Түркістан облысы Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Рүстем Наматуллаевтың аудандағы бірқатар мектепте мәдени іс-шара өткізетін акт залы жоқ деп шырылдап жүргеніне біраз уақыт болды. Депутат мұны «мәдениетке жасалған қастандық» екенін айтады. Бұл мәселені ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жиі көтеріп, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке де арнайы хат жазып, ұсыныс жолдаған. Алайда хат жолданған 6 айдан бері оған жауап жоқ. Шамасы бұл мәселені шешуге облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы аса ниетті емес сияқты. Олар мектептің сызбасына, сметалық-жобалық құжат әзірлеуге қатыспайтынын айтады. Тіпті, басқарма өңірдегі спортзалын сахнаға, сахнасын спортзалға айналдырып, амалдап жүрген мектептердің нақты санынан да хабарсыз болып шықты.
Ал мәселемен күнделікті бетпе-бет келіп жүрген мұғалімдердің үні шықпайды. Негізінен облыс аумағында соңғы жылдары пайдалануға берілген бірқатар мектептің акт залы жоқ. О баста жоба солай сызылған. Ал мәдени шара жиі өтетін оқу ордасында акт залының болмауы мектеп мұғалімдерінің жанына батып жүрсе де, осы уақытқа дейін ешкім бас көтеріп айта алмайды. Жетісай ауданындағы құрылыс саласын қадағалайтын мәслихат депутаты Рүстем Наматуллаев құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралағанда, осы мәселемен бетпе-бет келіпті. Басқаны былай қойғанда, 1 200 орындық №7 «Тұран» мектеп-гимназиясында акт залы салынбағаны түсініксіз. Жобалаушылар барлық талапқа сай типтік үлгідегі білім ұясын жоспарлағанда неге жалғыз акт залын қалдырып кетті екен? Үнемдеудің жөні осы екен деп, спортзалды акт залына айналдыруға болады деп жобалаған. Бүгінде жобалаушылардың осынау қисынға келмейтін сызбасынан ұстаздар да, оқушылар да зардап шегіп жүр.
Гимназия оқушыларының бұрынғы мектебінде де акт залы болмапты. Жаңа білім ұясы салына бастағаннан қуанған олардың мұнда келген соң қуанышы су сепкендей басылған. Жап-жаңа үлкен екі корпусты білім ошағында да мәдени шара өткізетін жердің жоқтығы балалардың көңіліне қаяу түсірген.
«Құрылыс жобасы бойынша спортзал мен акт залы үшін бір орын бекітіліпті. Яғни, мектепте іс-шара өтетін болса, спортзалды босатып береді екен. Іс-шара өтетін кезде баскетбол, футбол ойнайтын құрылғылар алынады да, сахнаның зілдей ауыр темір-терсектері кіргізіледі. Іс-шара біткен соң, олар қайта шығарылып, денешынықтыру пәні жалғасады. Спортзалдың бір бұрышында сахна тұр. Салмағы 2 тоннаға дейін тартатын ауыр темір-терсектері тағы бар. Әр іс-шара сайын оны құрастырып, біткен соң жинайды. Одан бөлек, орындықтарды тасиды. Мектеп басшыларынан «Сахнаның заттары мен орындықтарды кім тасиды? Оған арнайы штаттарыңыз бар ма?» десем жауап бере алмайды. Әрине, денешынықтыру пәнінің мұғалімдері мен оқушылар таситыны түсінікті. Сонда бұл қалай болғаны? Қашанға дейін балалар орындықтарды ары-бері тасып жүрмек? Мынадай әурешіліктен соң мектепте өтетін апталықтар, мерекелік іс-шаралар жиі өтеді дегенге мен сенбеймін. Ал мәдени ортаны жиі көріп өспеген балада өнерге деген қызығушылық та төмендейді. Мұны баланың мүмкіндігін шектеу деп түсінемін», – дейді депутат бізбен әңгімесінде.
Жалпы, ауданда соңғы 1-2 жылда салынған 5-6 мектеп дәл осындай жобамен жүзеге асқан. Депутат жобаның сызбасы жан-жақты терең талданбай асығыс жасалғанын айтады. «Сахна көрмей өскен балада өнер мен мәдениетке қызығушылық болмайды. Дәл осылай жалғаса берсе, 10-15 жылда ғасырдан-ғасырға мұра болып келе жатқан мәдениетіміз құрдымға кетеді» деп қынжылды ол. Аудандағы құрылыс бөліміне, құрылысты бақылау қызметіне де бұл мәселе бойынша сауал жолдағанымен, олардан «жоғары жақтан бекітіліп қойған» дегеннен басқа мардымды жауап ала алмаған.
Түркістан облысы