Жетекші партия – жаңғыру жолында
Жетекші партия – жаңғыру жолында
712
оқылды
Тәуелсіздіктің төл тартуы әрі туындысы ретінде көшбасшы партия Қазақстанмен бірге жаңғырып, елімізбен бірге қуаттануда. Ол осы жылдары жетекші күшке айналып қана қоймай, әрбір қазақстандықтың мүддесін білдіретін орган рөлін атқарып келеді. Партия елдіктің міндет-мұраттарын қоғамның қажеттіліктерімен қабыстырып, қатар ілгерілетеді. Ендеше оның атауында қазақ үшін қасиетті «аманат» ұғымының ұлықталуы – заңды. Бүгінде «AMANAT» партиясы жаңарудың жаңа белесіне көтеріліп отыр.

Саяси күреске сақадай-сай

Бұл тұрғыдан алғанда Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезі тарихта қалар оқиғаға айналды. Бұл съезде аса маңызды бірнеше жаңа­лық өмірге жолдама алды. Соның ішіндегі ең елеулісінің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия Төрағасы өкілеттігін доғаруы. Бұл шешімін Мемлекет басшысы алғаш «AMANAT» партиясының биылғы қаңтардағы съезінде жариялаған болатын. Сондай-ақ Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін де уақытша тоқтата тұрады. Қасым-Жомарт Кемелұлы партияның Төрағасы лауазымына Мәжіліс Төрағасы Ер­лан Қошановты ұсынып, оған ұйымдас­тыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді. Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын құптап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді. Ақпарат құралдарының өкілдері Ерлан Жақанұлынан «беделі зор, жауапкершілігі одан да орасан қос лауазымды қатар алып жүру қиын болмай ма?» деп сұрады. Е.Қоша­нов партияға төрағалық ету – Мемлекет басшысы және партияластар жүктеген үлкен сенім екеніне назар аудартты. «Бұл лауазым – қоғамдық жұмыс болып есептеледі. Ал Мәжіліс Төрағасы – сайланбалы қызмет. Бұл жерде ешқандай заңнамалық кедергі, құқықтық қайшылық жоқ. Екіншіден, бұл – әлемдік тәжірибе. Алдыңғы қатарлы елдерде сайлауда халықтың ең көп даусын жинаған партияның жетекшісі Парламент Төрағасы болып сайланып, осы екі лауазымды қатар алып жүреді. Партиямыздың негізгі стратегиялық бағыты өзгермейді. Ол – Президенттің бағдарын қолдау, реформаларын жүзеге асыруға атсалысу, сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Мұның бәрі – темірқазығымыз, негізгі бағытымыз! Біз одан ауытқымаймыз, берікпіз», – деді Ерлан Қошанов. Бірақ бұл партияның жаңғырмай, ескі қалыпта қатып қалатынын білдірмейді, пар­тия да кең ауқымды өзгерістерге ден қойды. «Қоғамның сұранысына, халықтың мұқ­­­таждығына қарай партия да жаңарып, жаңа талаптарға сәйкес бейімделеді. «AMANAT» партиясы – ел Президентінің қо­­ғамдық тірегі, тәуелсіздік пен тұрақ­ты­лық­тың бір тұғыры», – деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы. Журналистерді «Президенттің партия төра­ғалығынан бас тартуы «AMANAT»-ты әл­сіретпей ме?» деген сауал мазалады. Е.Қо­шанов­тың байламынша, бұл жағдай сая­си партиялар арасындағы бәсекелестікті кү­шейтеді, күрестің көрігі қызады. Бұл ел­дің болашағына, даму моделіне қатысты үз­дік ұсыныс-идеялардың, креативті бағ­дар­ламалардың сында шыңдалып, қызу пі­кірталаста пысықталып, алға озуына мүм­кіндік береді. Соның арқасында Қазақ­ста­нымыздың өркендеуіне серпін беріледі. «Жаңа Қазақстанда саяси монополияға орын жоқ. Біз сайлауда Парламенттегі депутаттық мандаттар үшін өзге партиялармен тең жағдайда күресуге тиіспіз. «AMANAT» саяси күреске сақадай-сай, дайын», – деді партияның жаңа Төрағасы. Саясаттағы сабақтастық сақталып, же­тек­ші партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұ­мыстарын жалғастыра береді.

Жаңа Қазақстанның қадамы «AMANAT»-тан басталды

Саясаттанушы, ғалым Зейін Сабыр­құлов көркемсөзбен түйіп, «тоғандағы тұйық судай бір орнында тұрып қалмай, тау­дың кәусар сулы өзеніндей үнемі алға арындаған абзал» деген пікірін білдірді. «Елдегі қоғамдық күштер көзге түсу үшін хайп-құмарлыққа салынып, арзымайтын арзан дүниелерге әуестеніп кеткені жа­­сырын емес. Немесе резонансты та­қырып­­­тарды талқылаумен ғана шектелетін дискуссиялық клубтарға айналды. Шешімдер емес, кілең шешендер алға озды. Бос сөз берекелі іс пен бақуатты болашаққа бастамайды. Олардың аясында даралану үшін «AMANAT» нақты істер партиясы қалыбын сақтағаны жөн. Біз сондай-ақ еңселі мемлекеттердің өркендеуінде дәл көшбасшы партия ілгері сүйреуші рөлін атқарғанын ұмытпауымыз керек. Егер елде кілең ұсақ партиялар ғана қалса, олар әр жаққа тартып, елдің тоз-тозын шығаруы, сөйтіп ел дамуы кенжелеп қалуы мүмкін. Мұны Латын Америкасы елдерінің, тіпті көрші Қырғыз Республикасының мысалынан көреміз. Ал ірі партиялардың елді дамытудағы оң ықпалын және жетекші рөлін АҚШ, Еуропа елдері, Жапония, Оң­түстік Корея, Қытай паш етті. Сондықтан «AMANAT» үшін алыптығын сақтап, елмен бірге жаңғыру, модернизациялану – өмірлік маңызды, ең көкейкесті мәселе», – дейді сарапшы. Сонда партия Жаңа Қазақстандағы әлеу­меттік-экономикалық және саяси ре­фор­маларды жүзеге асыруға сүбелі үлес қо­суға әлеуетті болады. Сондай-ақ сарап­шының байламынша, көшбасшы партия Президент ұсынған бастамалармен шектел­меуі керек: оның елді өрлетуге қатысты төл, дара «перспективті көзқарасы» (саясаттану­шы­лар тілінде – long-term vision of progress) бол­ғаны және партия өз күш-жігерін солар­ды да жүзеге асыруға бағыттағаны маңызды. Соның арқасында партия жеке «ақыл-ой орталығына» айналады, өзгелердің ойы­на кіріп-шықпаған тың идеяларды ұсынуға қабілетті болады.

Жаңа күштер партияны қуаттандырады

Партияның XXIII съезінің тарихта қа­лар­лық тағы бір жаңалығы – «Adal» партия­сының «АMANAT» партиясымен бірігуі. 2020 жылғы қарашаға дейін «Бірлік» атал­ған, кейін атауын өзгерткен бұл партия қол­даушыларының қалың тобына, саясат сах­насында төл орнына ие, халық білетін пар­тия. Ол 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Пар­ламент сайлауында 3,57% дауыс жинап, Мә­жіліске өтуге мүмкіндік беретін 5 пайыз­дық табалдырықтан аттауға шақ қалды. Санаулы емес, 258,6 мың сайлаушы «Adal»-ға дауыс берген. Сол сайлауда 5,1 миллионнан астам сайлаушы (71,09%) көшбасшы партияны таңдаған-тын. Ендеше көшбасшы партияға жаңа күш құйылды, қолдау­шы­ларының қатары қомақты түрде артты деу­ге болады. Сарапшылардың байламынша, «Adal» партиясының «АMANAT»-қа қосылуы Президенттің жаңа бағдары айналасында қоғамды одан ары біріктіруге ықпал етеді. Сондай-ақ лидер партияның электоралды базасын кеңейтеді, тың идеялармен, жігерлі мүшелермен толыға түсуіне түрткі болады. – Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – «Adal»-дың «АMANAT» партиясымен бірігу бастамасы – қолға алынған өзгерістердің жарқын көрі­нісі. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Осы орайда партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан «Adal» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «Adal» – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Сая­си бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның мәні айрықша зор, – деп түйді Президент. Партия қатарының жаңа мүшелермен толығуы партия ішіндегі бәсекені де күшейтеді, салмақты шешімдер мен бастамаларға, конструктивті сынға, бірлескен іс-қимылға бастары даусыз. Демек, бұл съезд партиядағы терең өзгерістерге алғышарттар түзді.

Партияның айрықша миссиясы бар

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісін бастап берді. Бұл жаңғыруды бірінші болып қолда­ған – «АMАNАT». Сөзбен шектелмей, ол ен­ді осы жүйелі өзгерістерді жүзеге асыруға бі­лек сыбана кірісіп те кетті. Мысалы, М­­әжі­лістегі «АMАNАT» фракциясы да, ауыл-аймақтағы партияластар да «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен, сарапшылармен ақылдасып, Президент ұсынған бастамаларды жаңа мазмұн-контентпен толықтыруда. Мемлекет басшысы айтқандай, «АMАNАT» ел аңсаған «әлеуметтік әділдік» қағидатын орнықтыруға баса мән береді. Ал ұлттық мұратқа келсек, мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті тұғырлы ету және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Қазіргі алмағайып кезеңде бұл мақсат-мұраттарға жету үшін көшбасшы партия да жаңғыра, заман талабына бейімделе білуі керек. Жаңа өмір шынайылығы таптаурын болған көне сүрлеумен өрлеудің мүмкін емесін көрсетті. Бүкіл әлемдік тәртіп күйреп, қайта құрылымдануда. Бұл жағдай Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алған, оны өз атауында әдіптеген «АMАNАT»-тан тегеу­рін­ді тірлік, үдемелі ұмтылыс пен пәрменді істер қажет. Қазақ елі жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басты. Саяси үдерістердің қарқыны да, мазмұны да өзгеше болады. Бұл – тәуелсіздік тарихындағы мүлдем жаңа белеске айналмақ.