Құр бақылаумен іс бітпейді
Құр бақылаумен іс бітпейді
443
оқылды
«Атырау–Астрахань» тасжолының мүшкіл халі өңір тұрғындарының бас ауруына айналғалы қашан? Ширек ғасырдан бері арысы Астра­ханьды айтпағанда, берісі облыс аумағындағы Құрманғазы, Исатай аудандарына жету үшін осы жолмен жүретін ағайынның арызын арқалап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Жалпы, «Атырау – Астрахань» тасжолы­ның құрылысы 2018 жылдың мамырында басталған болатын. Жолдың 60 шақырымын қайта қалпына келтіру үшін жұмыстары рес­публикалық бюджеттен қаржыландырылды. Әу баста жол төсеу жұмысы 2 жылға жоспар­ланған болатын. Сол қарқынмен «Атырау–Астрахань» жолының алғашқы кезеңі де сәтті жүзеге асырылды. Ал жобаның екіншісі ке­зе­ңі тұралап тұр. Тәуір басталған істің тұра­лауына алдымен пандемия өз кесірін тигізді. Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарын жобалау кезінде Семейдегі жол жобалау институты мамандарының қателік жібергені белгілі бол­ды. Осынау тосын жағдайлар болмағанда авто­бан 2021 жылы аяқталуы керек болған. Бұл күнде жаңа жолдың пайдалануға берілуін жылдар бойы сарыла күткен халықтың шы­дамы шегіне жетті. Атыраулықтардың жа­най­қайын құлақ ілмей келген жергілікті әкім­діктен бастап, өңірден сайланған Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттарының шара­сыз­дығын сынап, Мемлекет басшысына әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялап та жіберді. Жеті жүз мыңға жуық халықтың көкейінде жүргенін дөп басқан үндеудің Президентке жеткен-жетпегені белгісіз. Апта аралығында мұнайлы өлкедегі жыр­ға айналған құрылыстың барысын өз көзімен көруге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Оған облыстың жаңа әкімі Серік Шап­кенов пен жолға жауапты мекеме басшылары еріп, бір топ атқамінер «Атырау–Астрахань» автожолын реконструкциялау жұмыстарын тексерді. Исатай және Құрманғазы ауданда­ры­ның тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан тұрғындары тағы да жол мәселесін көтерді. Исатай ауданының тұрғыны Қуаныш Есмағанбетовтің айтуынша, жол құрылысы­ның ұзаққа созылуынан өңірдегі әлеуметтік мәселелер ушыға түскен. – 2018 жылы басталған жол құрылысы са­ғызша созылып кетті. Қазір жолдың шаңы­нан ауыл тұрғындары тұншығып отыр. Ауыр жүк машиналар жүріп өткенде шаңнан түк көрінбейді. Оның үстіне, шұрық тесік жол­дың шұңқырынан түспеймін деп талай көлік соғысып қалды. Өкінішке қарай, мұндай апат­тар кейде адам шығынымен аяқталып жа­тады. Министр келгенге дейін жол бо­йын­да ешқандай техника болған жоқ. «Тексеріс келеді» деген хабардан соң алашапқын бас­талды, – деді ол. Өз кезегінде аудан тұрғынының бұл уәжі ми­нистрдің көкейіне қонған сияқты. Себебі ведомство басшысы жол құрылысы алдағы уақытта қатаң бақылауда болатынын айтты. Министрлікпен бірге облыс әкімдігі құ­рылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын бақылауға алуға ниетті. Бұл жұмыстар облыс әкімінің орынбасары мен қоғамдық бақылау жүргізу институттарының назарында болмақ. – «Атырау–Астрахань» халықаралық жо­лы аймақтағы өзекті мәселе саналады. Ха­лық­аралық жолдың 833-853 шақырымдық учас­кесі 2 жыл бұрын пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін жолды толықтай пайда­ла­нуға беру жоспарда бар. Тұрғындардың өкпесі орынды. Олар айтқан кемшіліктерді біз өз көзімізбен көрдік. Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарын күнделікті қадағалап отырады. Және сол бойынша маған күнделікті есеп береді. Бұл жұмыстарға қоғамдық бақылауды да күшейткен жөн», – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов. Мәселе бақылау алумен шешілсе жақсы. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акцио­нерлік қоғамының төрағасы Мейірхат Қа­сым­баев шулы учаскедегі жұмыстың бойына қайта қан жүгіргенін айтады. Қызды-қыздымен басқарма төрағасы да жыр болған жолдың жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. – «Атырау–Астрахань»жолының құры­лысы жобалау кезінде кеткен біраз кемшілік кесірінен бір жарым жылдай тоқтап қалды. Жұмыс екі апта бұрын қайта жаңданды. Мер­дігерлер қажетті қаржымен толықтай қам­тылды. Құрылыс материалдары теміржол ар­қылы тасымалданып жатыр. Тас жеткізу мәселесі күрделі болған, оны да шештік. Қазір жол төсеу жұмыстарында 5 мердігер жұ­мыс істейді. Биыл жыл аяғына дейін авто­көліктер өтетіндей етіп жолды ашамыз. Ал келесі жылы халықаралық жолды толығымен аяқтаймыз, – дейді Мейірхат Қасымбаев. Осылайша, атқамінерлер бірінен соң бірі жыл соңына дейін сапасыз жоба мен жауап­сыз мердігердің кесірінен жылдан-жылға жал­ғас­қан жол «жырына» соңғы нүкте қойы­латынын айтты. Ал бұл жаңалықты жылдар бойы сарыла күткен көпшілік автобан то­лық­тай іске қосылмай құрғақ уәдеге сенбейтін сыңайлы.

Атырау облысы