде ұлттық деп та­ны­луға үмітті киножобаларды қар­жыландыру қағидаларына түзе­тулердің енгізілуіне ықпал еткен-ді. Нәтижесінде, әлеуетті өнім берушілердің қаржылық тұрақ­тылығына қойылатын талаптар артты (Қаржы министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы №35 бұй­рығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағи­даларының» 40, 44-баптары). Ве­домствоаралық комиссия отыры­сының қорытындысы бойынша «сараптама кеңесінің (16.09.2021 жылғы № 14, 14.02.2022 жылғы № 1 хаттамалары) қорытындылары бюджет заңнамасы мен мемле­кеттік сатып алудың талаптарына сәйкес келмеуіне орай қараусыз қалдырылады; Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу бойынша жаңа питчинг өткізу ұсынылсын» деген шешім қа­былданған.

Шу көтеретін мәселе жоқ

Продюсер Қанат Төребаевтың айтуынша, мәселе заңға келіп тірелетін сияқты. «Биылдан бастап заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазір тәуелсіз комиссия құрылып, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылау үстінде. Жаңа заңның талаптарына былтыр өткізілген жобалардың 90 пайызы сай келмейді. Былтыр питчинг жарияланғанда мұндай талаптар қойылған жоқ. Биыл біздің алды­мызда екі жол болды. Біріншісі – өзгерістерді жою. Бірақ ол біраз уақытты қажет етеді. Өзіңіз де білетін шығарсыз, Кино туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп талқылап жатқа­ны­мызға үш жыл болды. Бұл тал­қылау қанша уақытқа созылады, оны ешкім білмейді. Бірақ ми­нистрлік сол процедураны баста­ды. Қаржы министрлігіне хат жа­зып, өзгерістерді жою керек деп ұсыныс та енгізді. Сондықтан биыл жаңа байқау жарияланып отыр. Былтырғы байқауға қатыс­қан жобалар қайта ескерілуі тиіс. Өз басым бұл өзгерістерді қолдай­мын. Оның себебі уақытша құрыл­ған, бірреттік компанияларға тосқауыл бола алады. Қаржылық талаптарға сай болса, кез келген компания байқауға қатыса ала­ды. Тек қазақ контентін көбей­тіп, прайм-тайм уақытына қою мәсе­лесін шеше алсақ, өзге проб­ле­ма­ларды жеңуге болады», – дейді продюсер. Бұл мәселеге орай Ұлттық ки­ноны қолдау орталығына хабар­ласқан едік. Олар министрліктің 24 наурыздағы шешімін алдымызға кесе-көлденең тартты. «2021 жыл­ғы конкурстық іріктеу нәтижелерін қараусыз қалдыру туралы шешім Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы ведомствоаралық ко­миссияның отырысында қабыл­данды. Шешімнің негізгі себебі – бұл 2022 жылғы 14 қаңтарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерін қатаңдатуы. Атап айтқанда, жаңа ережелер жеткізушінің қаржылық тұрақтылық көрсеткішін қолда­нуды көздейді. Жаңашылдық ки­но­жобаларды қаржыландыруға ті­келей әсер етеді, өйткені бұл ша­ра іс жүзінде жеткілікті қаржы­лық резервтері жоқ жаңадан шық­қан киноөндірушілердің кон­курс­қа қатысуына қосымша кедергі жасайды. Осылайша, егер ведомство­ара­лық комиссия 2021 жылғы іріктеу нәтижелерін күшінде қалдырған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы жаңа қағидалар өлшем­шарт­тарына іріктелген жобалар­дың санаулы саны сәйкес келе алар еді. Қаржы көбеймейді, себебі әр жылға белгіленген өз бюджеті бар. Осы жылға 4,4 млрд теңге бөлініп отыр», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз қызметі. 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігі кино саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бөл­ген екен. Ал биыл 2 млрд-тан астам ақша бөлінеді деп жоспарланған. Көпшілік ең алдымен «Ұлы дала таңын» күтетіні анық. Күтетіндей-ақ себебі бар: өйткені Қасым хан жайында фильм түсіру мәселесі 2018 жылдан басталған еді. Тә­уелсіздіктің 30 жылдығына шығуы тиіс фильм биылға шегерілді. Одан бөлек, «Қазақфильм» киносту­дия­сының жоспарында тұрған қанша фильм өндіріске кетті, қанша фильм жарық көрді, 4 млрд теңгенің қаншасы жұмсалды, ол да белгісіз. «Қазақфильм» киностудиясы АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы «Ақын» (жа­қында экранға шықты), «Нам ну­жен доктор» (режиссері Равиль Тру­мов), «Ақтастағы Ахико» (ре­жиссері Эльдар Қапаров), «Ұлы дала таңы» (режиссері Ақан Са­таев) көркемфильмдері мен «Те­ңіздің оралуы» атты деректі фильм түсі­ріл­ген. Былтыр үлкен экранға жол тарт­қан «Барымташы» мен «Мұ­қа­ғали» – 2020 жылдың өнімі. Жыл бас­талғалы да 4 ай өтіп кетті, экран­ға шыққаны жалғыз «Ақын» ғана. Министрлік биыл өзгерістер енгізілді деп отыр, қандай өзге­ріс­тер болғанын жобалардан бай­қайтын боламыз. Ұлттық мә­де­ниет­ке қандай фильмдер қосы­ла­тынын да уақыт көрсетер. Күтейік!