«Балалар жылының» балаға пайдасы бар ма?

Балалар жылы

Балалар әлемі тым нәзік  әрі қорғансыз. Бала зұлымдыққа, зорлық-зомбылыққа, өзге бы­лыққа қарсы тұра алмайды, төл мүддесін қорғай алмайды. Сондықтан озық елдер балалардың құқығын қорғауды, әл-ауқатын жақсартуды жоғары міндет санайды. 31 желтоқсанда Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауында  Президент  Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. БҒМ-дегі ағайлар мен апайлар жылдың екінші айы түгесілуге таяғанда ғана бұл жылдың іс-шаралар жоспарының жобасын ұсынып отыр. Сарапшылар оның шикі екенін айтады.

Жылды даралайтын он бастама

Алдымен, «Балалар жылы» ая­сында қолға алынатын ізгі баста­малар мен ірі шараларға тоқталып өтсек. Әділін айту керек, Білім жә­не ғылым министрлігі әзірлеген «Бала­лар жылын өткізу жөніндегі іс-ша­ралар жоспарының жоба­сын­да» айтылғандай, биыл жас ұр­паққа бір емес, бірнеше жыл бойы қызмет ете­тін жобалар да қарастырылған екен.

Біріншіден, перспективті ауыл­­дарда, ауылдық аудан орта­лық­­­та­рында, қалаларда 908 ин­нова­циялық даму орталығын салу мәселесі пы­сықталады. Нақты шешім қарашаға дейін қабылдануы тиіс. Екіншіден, ауылдық аудан орталықтарында және қалаларда аз қамтылған отба­сылардың бала­лары үшін бұрынғы кеңестен қал­ған интернаттар орны­на, жаңа фор­маттағы 300 мектеп-пансионат салу жобалары әзірлен­бек. «Қазақ­стан халқына» қорынан арнайы мектептерді және мектеп-интер­нат­­тарды жарақтандыруға 7 млрд теңге бағытталады.

Үшіншіден, бала 1 жасқа тол­ған­ға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдема­қыны төлеу кезеңін қазіргі 1 жыл­дан – 1,5 жасқа дейін, оның мөл­шерін 1,5 есе арттыру жоспар­лан­ған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 214 млрд 745,2 млн тең­ге бөлінетін көрінеді. Ел Үкі­меті сәуірге қарай биылғы жыл бюд­жетін қайта қарайтын болады.

Төртіншіден, әр өңірдің өз «Аружан Саины» пайда болмақ: бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымын енгізу көзделіп отыр. Оларға жалақы төленбейді, 14 облыс пен 3 мегаполистің балалар омбудсмені қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олар облыс (республи­калық қала) әкімінің кеңесшісі және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары функцияларын атқарады.

Бесіншіден, қыркүйекке дейін мек­теп асханалары бейнебақылау каме­раларымен жарақтандырылуы тиіс, оқу­шыларға асханада қолма-қол ақ­шасыз, картамен есептесу мүмкіндігі кезең-кезеңмен енгізіледі.

Алтыншы, балаларға емханаларда барлық ауру, соның ішінде орфанды-си­рек дерттер бойынша берілетін дәрілер мен медбұйымдар тізімін кеңейту үшін 16,4 млрд теңге көзделеді. Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті бұйрықты қабылдау жүктеледі.

Жетінші, мүмкіндігі шектеулі ба­лаларға арналған бірыңғай цифрлық құжатты енгізу ұсынылған: ол негізгі және ілеспе реабилитациялық қызмет­тер­ді кешенді көрсетуге арналған элек­трон­ды сертификат түрінде болмақ. Осы арқылы ата-анасы, қамқоршылары жә­не дәрігерлер балаға қандай әлеумет­тік қолдау шараларына құқық берілгенін біледі.

Сегізінші, бас тартылған тастанды балалар үшін жеке жәрдемақы түрін енгізу мәселесі пысықталады.

Тоғы­зыншы, оқушылардың дербес білім, шығармашылық және спорттық же­тіс­тік­терін паш етудің жаңа тех­нология­сы – «Оқушының электронды портфо­лиосы», «Мектеп түлегінің портфо­лио­сы» жобасы енгізіледі. Ол «Ұлттық білім беру деректер қорында» (Nobd.iac.kz) жү­зеге асырылады, «Білім» модулі құры­лады. Оған 250 миллион теңге бөлінбек.

Оныншы, бұл жылдан, әрине ба­лалар студиялары ұтады. Мысалы, Balapan телеарнасында мультимедиялық және танымдық контент үлесін арттыру үшін бюджеттен 1 миллиард теңге бөлу ұсынылған. Бөлек қаржыға арнайы ме­диаөнімдер – телебағдарламалар, се­риал­дар, деректі фильмдер, вирусты ролик­тер, көркем мотиваторлар, гиф-суреттер жасалып, әлеуметтік желіде, мессенджерлерде таратылады.

Қызыққа емес, құқыққа мән беріледі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл қаулы жобасы ел Президентінің 2022 жылғы 19 қаң­тардағы «Балалар жылын жариялау туралы» №780 Жарлығының 2-тармағын орындау үшін әзірленгенін айтады.

– Құжаттың мақсаты – әртүрлі салада балалар үшін қауіпсіз, жайлы жағдай жасайтын шаралар қабылдау. Жоспарда балалардың сапалы білім алуға, толыққанды қосымша білім алуға және тәрбиелеуге, оның ішінде эко­логиялық, спорттық, шығармашылық және зияткерлік даму құқықтарын іске асыруға құқығы ілгерілетіледі. Қолайлы отбасында тәрбиеленуіне, отбасылық, адамгершілік-рухани құндылықтарды бойына сіңіруге құқығы іске асырыла­ды, – деді БҒМ басшысы.

Онда балалардың денсаулығын ны­ғайту, қорғау, мүгедек балалардың құ­қықтарын қорғау мәселелері қарасты­рылыпты. Сондай-ақ жетім, ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған бала­лар­дың мәселелері, балалар үшін инфра­құрылым құру және балалар индус­триясын дамыту мәселелері қамтылған.

Президент Үкіметке жылды ұран­датып, думандатып өткізудің қажеті жоғын ескерте келе, оны балалардың ден­саулығын сақтау, білім беру, әлеу­меттік қамсыздандыру салаларында нақ­ты шаралармен толықтыруды тап­сырды. Дегенмен шенеуніктер мере­келік іс-шаралардан бас тарта алмапты.

Маусымда «Жас құтқарушы» рес­пуб­ликалық слетін өткізу бюджетке – 10,7 млн теңгеге, медиа және ақпараттық сауат­тылық бойынша 5-11-сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» курсын әзірлеу – 15,9 млн, қарашада «Жылдың балалар омбудсмені» респуб­ликалық фестивалін өткізу – 20 млн, мектеп парламенттері көшбасшыла­рының республикалық слеті – 20 млн, қазанда оқушылар арасында «Сөз мер­ген» республикалық дебат турнирі – 46,3 млн, желтоқсанда «Жаңа Қа­зақ­станды бірге құрамыз!» атты бала­лардың әлеу­меттік бастамалары мен стартап­тарының рес­публикалық фестивалі – 53 млн, «Айбын» республикалық әскери-па­триот­тық жиыны 158,9 млн теңгеге түспек.

Екінші жартыжылдықта жас бло­герлер мен журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, волонтерлер, жол қозғалысы инспекторлары арасында өңірлік конкурстар өткізіледі. Astana Piano Passion республикалық жас пиа­нистер конкурсына – 124,9 млн, «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауына – 309,4 млн, «Мен спортты таңдаймын» спорттық-бұқаралық іс-шараларына 313,8 млн теңге бағытталады.

«Оқушының мәдени нормативі» атты республикалық мәдени-білім беру жобасы енгізіледі. Маусым айында, ка­никулда әр өңірде этнолингвистикалық балалар лагерьлері құрылады. Барлық мектепте қыркүйекте «білім алушы­лардың функционалды сауаттылығын дамыту бойынша тренажер» – тестілеу енгізіледі. Жобаны жүзеге асыру Назарбаев зияткерлік мектептеріне жүк­телген. Бұлардың бәріне респуб­ли­калық бюджетте қаражат қарасты­ры­лыпты.

Бала өмірі жақсарсын десек...

Әлеуметтанушы, ғалым Кәмила Омарова «Балалар жылын өткізу жө­ніндегі іс-шаралар жоспарының» жобасы жете ойластырылмаған деген пі­кірде. Басқаны айтпағанда, онда грам­ма­тикалық-стилистикалық қателер, жаңсақ аудармалар бар. Білім министр­лігі жазды деуге ұят. Мысалы, «Прези­дентская новогодняя елка 2023 года: видео поздравление Главы государства» деген іс-шара мемлекеттік тілге «2023 жылғы Президенттік жаңажылдық шырша: Елбасының бейне құттықтауы» деп аударылған. Осыған орай ақпарат құралдары: «биыл қазақ балаларын Елбасы құттықтайды» деп жазуда.

«Баланы еңбек, құқық, экономика, қылмысқа қарсы салаларда толыққанды қорғайтын пәрменді тетіктер түзілмей және оны қолданудың орнықты тә­жірибесі мен кемел жүйесі қалыптаспай, балалардың қорғалатыны туралы айту қиын. Билік блогерлердің қысымына шыдамай, отбасында жан түршігерлік зорлық пен қорлық көретін, тағдыр теперішін тартқан балаларды алып қоюға мүмкіндік беретін, бүкіл дамыған елдерде бар заңды да қабылдай алмады. Егер кейбір белсендіге сенсек, баланы аяусыз ұрып-соғу, оны ауыр жұмысқа жегу, оның өмірі мен оқуына қолайлы жағдай жасамау – бәрі-бәрі дәстүріміз көрінеді. Шынында, олай емес», – дейді К.Омарова.

Оның айтуынша, балалардың негізгі құқықтары «Қазақстандағы баланың құқықтары туралы» заңда бекітілген. Онда жасөскіндердің денсаулығын қорғау, даралығын, тұлғалық қасиеттерін сақтап, дамыту, лайықты өмір сүру, демалу, мемлекеттік көмек, жеке бос­тан­дығына, ар-абыройына қол сұққыз­бау, мүліктік құқығы мәселелері регла­мент­телген. Алайда оларды жүзеге асыра­тын тетіктер НҚА-лардың, яғни Үкімет қаулылары, әкімдердің шешім­дері, қағидалар деңгейінде жете пысық­талмағандықтан, мұның көбі сөз жүзінде қалады.

«Әлеуметтік зерттеулер көрсет­кен­дей, қазақстандық оқушылардың 66 пайызы буллингке душар болады, күн сайын содан зардап шегеді. Салдарынан 2020 жылы кәмелетке толмаған бала­лардың өз-өзін өлтіруінің 143 оқиғасы және 306 суицид талабы тіркелген, өткен жылдың бірінші жартысында 105 бала өзіне-өзі қол салып тынған, тағы 193-і соған талаптанған. 2021 жылы әлеу­меттік желі, мессенджерлерде кибербуллингтің 140 мың фактісі тір­келді. Бұған тосқауыл қоятын заңна­малық түзетулер әлі күнге іске қосылған жоқ. Мектептерді, сыныптарды бейне­бақылау жүйесімен жабдықтауға пе­дагогтер қарсы шығуда, прокуратураға дейін жазған. Бейнежазба интернетке кетіп қалады, сабақ өткізуге кедергі деп түрлі сылтау айтады. Шынында, көбі балаларды ұратынын жасырады», – деген пікірде сарапшы.

Балалар жылын өткізудің жоспа­рында бұл бағытта ешқандай шара қарас­тырылмаған. Сөз болып отырған жоспарда тек қыркүйекте «мектептерде бітістіру – медиация қызметтерін ен­гізу» қарастырылыпты.

Жалпы, балалар денсаулығына дүниеге келу кезінде-ақ нұқсан келуі мүмкін. Перзентханаларда дәрігерлердің тудыру кезінде баланың мойын омырт­қасы тайып кеткенін байқамаған жағдай көбейген. Содан бала тоқтаусыз жылап, күндіз-түні ұйықтамайды, тек кейінгі тексерулер ғана оның себептерін анық­тап жатады. Босандыру кезінде аку­шерлер жіберетін қателіктер аналардың сепсиске, ал балалардың сал ауруы секіл­ді кеселдерге ұшырауына соқтыра­ды. Қоғам белсендісі Татьяна Төлеу­ғалиева теріс резус-факторға ие аналарға перзентханаларда тиісті анти-резус Rho (D) иммуноглобулин («Резонатив») егілмейтінін, оның соңы әйелдердің келесі баласын көтере алмауына, түсік тастауына соқтыратынын айтып, мәселе көтеріп жүр. Іс ілгері жылжыр емес.

Аталған жоспарға тек «перзентха­налар мен МСАК ұйымдарын нәрес­телерге аудиологиялық және офтальмо­логиялық скринингтер жүргізуге ар­налған жабдықпен жарақтандыру» шарасы кіріп отыр.

Қазақстан Балалар құқықтары ту­ралы конвенцияны, қаптаған факульта­тивтік хаттамаларды ратификациялады. Алайда елде балалардың құқығы толық қорғалады, олар үшін лайықты өмір қам­тамасыз етілген деу әбестік. Мы­салы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 жел­тоқсандағы №944 бұйрығымен бекі­тілген «18 жасқа толмаған жұмыскер­лер­дің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімінде» балаларға 4,1 келіден ауыр заттарды көтеруге, тасуға және қозғалтуға тыйым салынған. Әйткенмен, ауылда үлкен флягамен су таситын да, малдарды күтіп-бағатын да, көмір-отынды түсіріп-таситын – балалар.

Әлгі тізімде тыйым салынғанына қарамастан, Үкімет ата-аналардың балаларды химиялық улы препараттар, пестицидтер себілетін мақтаны қолмен жинауға жегуіне тосқауыл қоя алмай келеді. Көрші елдің тәжірибесі қызық: мы­ның мамандарымен тізе қоса отырып, мониторинг, рейд жүргізіп, қатал шара­лар қабылдап, ақыры мақта жинауда бала­лар еңбегін пайдалануды тоқтатты! Салыстыру үшін айтсақ, өзбек елінде 2016 жылы оқушылардың 94 пайызына дейін мақтаның жиын-теріміне тар­тылатын еді.

Демек, Қазақстанға мерекелік іс-шаралар, слет-фестивальдер өткізу емес, балаларды әлеуметтік, құқықтық қорғаудың көпдеңгейлі, әр қырлы, жан-жақты, пәрменді жүйесін түзу әлдеқайда маңызды. Балаларға арналған инфра­құры­лымдарды дамыту да өзекті күйінде қалып отыр.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.