Елдің экономикалық дамуында қоғамдық бақылаудың маңызы зор. Өйткені жергілікті жердегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, әкімдіктің, салалық ведомствоның жұмысына объективті баға беруде тәуелсіз құрылымдар ауадай қажет-ақ. Бүгінде дәл осындай мақсатпен 3 жыл бұрын құрылған қоғамдық кеңестердің мүшелері жаңарып жатыр. Әйтсе де, жергілікті әкімдіктер тәуелсіз бақылаушыларды уысынан шығарғысы келмейтіндей. Осыдан барып қоғамдық кеңес мүшелігіне іріктеу мәселесі кей өңірлерде дауға айналды.
Әкімдіктер әмірін жүргізгісі келеді
Қоғамдық кеңестер кезекті трансформациядан өтіп жатқанын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті де растады. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 200-ден астам қоғамдық кеңес өз құрамын жаңартқан. Комитет төрағасы Мадияр Қожахметов әкімдіктердің өкілдері түрлі тәсілмен араласып, кеңестердің жұмысына қалауынша «түзету» енгізгісі келетінін айтады.
«Мәселен, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарындағы қоғамдық кеңестердің құрамында мемлекеттік орган өкілдерінің саны көп. Оларда аудандық деңгейде азаматтық қоғам өкілдері ретінде ведомстволық бағынышты ұйымдардың қызметкерлері мүшелікке өткен. Біздің ойымызша, олар азаматтық қоғамның ұстанымын толық көлемде жеткізе алмайды. Бұл ретте аталған өңірлермен белсенді жұмыс жүргіземіз.
Керісінше, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Екібастұз қаласында қоғамдық кеңестерді қалыптастырудың жаңа форматтарын негізге алып, жаңарғанын көріп отырмыз. Онда кеңес құрамы толықтай азаматтық қоғам өкілдерінен жасақталған. Әрине, мұндай құраммен кеңес жергілікті атқарушы органдардың қызметін қатаң бақылайды», – дейді комитет төрағасы.
Жалпы, елімізде «Қоғамдық кеңестер туралы» заң 2016 жылы қабылданды. Аталған заңға былтыр өзгертулер енгізілді. Осылайша, қоғамдық институттың рөлі артты. Алайда қоғамдық кеңестерді жаңа форматта жасақтау ісінің соңы кей өңірлерде дауға ұласты. Мұның себебі жоғарыда Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы айтқандай, жергілікті биліктің азаматтық институттың қатаң бақылауынан бой тасалаудың амалы болса керек.
Депутаттар неге дау шығарды?
Сонымен, алғашқы болып Жамбыл облысындағы қоғамдық кеңес мүшелерін бекітуге жиналған облыстық мәслихат депутаттары ортақ келісімге келе алмады. Тіпті, 6 депутат наразылық ретінде жиын өтіп жатқан залдан шығып кетті. Аталған оқиғаға байланысты пікір білдірген облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қоғамдық кеңес мүшелерін іріктеуге қатысты дау жаңа талаптан басталғанын айтты. Мәслихат хатшысының айтуынша, өңірдегі қоғамдық қеңес құрамын жасақтау мақсатында конкурс өткен жылы жарияланып қойған екен. Көп ұзамай жұмыс тобы мәслихаттың сессиясына қоғамдық кеңестің жаңа құрамын да ұсынған. Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдық кеңеске қатысты көзқарас түбегейлі өзгеріп, Президент Әкімшілігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл институт мүшелерін іріктеуге қойылатын талапты күшейткен. Жаңа талапқа сай кеңестің құрамы 70-80 пайызға жаңаруы керек болған. Осылайша, қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы әзірлеген жаңа құрам қабылданбай, қайтадан конкурс жарияланған.
– Бұл конкурсқа 56 адам құжатын тапсырған. Жұмыс тобы осындағы 15 адамның кандидатурасын қоғамдық кеңес мүшелігіне лайық деп таныды. Қосымша 6 кандидат резервке алынды. Дау жұмыс тобы ұсынған кандидаттарға жеке-жеке дауыс беру рәсімінен басталды. Осы рәсім арқылы депутаттар кейбір үміткерлерге қатысты деректерді бетпе-бет отырып нақтылағысы келген. Үміткерлер тарапынан да жұмыс тобына наразылық болды. Сондықтан кеңес мүшелеріне жеке-жеке дауыс беруді дұрыс деп таныды. Ал мұны жұмыс тобында болған әріптестерім өздеріне сенімсіздік таныту ретінде қабылдап, сессия өтіп жатқан залдан шығып кетті, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Бұл орайда мәслихат хатшысы кеңес мүшесі болғысы келетіндердің арасында бас пайдасын көздейтіндердің болу мүмкіндігін жоққа шығармады. Кейінірек дәл осы мәселеге байланысты өткізілген брифинг кезінде де жергілікті журналистер қоғамдық кеңес мүшелігіне үміткерлердің арасында кәсіпкерлердің көптігіне баса назар аударған-ды.
Өткен апта басында дәл осындай дау Маңғыстау облысынан шықты. Мұнда да жаңадан іріктелген қоғамдық кеңес қайта жасақталмақ. Себебі облыстық мәслихат жұмысшы топ ұсынған кеңес мүшелерін бекітпей қойыпты. Облыстық мәслихаттағылар мұны жұмыс тобының тиісті заңнаманы көзге ілмегенімен байланыстырады. Нақтырақ айтқанда, жұмыс тобы аудандық қоғамдық кеңеске мүше үміткерді облыстық кеңестің де жұмысына тартпақшы болған. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы жұмыс тобының жетекшісіне 4 кандидатты қосу туралы «өтініш» жасағаны да белгілі болды. Қазір өңірдегі қоғамдық кеңесті жасақтау бойынша жұмыс тобы қайтадан құрылған. Облыстық мәслихаттың хатшысы Нури Тумышев туындаған мәселені шешу үшін «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін айтты. Қазір тиісті орындарға қосымшалар мен өзгертулер енгізу бойынша ұсынысхат әзірленіп жатқан көрінеді.
Кеңес мүшесіне дербестік қажет
Дәл қазіргі сәтте көпшілік арасында азаматтық қоғамның шеттен тыс белсенділігі турасында түрлі әңгіме айтылып жүр. Олардың кейбіреуі кеңес мүшелігіне құштарлықтың астарында әлдекімнің жеке бас пайдасы жатқан болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ал енді біреулер мұны жергілікті жердегі азаматтардың саяси белсенділігінің артуының көрінісі деп бағалайды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазыбек Майгельдинов қоғамдық кеңес мүшелеріне қатысты дау қолданыстағы заңға атүсті қараудан шыққанын алға тартады.
– Маңғыстау мен Жамбыл облысындағы дау-дамайда заңның кейбір нормаларының ескерілмеуі байқалып отыр. Мысалы, Маңғыстаудағы кезектен тыс қоғамдық кеңестерді құру жұмыс тобының жұмыс нәтижесін теріске шығарған мәслихат онда аудандық қоғамдық кеңес мүшесінің, облыстық қоғамдық кеңес мүшелігіне алынғанын айтқан. Алайда заңда республикалық қоғамдық кеңес мүшелеріне ғана екінші бір қоғамдық кеңес мүшелігінде болуға тыйым салынған. Ал жергілікті жердегі қоғамдық кеңестерде ондай шектеу жоқ. Жамбыл облысындағы жағдайдың нақты нүктесі қойылмады. Бірақ заңда жұмыс тобымен қоғамдық кеңес мүшелерінің кандидатуралары қарастырылатын жиынға облыс әкімінің қатысуын шектейтін норма жоқ. Дегенмен талқылауға өңір басшысының қатысуы жұмысшы топ мүшелеріне психологиялық қысым болады, – дейді саясаттанушы.
Қоғамдық кеңес құрамына белсенді азаматтарды тарту мақсатында олардың тиімділігін арттыруды көздейтіні түсінікті. Өйткені арнайы регламенттердің болмауынан кеңестердің бұған дейінгі құрамында мемлекеттік қызметкерлер көптеп тартылғаны белгілі болды. Ал мұндай құраммен тәуелсіз азаматтық бақылау жүргізу ақылға қонбайтын дүние. Әрі-беріден осы фактор халықтың қоғамдық кеңеске деген сенімін жоғалтуына себеп болады.
– Рас, бұған дейін қоғамдық кеңестерде регламенттердің болмауына байланысты әкімдікке бағынатын мемлекеттік органның қызметкерлерін қоғамдық кеңес мүшелігіне көптеп тарту фактілері тіркелген. Осыдан барып қоғамдық кеңестің тиімділігі туралы мәселе болған. Былтыр 2021 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Заңда қоғамдық кеңестің құрамындағы азаматтық қоғам өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлердің арақатынасы нақтыланды, – дейді Қазыбек Майгельдинов.
Қысқасы, қоғамдық кеңестер төңірегіндегі дау біздегі азаматтық институттарға қатысты түрлі көзқарас барын көрсетті. Сондықтан да азаматтар үлкен үміт артқан қоғамдық кеңес мүшелерінің дербестігіне баса мән беретін кез жеткендей.