Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Президенттің ҚХА кезекті сессиясында Конституцияға өзгеріс енгізу үшін референдум өткізу туралы ұсынысын жұртшылық қуана қолдап жатқанын айтты.
«Шынында да екінші конституцияны 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Содан бері 27 жыл уақыт өтіпті. Оған қаншама өзгертулер енгізілді. Еліміздің бұл бас заңы биліктің үш тармағының тепе-теңдігін тек қағаз жүзінде ұстап, ал іс жүзінде авторитарлық суперпрезидентік билік орнатты. Демократияның негізгі принциптері бұзылды. Қазір жағдай мүлдем бөлек. Президенттің басты ұстанымы халықтың үніне құлақ асатын бір-біріне тәуелсіз Атқарушы, Заң шығарушы және Сот билігін орнату. Бүкіл өркениетті елдердің ұстанымы осындай» - деді депутат.
Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға өзгерістер енгізу ұсынысы келешекте тарихи-саяси шешім болып қалады.