70-тен 20-ға азайды
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жанат Мұхаметжанов 2015 жылы облыстық Тілдерді дамыту басқармасында жұмыс істеп жүрген кезінде облыс бойынша оқушылардың 70 пайызы қазақ мектебінде білім алғанын, жылдан-жылға қазақша оқитын балалардың саны азайып бара жатқанын айтып дабыл қағып жүр. «Қазір ауылдағы ағайынның басым бөлігі облыс орталығына немесе оның маңайындағы аудандарға көшіп келіп жатыр. Петропавлға атшаптырым жерде орналасқан Қызылжар ауданында екі-ақ қазақ мектебі бар. Қала маңындағы аудандарда қазақ мектебінің санын арттыру қажет. Оңтүстіктен көшіп келіп жатқан қандастарымызды шалғайдағы ауылдарға емес, мүмкін облыс орталығына қоныстандыру керек шығар? Бұл да болса тілімізді өркендетуге септігін тигізер еді. Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымда отырған көптеген басшы өз балаларын орысша мектепке беретінін естіп, жағамды ұстадым» деп налиды Жанат Мұхаметжанов. 2020 жылы Петропавл қаласында Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебі жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. 900 орындық білім ошағына сол маңайдағы аралас мектептердің қазақ сыныптарындағы оқушылары түгел ауыстырылды. Осы жайттың өзі балалардың бір-бірімен орысша сөйлесуіне ықпал еткен көрінеді. №6 орта мектептің директоры Айнагүл Есқалиева Петропавлда бір-біріне таяқ-тастам жерде орналасқан орыс мектептерін біріктіріп, босағанының орнына неге қазақ мектебін ашпасқа деген ұсыныс айтып отыр. Шынында да, Петропавлда №4 және №23, сондай-ақ №5 және №43 орта мектептер бір-біріне тиіп тұр. Ал қазақ мектептерінде орын тапшы. Күні кеше ашылған Қожаберген жырау атындағы жаңа мектептің өзінде қазір кабинет тапшылығы байқалады. 400 орынға шақталған Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында бүгінде 500 бала білім нәрінен сусындап жүр.Бастауыш сыныбы жоқ мектеп
Дәл осы гимназия-интернаты биыл 1-сыныпқа бала қабылдауды тоқтатпақ болды. Бұған Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы себеп болса керек. Себебі бұл дарынды балаларға арналған білім ошағы болғандықтан, 5-7-сыныптарға оқушылар іріктеу жолымен қабылдануы тиіс екен. Ал мұнда бастауыш сыныптар бар, демек бұйрық талаптарына сай келмейді, сөйтіп, шын мәнісінде дарынды балалар бұл мектепте оқу мүмкіндігінен қағылып отыр-мыс. Бұл жаңалықты естіген ата-аналар өре түрегеліп, наразылық білдірді. «Ата-аналарды ертерек ескерту керек еді. Бізбен ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Сондықтан бұл шешімге үзілді-кесілді қарсымыз. Мәселе жергілікті жерде шешілмесе, жоғары жақтан көмек сұраймыз» деген зейнеткер Үміт Сарыбаеваның сөзі басқа ата-аналар тарапынан да қолдау тапты. Бұл маңайда басқа қазақ мектебі жоқ. 19-шағынауданда орналасқан 1 100 орынға шақталған қазақ мектеп-гимназиясында қазір осынша бала білім алып жүр. Ата-аналар басқа мектептер алыс екенін алға тартады. Гимназия-интернат директоры Ержанат Бәкіров: «Балалардың дарындылығы тек 7-сыныптан бастап қана байқалады. Сондықтан көп мамандандырылған мектеп ұйымдарында қабылдау тек 7-сыныптардан жүреді. Назарбаев зияткерлік мектебі болсын, Білім-инновация лицейлері болсын, бұл басқа да мамандандырылған мектеп-интернаттары болсын, тек 7-сыныптан бастап қабылдайды» дей келе директор заңды белден баса алмайтынын айтты. Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев те осындай пікірде. Ол басқа өңірлердегі НЗМ-де бастауыш сыныптар ашылғанымен, кейін жабылғанын мысалға келтірді. Облыстық Білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова мамандандырылған мектептерге «5-7-сыныптардан қабылдау жүргізілсін» деген жаңа ереже шыққанын, соған сәйкес осындай мектептер енді өздерінің жарғыларын талапқа сәйкестендіретінін жеткізді. Ата-аналардың қарсылығынан кейін Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты биыл 1-сыныпқа бала қабылдайтын болып шешті. Бірақ келесі жылы бәрі бір жабылып тынбақ. «Біздің ата-аналардың байбалам салуының арқасында әрдайым қос стандарттар бойынша өмір сүретін шығармыз», – деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова. Облыстық Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков барлық ұсынысты қарастыруға дайын екенін жеткізді. Тіпті, қазақ тілінде білім беретін мектептерінің 1-сыныптары үшін ұзартылған күн тобын ашу туралы мәселе көтеріліп отыр. Онда орыстілді ата-аналардың балаларына үй тапсырмасын орындауға көмек көрсетілер еді. Бірақ Нәзір Азаматұлы бұл мәселе шешілмейтін болғанын айтты.Басқармалар біріне-бірі бағыттайды
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жанат Мұхаметжанов ата-аналардың бетін бері қарату үшін қазірден бастап балабақшаларға барып түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Тиісті жұмысты «Қазақ тілі» қоғамы мен «AMANAT» партиясы ның облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесімен бірлесіп жүргізетін болып келісті. Көпшілік бұл мәселеге Тілдерді дамыту басқармасы назар аударғанын қалайды. Алайда Тілдерді дамыту басқармасы соңғы кезде Мәдениет және архив ісі басқармасымен біріктірілген әрі мамандар саны екі есеге қысқартылған. Жанат Мұхаметжанов облыстық әкімдікке тілдер мәселесін мәдениет саласынан бөліп, жеке басқарма құру туралы хат жазған екен. Оның бұл ұсынысына «басқармаларды жылына екі рет қана қайта құруға болады» деген жауап алыпты. Оның біріншісі сәуір айында қаралған екен. Енді бұл мәселе жылдың соңына қарай қарастырылуы мүмкін. Жалпы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасындағылар бұл мәселемен Білім басқармасы айналысуы керек дейді. Ал білім басқармасындағылар ата-аналарға сілтейді. Ақыр аяғында ұлттық тәрбие мен білімнің уызына жарымаған ұрпақ өсіп келеді. Сол уызға жарымаған ұрпақ ертең ұлт қамын жей қояр ма екен?Солтүстік Қазақстан облысы