Алматыда сегізінші қабаттан құлап кеткен 4 жасар бала аман қалды
Алматыда сегізінші қабаттан құлап кеткен 4 жасар бала аман қалды
© massaget.kz
577
оқылды
Алматыда тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы терезеден құлап кеткен төрт жасар қыз аман қалды. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның 7 сәуірде болғанын хабарлады. Кішкентай қыз ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
"Қабылдау кезінде баланың жағдайы өте ауыр, өміріне қауіп төніп тұр деп бағаланды. Көпсалалы топ сауалнама жүргізді. Ауыр ілеспе жарақат, екі өкпенің жарылуы, жүрек пен мидың контузиясы, аяқ-қолдың көгеруі мен сынуы диагноздары қойылды. Екінші және үшінші дәрежелі постгеморрагиялық шок, үшінші дәрежелі травматикалық шок, жедел тыныс жетіспеушілігі, жедел жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі байқалды. Балаға жедел түрде ота жасалып, жарылған өкпесіне тігіс салынды", – дейді балалардың жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.
Бүлдіршін бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатты, кейін жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Ол 25 сәуірде ауруханадан шығарылды. Қыздың жағдайын мамандар күн сайын бақылап отырады. Дәрігер науқастың оңалту курсынан өтуі керектігін де айтты. Дәрігер Дінмұхамед Рузуддинов қыздың аман қалуын ғажайып деп атады.