Мемлекет басшысы өзі төрағалық еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Ата Заңға өзгерістер енгізу үшін референдум өткізуді ұсынды. Осыған қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдірді.
Ерлан Тынымбайұлы референдум соңғы рет 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдау кезінде қолданылғанын айтты. Сонымен қатар оған енгізілген барлық төрт түзету тек Парламентте дауыс беру арқылы жүзеге асқанын да атап өтті.
«Алғаш рет конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл оның жалпыұлттық сипатын айқындайды. Алдағы конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырады, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтеді, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтеді. Бұл мемлекеттік модельдің жүйелік трансформациясы. Сондықтан референдум ескі модельден түпкілікті кету және саяси жүйені қайта бастау үшін қажет» – деді Ерлан Қарин.