Кеше «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: біріншісі – Балалар жылын өткізу және олардың әлеуметтік проблемаларын шешу. Екіншісі – «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру және жедел ден қою топтары жұмысын ұйымдастыру. Жиынды кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Зәкиева жүргізді.
Мемлекет басшысының ұсынысымен осы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Осыған орай жаңадан көктеп келе жатқан жас өскінге қамқор болу, түрлі кедергі-келеңсіздіктен қорғау мақсатында БҒМ вице-министрі Ғани Бейсембаевтың жетекшілігімен республикалық штаб құрылды. Оның өңірлік құрылымдары барлық аймақтарда жасақталды. Сондай-ақ «Балалар жылына» арналған жоспар жергілікті атқарушы билікпен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарылатын болды.
«Бекітілген жоспар 50 тармақтан тұрады, қазір оның 27-сі жүзеге асырылып жатыр. Биыл бірінші жартыжылдықта соның 10 тармағын, ал жыл соңына дейін 17 тармағын іске асыру көзделген. Бұл жоспарды орындау үшін бюджеттен 48,3 млрд теңге қарастырылды. Қаржының үштен екісі жергілікті бюджеттен жұмсалады»,– деді вице-министр Ғани Бейсембаев.
Қазір республикада 6 млн 300 мың бала болса, соның 3,5 миллионы мектеп оқушылары. Ел ішінде 780 өңірлік шығармашылық орталық жұмыс істейді. 816 мың бала спорттық шаралармен қамтылған, 61 мың бала еріктілер қызметімен айналысады.
«Былтыр «Бақытты отбасы» аясында отбасылар мен олардың балаларына қамқорлық көрсету мақсатында 6 059 шара ұйымдастырылды. Шешімі күрделі мәселелер бойынша Мәжіліске ұсыныстар жолданды. Оның кейбіреулері Парламенттің мақұлдауынан өтіп, қазір Президенттің қарауында жатыр. Одан бөлек, 2020-2022 жылдар аралығында 15 оңалту және 7 ерекше қажеттілігі бар балалардың дене ауытқушылығын бақылау үшін жедел әрекет ету орталығы ашылды. Биыл аутизммен ауыратын балаларға арнап жаңадан 8 орталық, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін 17 жедел ден қою тобын ашу жоспарланған»,– деп мәлім етті төраға Д.Зәкиева.
Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларға, әйелдерге және балаларға қол ұшын беру үшін «AMANAT» партиясы жанынан «111» шұғыл қызмет көрсету орталығы құрылды. Алайда әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Олардың бәрі кеңестің жұмыс жоспарына енгізіліп, кезең-кезеңмен қолға алынатын болды.
«Балалар жылына» арнап әр өңір шамамен 12-14 млрд теңге қарастырған. Мәселен, Қостанай облысында атаулы датаға орай 57 шара жоспарланып, оған 13,2 млрд теңге бөлінген. Алайда жоспарда көрсетілген слет, конкурс, спартакиада т.б жылда өткізіліп жатқан шаралар. Оны биылғы атаулы датаға арнап тыңнан ойлап табылған дүние деуге келмейді. Сондай-ақ балалар проблемасын тұтасымен жүйелі түрде шешкен абзал. Одан гөрі оқушыларды ыстық тамақпен қамту немесе барлық балалардың тегін жүріп-тұруын қамтамасыз ету немесе спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдарын жасап беру анағұрлым тиімдірек.
Ал Шығыс Қазақстан облысында балаларға арнап жоспарланған 73 шараға 9 млрд теңге бөліпті. Оның 25-і фестиваль, бірақ олар басқа шаралармен үйлестірілген. Сонымен бірге әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалған отбасы балаларын балабақшаға тегін орналастыру, қоғамдық көлікте тегін жүріп-тұру, 10 импульсивтік кабинет ашу, 11 спорт нысандарын салу сияқты ұтымды тұстары көп.
«Парламентте халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту кеңесі аясында көп жұмыс жүргізілді. Ең бірінші, ерекше мұқтаждығы бар балалардың мүгедектік тобы анықталды. Енді оларға мүгедектігіне қарай әртүрлі деңгейде жәрдемақы тағайындалатын болды. Мүгедек баланы бағушы адамға еңбек демалысын тағайындау, онымен бірге шипажайға жолдама беру бойынша заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев сөз кезегі келгенде.
Депутат жергілікті атқарушы органдардың балалар проблемасына қалдық принципімен қарайтынын бір түйреп өтті. Сондай-ақ республика бойынша бар-жоғы 5-7 пайыз баланың ғана жазғы лагермен қамтылатынына қынжылыс білдірді. Оны 3 есе көтеру керегін жеткізді.
«Бүгін мемлекеттен қолдау көрген бала ертең мемлекет үшін қызмет етеді. Оған ешқандай шүбәңіз болмасын. Егер бүгін мемлекет көмектеспесе, ертең ондай баланың мемлекет туралы көзқарасы басқаша қалыптасады. Қаңтар оқиғасындағы қайғылы жағдай осындай көзқарастағы жастардың қатысуымен болды, олардың көпшілігінің жұмысы, қаржысы жоқ, өмірі реттелмеген», – деп ойын түйіндеді ол.
Блогер Ахметова Жанна оқушы-лардың көптеген проблемасын айта келіп, негізінен мектептердің далада орналасқан әжетханаларын сынға алды.
«Біз 2019 жылы Таразда даладағы әжетханалар мәселесін көтердік. БҒМ әне-міне деп созбалақтатып жүргенде, мектеп әжетханасында қыз баланы қорлап кетті. Ал Алматы облысында даладағы барлық әжетханалар 2020 жылға дейін ғимараттың ішінде орналастырылады деген, бірақ олардың 10-15 ғана мектепке ауыстырылды да, кейін бұл науқан тоқтап қалды» , – дейді блогер.
Сондай-ақ БҒМ министрі А.Аймағамбетов 2021 жылдың қыркүйек айына дейін барлық өңірлердегі далада орналасқан әжетханалар алынады деп мәлімдеген болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл уәде жүзеге асырылған жоқ.
Сондай-ақ күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Бақытты отбасы» жобасы бойынша биыл 27 шара қарастырылған. Оның ішінде 15 өңірде балалар үйін жөндеу, 247 интернатты жаңғырту, Ақтөбе, Павлодар Қызылорда, ШҚО облыстарында Отбасы ісі жөнінде басқарма құру т.б. істер қолға алынатын болды.
«Былтыр жедел ден қою қызметі ұйымдастырылды. Оның құрамына әкімдіктің барлық қызметтері енді. Өкінішке қарай, бұл бағытта да кейбір облыстарда жүйелі жұмыс жүргізілмеген. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында ақпан айында әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалған отбасыларды аралағанымызда, 10 отбасының 9-ы өздерінің құқықтарын, мүмкіндіктерін білмейтіні белгілі болды. Олар «Жанұя» отбасыны қолдау орталығы бар екенін де білмеген. Біз әкімдікке осындай 110 отбасының тізімін бердік», – деді Д.Зәкиева.
Жалпы, Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері биылғы «Балалар жылының» өткізілуіне байланысты көп сын-ескертпе айты. Тіпті, жыл басталғалы 4 ай өтті, ол бойынша ауыз толтырып айтарлықтай тұшымды нәтиже жоқ. Жиында сөз сөйлегендердің көпшілігі «Балалар жылына» арналған шаралар толықтай сәтсіздікке ұшырады деген баға беріп отыр.
Жиналыс қорытындысы бойынша, кеңес мүшелері орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс жібереді.